ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Қазақстан балуандары – «Еуразия Барысының» жеңімпазы

Қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің ақтық сынында Қазақстан және Моңғолия құрамалары кездесті. Финалда қазақстандықтар қонақ балуандарды 4:1 есебімен жеңді. Жүлделі үшінші орын орыс балуандарының қанжығасында кетті. 

Финалда екі команда арасындаы белдесу өте тартысты өтті. Кездесуді әдеттегідей 60 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар бастады. Онда ел намысын қорғаған Абзал Арыстанбеков моңғол балуаны Ганболд Херленді таза ұтса, 70 келідегі Ерлан Естек Санжаасурен Миярагшадан басым түсті.

Ал 80 келі Ерсін Мұхамеджанов Ган Тувшинжаргалмен тең дәрежеде белдескен соң, балуандар қоян-қолтық белдесуін өткізді. Онда Ерсін командасын 3:0 есебімен алға шығарды.

90 келі салмақтағы Мұхит Тұрсынов Серік Берлімұраттың арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Себебі, моңғол елінің намысын қорғаған Серік  өзіміздің қандасымыз. Алайда, Мұхит жұрт алдында жомарттық танытып, жеңісті Серік Бердімұратқа берді.

Ең қызықты белдесу аса ауыр салмақтағы балуандардың арасында өтті. Бозкілемге «Қазақстан Барысы-2012» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың қарсыласы Сугаржардал Болдпурев болды. Оның салмағы – 197 келі, бойы – 194 сантиметр. Білекті балуан Қазанда өткен Бүкіләлемдік Универсиаданың чемпионы атанған. Алайда, Бейбіт Ыстыбаев өзінің бабында екенін айқын аңғартып, моңғол алыбын таза ұтты.

Сонымен, «Еуразия барысы» халықаралық турниірінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды. «Еуразия барысы» жобасының жалпы жүлде қоры – 100 мың АҚШ долларын құраған.  

Бірінші орын алған Қазақстан құрама командасына 50 мың АҚШ доллары мен алтын тайқазан сыйға тартылса, екінші орынға қол жеткізген моңғол балуандары 30 мың АҚШ долларын қанжығаларына байлады. Ал жүлделі  3-орынға ие болған Ресей құрамасына 10 мың АҚШ доллары табыс етілді.

Сондай-ақ, 4-орын тәжік балуандарына бұйырды. Иран құрама командасы 5- орынға тұрақтаса, Түркия елінің балуандары 6-орынды иеленді. Ал Польша құрамасы 7-орынға қол жеткізсе, қытайлықтар 8-орынды қанағат тұтты. 

 

Жолдасбек Дуанабай («Айқын»)