ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Қазақ күресі

Тарих

Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы болып табылады. Қазақтардың жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі, жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде ат үстінде еркін отырудан бастап, садақ ату, күрес, жекпе-жек айла-тәсілдерін меңгеру ұл мен қызға бірдей қойылатын талап деңгейіне көтерілді.

Халқымыздың ұлан-байтақ аумақта орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдер салт-дәстүрлерінің ықпал етуі қазақ жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болды. Ертегі, аңыздарда, батырлар жырларында, тарихи және көркем шығармалар мен, археологиялық қазба деректерде күрестің бірнеше түрлері болғандығы туралы көптеген дәлелдер кездеседі.

Қазақ топырағында балуандық өнердің ежелден келе жатқанын мына бір тарихи оқиғадан айқын аңғаруға болады.
Осыдан 18 ғасыр бұрын 371-381 жылдар арасында ғұндар патшасы Баламбер (Атилланың алдындағы патша) өзінің жеңістері мен мемлекеттік шешімдерінен кейін үлкен той-жиын өткізіп, оның негізгі бір бөлігі ретінде ат жарыс, балуан күресі, садақ ату, найза лақтыру, аударыспақ, теңге алу, т.б. ойын түрлерін өткізген. Ал сол кездегі ғұндар тілімен осы ойын түрлері былай айтылған: Ээр-хүреш, Ат-хуреш, Ланса-хуреш, Шабарман-хүреш, Жебе-хүреш, т.б. Ээр – ер күшті мағынасында, Хүреш – балуан күресі мағынасын білдіреді. Біздің дәуірімізден 3 000 жыл бұрын салынған Бени-Гассан жеріндегі перғауынның табытындағы суреттерден Мысыр жауынгерлерінің ең маңызды жаттығуларының бірі күрес болғандығын көруге болады.

Көне грек жазушысы Эллиан (б.з.б. II-III ғасырлар) сақтардың әдет-ғұрыптары туралы жаза келіп, мынандай деректер келтіреді: «...егер сақ жігіті үйленгісі келсе, алдымен өзінің болашақ қалыңдығымен күресіп жеңуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жігіт сол қыздың қол астына күтуші құлы ретінде өтеді».

Қазіргі Орталық Мексика жерінде өмір сүрген (б.з.б. 909 жыл) Мая мәдениеті тарихында доп ойындарымен қатар жекпе-жек түрлерінің де жақсы дамығандығы белгілі. Осындай сайыстар кезінде адамдар күрес әдістерін кеңінен қолданып, арнайы киім киген.

Көне грек жазушысы Клавдий Элиан: «Сақ жігіті өзі ұнатқан қызға үйленгісі келсе, сол қызбен күресуге міндетті болған. Егер бұл белдесуде қыз жеңіске жетсе, онда жігіт соның қол астында қалып, бағынышты болады. Мықты, күшті жігіттердің ғана мерейі өсіп, билік жүргізген», - деп жазады. Ал, кіндік Азия елдерін шарлап, жиһангерлігімен аты шыққан итальян саяхатшысы Марко Поло да күрес өнері сақ елдерінде өркендеп өсіп, әскери-қолданбалы жаттығудың бір түріне айналғанын және жігіттермен бірге қыздардың да күреске түсетінін айтып, тарих шежіресіне тіркеген. Тағы бір саяхатшы, король Кастилий Генрих III-тің жіберген кісісі Рей Гонзалес Клавдихо өте-мөте құнды деректерді келтіреді. Ол даңқты қолбасшысы Темірдің сарайында ең күшті балуандардың белбеуден ұстап күрескенін тамашалайды. Бұл 1403-1406 жылдар аралығы екенін ескерсек, белбеуден ұстап күресудің ережесі әлдеқайда ертеден бастау алғанына көз жеткіуге болады. Темір әміршінің белбеуден ұстап күресуге қатты назар аударып, көз салып қарап отыруы туралы тың тарих жылнамасының мәні зор. Атақты, ауыр айқастарда жеңіске жеткен балуандарға алтыннан, күмістен, басқа да бағалы металлдардан жасалған сыйлықтар, тарту-таралғылар беріліп отырған. Тағы бір құнды жаңалық: атақты тарихшы Әбілқазы Бахадүрхан былай деп жазады: «Чурас деген бектің бірі айтты: «Осында бір күшті бар. Сол онымен күресіп көрсін. Егер ол оны жеңсе, мен мұсылман боламын. Моңғолдың күштісін алып келді. Шейх білекті түрінді. Әлгі балуан өте қарулы екен. Бірақ, Шейх оны кеуде тұсынан қатты ұрып еді, моңғол есінен танып құлап жатты... Әмір Чурас жағдайды көргеннен соң мұсылман дініне енді. Бұл күні 160 мың адам мұсылман дінін қабылдады. Содан бері Шағатай ұлысында ислам мемлекеттік дін болып жария етілді».

Діни-саяси мәнге ие болған күрестің құдіретін осыдан-ақ білуге болады. Ру, тайпа өкілдерінің даңқты балуандарын бүкіл қазақ білген.
Жылдар жылжып өтті, ғасырлар артта қалды. Содан бері қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып келеді. Тарихи жазбаларда балуандық өнер туралы деректер өте көп. I.Жансүгіровтың "Құлагер" поэмасы мен Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан" романындағы балуандардың айқастары халықтың бауырынан бастау алған өнердің мәңгілік екенін дәлелдейтін бір ғана мысал. Батырлар жырларына зер салсаңыздар халықтың жекпе-жек өнеріне асыл мұра ретінде қарағанына күмән келтірмейсіз. Академик, ғалым Әлкей Марғұлан «балуан» сөзін көне түркінің «блбл» сөзінен шыққандығын айта келіп, Орхон-Енисей жазуындағы «балбал» сөзі «кемпір тас» қазіргі уақыттағы «балуан», яғни күшті, мықты, алып ұғымын беретіндігін көрсетеді.

Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастады.
ХХ ғасырдың бас кезіне дейін балуандар салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшеліктеріне қарай күрескен. Ол уақытта «итжығыс», «бас аттау» сияқты тәртіптер болған.
«Итжығыс» - екі балуанның күресуі кезінде болатын жағдай. Екі балуан бір-бірін жеңе алмаған жағдайда «итжығыс» болды деп күресті тоқтатқан немесе балуандардың екеуі де бір мезгілде жерге құлаған жағдайда «итжығыс» деп, балуандарды қайта күрестірген.
«Бастан аттау» қазақ халқының көне ырымдарының бірі. Негізгі мағынасы – бір адамның екінші адамның басынан аттауы арқылы «күш» алу. Бұл түсінік бойынша жеңілген адамның «күші» жеңген адамға өтеді. Күресу кезінде жеңген балуан жығылған балуанның басынан аттаса жеңімпаз атанған.

1928 жылға дейін қазақ күресіне арналған бірыңғай ереже болған жоқ. Сондықтан күреске шыққан балуандардың жас ерекшеліктері, салмақ дәрежелері ескерілмеді. Балуандар күресі алдын ала өзара ауызша келіскен шарт бойынша өткізілді.

Әр аймақта күрестің өзіндік ережелері болған. Күрес киімі әр өңірдің дәстүріне сәйкес ойластырылып, киілетін болған. Қандай ережемен белдесетіндерін балуандардың өзара келісімдері бойынша шешіліп отырған. Сондай-ақ, күресудің әдістерін балуандар өзара ақылдаса отырып, алдын-ала айтып отырған. Халық арасында ауыздан ауызға жеткен күрес ережелерін қатаң түрде сақтауға тырысқан. Сол заманда ең мықтыны атайтын «түйе балуан, өгіз балуан» сөзі бүгінгі күнге дейін айтылып жүр.

Қазіргі қазақ күресі

Тұңғыш рет қазақ күресі 1938 жылы Алматыда өткізілген колхозшылардың республикалық спартакиадасының бағдарламасына енгізілді.  Ұлттық күрестен сайысқа түсушілердің қарасы көп болғандықтан, оларды үш топқа бөліп тастады. Жеңіл салмақтағылар – 65 келіге дейінгі, орта салмақтағылар – 76 келіге дейінгі, аса ауыр салмақтағылар – 76 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті.

Бұл спартакиадада Семей облысының балуандары: С.Адасқанов, К.Алтыбасаров және И.Түменов республика жеңімпаздары атанды.
Бұл спартакиада Ел мықтыларының есімін көпке танытумен бірге, ұлттық күрес өнерінің өрісін кеңейтуге жол ашты.
Кезекті екінші спартакиада 1939 жылы Семей қаласында жалғасты. Бұл жолы жанкүйер қауым боз кілем үстінде тағы бір таланттардың шоғырына куә болды. Жеңіл салмақта - Құрманбаев /Алматы облысы/, орта салмақта - Досқалиев /Батыс Қазақстан облысы/, ауыр салмақта - Мусин /Павлодар облысы/ қарсыластарын түгелдей тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл осы жарыста «түйе палуан» атағы үшін сын өткізіліп, онда Батыс Қазақстан облысының өкілі Досқалиев жеңіске жетті.

Дәстүрлі қазақ күресінің өрісін кеңейтіп, балуандардың тәжірибесін халық мұратына жаратуға 1940 жылы жақсы мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерекесі құрметіне арналған біріншілікке қатысушылар енді бес салмақ дәрежесі бойынша күрес кілеміне шықты. Жеңіл салмақта – Байдәулетов, жартылай жеңіл салмақта - Құрманбаев, орта салмақта - Төлегенов, жартылай орта салмақта - Мақманов, ал ауыр салмақта - Жұмабаев бас жүлдеге ие болды. 1955 жылы салмақ дережесі сегізге дейін көбейтіліп, қазақ күресі бойынша жарыстың жалпы ережесі бекітіліп, жарыққа шықты. Бұл іске қамқорлықпен қарап, ұйтқы болған Мұзафар Рақымқұлов есімі жанкүйерлердің жадында сақталатыны даусыз.

1952 жылы Түрікменстанның астанасы - Ашхабадта Орта Азия мен Қазақстан Республикасы спортшылары арасындағы спартакиада ойындарының бағдарламасына ұлттық күрес те енгізілген еді. Бұл жерде бес елдің білікті мамандары өзара ақылдасып, ұлттық күрестің негізгі ережесі етіп қазақ күресі тәсілдерін алуға келісті. Өйткені, қазақ күресінің ережелері классикалық күрестердің табиғатына жақын әрі оның болашағы зор екендігі анық еді.
Күткендей-ақ, бұл дүрмекті, аса тартысты күрес бәсекесінде қазақстандықтар табысты болды. Жеңіл салмақта семейлік К. Бибатыров, орта және жартылай ауыр салмақтарда қарағандылықтар Күлен Бәкіжанов пен Әлімшайх Селімбаев үздік шықты.

1959 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының екінші жазғы спартакиадасын өткізу кезінде ұлттық спорттық күрес түрлері бойынша бапкерлер мен мамандардың Бүкілодақтық бас қосу семинар-жиыны болды. Негізінен онда жарыс ережесін түпкілікті екшеп, хаттау мәселесі қаралды. Мамандардың талқылау барысында қазақ күресімен бірге грузиннің «чидаоба», молдаванның «трынта» күресінің ережелері аса жоғары бағаға ие болды. Одан соң қарағандылық балуандар Ж.Тәтиев пен С.Аманжолов спартакиадаға жиналған қалың жұртшылықтың алдында қазақ күресінің әдіс-амалдарын асқан шеберлікпен көрсетіп, қошеметке бөленді. Бұған дейін 1949 және 1953 жылдары да Қазақстанның біріншілігі болып жатқан тұста республикамыздың беделді мамандары қазақ күресінің ережесін жетілдіріп, пысықтау мәслихатын өткізді.

Қазақ күресінің басты ерекшелігі: табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан алуға болмайды. Қазақ күресінің ауқымы, көкжиегі өте кең. Қазақ күресін жетік меңгерген адам өзге халықтардың күресін еркін меңгеріп кетеді. Кейбір әдістер күрестің классикалық түрлеріне сай келетінін айта кеткен дұрыс. Қазақ күресінің ең бір ерекше тұсы мұнда төрттағандату (партер) жоқ.
Әрине, осындай ғажап күресі бар қазақтан әлем мойындаған даңқты балуандардың (Ә. Айханов, Ж. Үшкемпіров, Д. Тұрлыханов т.б.) шығуы заңды құбылыс.

Бүгінгі таңда қазақ күресінен үш Әлем, екі Еуропа, алты Азия біріншіліктері болып өтті. Төл күресімізден тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем додасы 2006 жылы Алматы қаласында жалауын көтерсе, екінші Әлем біріншілігі Ресейдің Орск қаласында өтті, үшінші Әлем біріншілігі 2010 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында жалауын көтерді. Ал, Еуропа Біріншілігі 2007 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өтті. I Азия біріншілігінің тұсауы тұңғыш рет 2005 жылы Ресейдің Алтай республикасындағы Қосағаш елді мекенінде кесілді. II Азия біріншілігі 2006 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, III Азия біріншілігі 2007 жылы Қазақстанның Қарағанды облысындағы Қ.Сәтпаев қаласында, IV Азия Біріншілігі 2008 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата каласында, V Азия біріншілігі 2009 жылы Қазақстанның Қызылорда қаласында, VI Азия біріншілігі 2010 жылы Қазақстанның Өскемен қаласында, 2011 жылы VII Азия біріншілігі және І Әлем Кубогы Индияның Пуна қаласында, Жастар арасында І Азия біріншілігі мен І Әлем чемпионаты Иранның Машад қаласында болып өтті.

Қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі – кемел, болашағы жарқын.

Серіктес

Серіктес

STADA Arzneimittel AG тобы

Демеуші

Демеуші

Алғашқы ауыз суы A’SU (RG Brands, Қазақстан)

Ресми демеуші (автокөлік)

Ресми демеуші (автокөлік)

Астана Моторс «Hyundai» сауда белгісімен

Бас
Демеуші

Бас Демеуші

АҚ «ҰӘҚ «Самұрық-Қазына»

Демеуші

Демеуші

АҚ «SAT & Company»

Демеуші

Демеуші

Wellness-club «LUXOR»

Серіктес

Серіктес

АҚ «Казахтелеком»

Серіктес

Серіктес

Холдинг «BI Group»

Демеуші

Демеуші

«Sulpak» компаниясы

1 2 3 4 5 6 7 8 9
АҚПАРАТТЫҚ ҚОЛДАУШЫЛАР
Ұйымдастырушылар