ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Арман Шораев: Ұлттық идеяға айналдырамыз!

Сәрсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақ үйінде «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған алқалы жиыннан кейін біз «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық Кеңесінің төрағасы, республикалық қазақ күресі федерациясының президенті, белгілі журналист Арман Шораевпен аз-кем сұхбаттастық.

Арман аға, Сізді республикалық федерацияның тізгінін қолыңызға алуыңызбен құттықтаймыз! Бұл жиынның мұрат-мақсаты орындалды ма? Алдағы уақытта қазақ күресінде қандай өзгерістер болады?

 Әрине, көнеден келе жатқан ұлттық күресімізге оң өзгерістер енгізуіміз керек. Біздің мақсатымыз – ұлттық күресімізді бұқаралық спортқа айналдырып, бүкіл әлемге таныту үшін ақты – ақ, қараны – қара деп айту. Кейбір тұстарда кемшіліктеріміз болса, оны түзетуге тиіспіз. Меніңше, алдағы уақытта жалпы ережелерге өзгерістер енгізуге тура келеді. Өйткені, қатып қалған ештеңе жоқ! Спорттың бұл түрімен айналысу 5 жасар балаға да, 25 жастағы ер жігітке де оңай болуы тиіс. Боз кілемдегі бәсекеге қазылық ететін төрешілер де әділдіктен жаңылмауы тиіс. Бұл футбол емес қой. Оң өзгерістер енгізсек, одан қазақ күресі де, балуандар да ұтады. Яғни, ісіміз алға басады.

Төрешілерге қатысты қандай өзгерістер болады? Айтпақшы, биылғы «Қазақстан барысында» даудың басы да сол төрешілерден басталып еді ғой.

Өздеріңіз білесіздер, бұрын мен тек ұйымдастыру жұмыстарына ғана араласатынмын. Енді республикалық қазақ күресі федерациясының тізгінін қолыма алып жатырмын. Сондықтан, төрешілерге қатысты мәселе де менің мойнымда. Шындығына келсек, төрешілерге тәжірибелік семинарлар жетіспей жатыр. Алдағы кезеңде оларды айына кем дегенде 3 рет жинап, семинар өткізіп, соңынан емтихан қабылдаймыз. Сол сынақтың нәтижесінде олардың санаттарын белгілейміз. Мысалы, біз биылғы жарыста әр облыстан бір-бір төрешіден аламыз деп ойладық. Алайда, кейбір облыстарда қазақ күресі өте жақсы дамыған, ал кейбірінде енді қалыптасып келеді. Төрешілерге қатысты жағдай да солай. Олардың біліктілігі, сапасы салыстыруға келмейді. Қысқасы, бұл мәселені оң шешуге тырысамыз. Ең бастысы, әр облыстан бір-бір төреші алу керек деген қағида болмау керек. Біз олардың арасынан ең мықты, ар-ожданды дегендерін іріктеп аламыз. Бүгінгі жиында маған «Әрбір төрешіге бір-бір радиомикрофон беру керек» деген ұсыныс қатты ұнады. Себебі, боз кілемнің үстінде төрелік етіп жүрген адам «Бүк» десе, оның даусын тек белдесіп жүрген балуандар ғана емес, сол жердегі күллі көрермен естиді. Егер де өткендегі «Қазақстан Барысында» төрешінің берген командаларын балуандар ғана емес, «Сарыарқа» велотрегіндегі күллі көрермен естігенде әлгіндей жанжал болмаушы еді.

Үзілісте осы жиынға қатысушылардың бірі: «Қазақ күресінің өз әнұраны болуы керек» деген пікірін айтты. Бұған қалай қарайсыз?

 Қазақ күресінің әнұраны бар. шығарылған өлеңдер де көп. Ұлттық күресімізді ән арқылы насихаттауды қолдаймын. Бірақ, әрбір жарыстың алдында еліміздің әнұраны шырқалады. Менің ойымша, Қазақстанның әнұранына жететіндей, онымен таласатындай ешқандай ән жоқ! Күрестікі болсын, басқасы болсын... Сондықтан, біздің асқақ та айбынды әнұранымыз әрбір балуанның рухын көтеріп, жеңіске жетелейтіні айдан анық!

Төлен Тілеубай, «Жас қазақ»