ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

«Қазақстан барысы» «Еуразия барысына» айналмақ

   Қазақ күресін алда биік асулар күтіп тұр. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Қазақстан Барысы» турнирінің ауқымы кеңейіп, халықаралық дәреже деңгейіне көтерілмек. Қатарынан үш мәрте өткен алыптар айқасы елдің қызығушылығын арттырып, қатысуға ниет білдіргендер санын арттырған болатын. Енді бұл бәсеке «Еуразия Барысы» болып ұйымдастырылатын да түрі бар.

   2011 жылдан бастау алған «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бүгінде бәсі биік. Әр өңірден іріктеліп шыққан балуандардың Астана төріндегі белдесуін жылда жанкүйерлер асыға күтетін болғаны да рас. Тарихы тереңнен бастау алатын ұлттық спортты ұлықтауда бұл таптырмайтын шара болғанын мойындауымыз керек.

   Осыған орай Астанада алғаш рет «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның жалауы желбіреді. Қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораевтың игі бастамасымен қолға алынған «Қазақстан Барысы» турнирінен кейін мұндай шараны өткізу ұлттық спорттың ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді деп күтілуде. 

 Қазір қазақ күресінен өтіп жүрген турнирдің деңгейінің биік екенін күллі жұрт мойындайды. Тіпті жарысты тікелей эфирден көрсетуге ниет білдірген елдер саны жеткілікті. Мәселен, биыл Ресейдің «Боец» арнасы бұл жобаны қос қолдап құптап, тікелей эфирден әлемнің 35 елі тамашаласа, Грузия мен Украинаның спорт арналары да көрсетуге құлықты болды.

 Ал келер жылы «Қазақ Барысы»  жобасын көрсетуге мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт Америка телеарналарының өзі ниет білдіріп отыр. Бұл қазақ күресін әлемге танытып, насихаттау үшін кездесе бермейтін мүмкіндік.

  Айта кететіні, биылғы қазақ күресінің дәстүрлі турнирінде балуандардың боз кілемде өзін ұстау мәдениеті, төрешілердің тура шешімді екі рет шығаруы тәрізді келеңсіз жайттардың орын алғаны белгілі. Бұл балуандардан бөлек, жанкүйерлердің көңіл күйіне кері әсерін тигізгені анық. Күрес ережелері мен әдіс-тәсілдеріне қатысты әлі де шешілмеген түйткілді мәселелер барын аңғартады.

   Дегенмен осы мәселеге қатысты Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ойы бөлек. «Қазақ күресінің маманы емеспін. Бірақ біз өткен сын барысында халықтың ықыласынан аса алмайтын болып, соны істеуге тиіс болдық. Ал төрешілер біздің айтқанымызды орындады. Рас, негізінде олай істемеуі тиіс еді.

     Кейін жанкүйерлер тарапынан осыған қатысты көптеген сауалдар түсіп жатты. Ол жерде төрешілер қателесті деуге болмайды», – деген тұңғыш Олимпиада чемпионы алдағы уақытта мұндай кемшіліктер қайталанбайды дегенді алға тартып отыр.

 Айтпақшы, кешегі алқа отырысында Арман Шораев қазақ күресі федерациясының президенті болып сайланды. Алдағы бес жыл бойы Арман Төлегенұлы  қазақ күресінің дамуына атсалысып, барын салып жұмыс істеуге ант берді.

Қазақ күресі Универсиадаға енуі мүмкін

  Қазір қазақ күресін халықаралық деңгейге шығару Арман Шораев басқаратын федерацияның басты жұмысы болып табылады. Одан бөлек, президенттік «Астана» спорт клубының жобаны қанатының астына алуы ұлт спортындағы осы «жүрістің» шоқтығын одан әрі биіктете түсті.

  Халықаралық сын демекші, осыған дейін қазақ күресінен үш рет әлем чемпионаты, бір Еуропа чемпионаты, тоғыз Азия біріншілігі және екі мәрте әлем кубогының жалауы желбірепті. Яғни дүниенің тең жартысына жуығы қазақтың ұлттық спорт түрін мойындап та қалған. 

 Бүгінде еліміз бойынша күрестің бұл түрімен 81 774 адам шұғылданатын болса, штаттық жаттықтырушылардың саны небәрі 371 адамнан аспайды. Осыны күшейтуге күш салатындар бар. Ал алдағы жоспарға келсек, 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиадаға қазақ күресін енгізу үшін жұмыстар жасалып жатыр.

Сондай-ақ 7 желтоқсанда Таразда бәсі биік жарыстың алауы тұтанғалы тұр. Ол «Еуразия Барысы» атты халықаралық турнирмен айдарланатын болыпты. Аты айтып тұрғандай, бұл сынға әлемнің әр қиырынан қазақ күресінің шеберлері келеді деп күтілуде.

    Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің айтуынша, «насихатты күшейте отырып, болашақта Азия ойындарының бағдарламасына ұлттық спортымызды енгізсек, біз үшін айтылу жетістік болмақ». Сонымен қатар Олимпиада ойындарына қазақ күресін енгізу федерацияның ең негізгі жұмысы. 

Астанадағы алқалы отырысқа қайта оралсақ. Күрес, оның ішінде қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын қатысушылар арасында Кония Нежметтин-Ербакан (Түркия) университетінің магистранты Асқар Құмар бірқатар ұсыныстар жасады.

    Қазақ күресінің дамуына қатысты зерттеумен жұмыстарымен айналысып жүрген ол «балуандар ғана емес, көптеген спортшылар білім алуға құлықты емес» дейді. Шындығында, көп уақытын спорт залдарында өткізетін оларға оқу аса қажет емес болып тұрғаны жасырын емес. Алайда «оларды жаттықтыра жүріп оқыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы патриоттық тәрбие беру қажет» деп есептейді Асқар Құмар

       Бүгінде жұрт Балуан Шолақ пен Қажымұқанды ғана балуан деп біледі. Одан өзге есімі ұмытылып бара жатқан баһадүр бабаларымыз жоқ емес. Сондықтан шұғыл түрде балуандар энциклопедиясын жасау да қажет.

 

Анықтама

 Қазақ күресінің секциясы алғаш рет бапкер П.Матущактың ұйытқы болуымен 1970 жылы Алматыда Дене шынықтыру институтында ашылған. Ал қазақ күресінен спорт шебері атағы алғаш 12 адамға ғана берілген. 1991 жылы Павлодарда өткен құрылтайда қазақ күресі федерациясының президенті сайланды.

 

Жанкелді ҚАРЖАН,

«Алаш айнасы» газеті