ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Айбек Нұғымаров - "Қазақстан Барысы"!

 2013 жылдың 30 маусымы күні Ұлт Көшбасшысы  - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы - 2013» республикалық  турнирі аяқталды! Еліміздің ең үздік 32 балуаны бақ сынаған финалда  Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған  Айбек Нұғымаров топ жарды!

4 айға созылған іріктеу кезеңдері  артта қалып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 32  балуан «Қазақстан Барысы» додасының финалдық бәсекесінде күш сынасты.   Олар іріктеу бәсекелеріне қатысқан 100 мыңнан аса балуандардың ішінен топ жарып шыққан болатын.  Аса тартысты өткен белдесулерде салмағы үлкен балуандар мен жеңіл салмақты жігіттер тең дәрежеде айқасты.

Жылдың айтулы спорттық оқиғасы – «Қазақстан Барысының» финалында өз балуандарына қолдау көрсету үшін «Сарыарқа» велотрегіне 10 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Одан бөлек,  «Қазақстан», «КТК», «Боец», «GMG» телеарналарының тікелей эфирінен батылар бәсекесін тамашалаған көрермендер санында шек жоқ. Сонымен қатар, «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық  айқасын тамашалау үшін  Моңғолия, Ресей, Грузия мемлекеттерінен құрметті қонақтар да ат басын бұрды.

7 сағатқа созылған финалдық сынның ақтық айқасында Шығыс Қазақстан облысының өкілі, «Қазақстан Барысы - 2012» турнирінің қола жүлдегері Айбек  Нұғымаров пен қарағандылық балуан, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Ержан Шынкеев кездесті. Тартысты өткен белдесуде қарсыласына амал қалдырмай, таза жеңіске жеткен Айбек Нұғымаров «Қазақстан Барысы» атанды!

Қола белбеуді  Оңтүстік Қазақстан облысының үкіліген үміті, турнирдегі ең салмағы ауыр балуан Жұманазар Ерсұлтанов иеленді.

Турнир жеңімпазы Айбек Нұғымаровқа «Қазақстан Барысы» турнирінің бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықтың сертификатын табыс етті. «Қазақстан Барысы» турнирінің демеушісі «Аstana Motors» қазақ мотор компаниясы жеңімпаз балуанға қымбат автокөліктің кілтін табыстады. Одан бөлек, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры дайындаған «Алтын белбеу» мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» та турнир жеңімпазы Айбек Нұғымаровқа бұйырды. Айбектің барыс атануына бірден бір себепкер болған бапкері Серік Қоржыкеновке 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықтың сертификаты табыс етілді.

«Қазақстан Барысы - 2013» турнирінің күміс жүлдегері -  Қарағанды облысының балуаны Ержан Шынкеевке 30 мың АҚШ долларының сертификаты мен «Күміс белбеу», ал оның бапкеріне 10 мың АҚШ долларының сертификаты табысталды.

«Қазақстан Барысы - 2013»турнирінің қола жүлдегері - Оңтүстік Қазақстан облысының  балуаны Жұманазар Ерсұлтанов «Қола белбеу» мен 10 мың АҚШ долларының, ал бапкері Шамшидин Жарқынбаев 5 мың АҚШ долларының сертификатын иеленді.

Алматы қаласының балуанвы Виктор Демьяненкоға жеңіске деген жігері мен батылдығы үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің демеушісі Stada CIS компаниясы Венгрия астанасы Будапештте өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына тамашалап қайтуға арнайы жолдама тарту етті.

«Қазақстан Барысы-2013» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне сыйлықтарды Олимпиада чемпионы–Жақсылық Үшкемпіров, қазақтың даңқты балуаны  - Дәулет Тұрлыханов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры Қоғаммен байланыс басқармасының директоры– Айдар Махметов, «Нұр Отан» Халықтық - демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары–Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» Халықтық - демократиялық партиясының хатшысы  - Ерлан Қарин, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының президенті  - Бақтияр Артаев және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық Кеңесінің төрағасы, жоба идеясының авторы  - Арман Шораев табыстады.

Жанкүйерлер тағатсыздана күткен турнирдің финалы аяқталды. Бас «Барыстың» есімі белгілі. Енді келесі маусымды асыға күтеміз...