Календарь

«Қазақстан Барысы» Ұлттың рухын көтерді

23-08-2021 10:36
Олар бір-біріне барлай, тесіле қарасты. Қайтсе де, жеңуді ойлаған қос қарсылас осы сәт ұқсас көрінген. Екеуінің де бастары үлкен.

Олар бір-біріне барлай, тесіле қарасты. Қайтсе де, жеңуді ойлаған қос қарсылас осы сәт ұқсас көрінген. Екеуінің де бастары үлкен. Бет пішіндері кесек. Мойындары жауырынмен тұтас ажалғасып жатқан, жуан. Құлақтары жатаған, бүріктеу. Жауырындары арыстанжалданып, күдірейді. Дидарлары қолаша қошқылданып, күреңітті. Бас салуға қамданған «Сыр қыранының» бір сәт кеудесі көріктей боп күмпиіп, көрер көзге апайт өстеніп сала берді. Қарсы шабуылғ асайланған «Әулие ата арланының» да осы мезет кеуде тұсынан үлкен кеседей көк еттері ойнап шыға келген. Адам денесіндегі күллі бұлшықет ат ойлап, құдіретті шайқастың боларын сезіп, аттан салғандай. Зал толы жұрт сілтідейтынды. Мың сан көз арбауға түскендей, қыбырсызқадалған. Осының бәрі бір ер секундқа ғана созылды. Ішегін тартып, тына қалған көрермен балуандардың қолдары бір-бірінің иықтарына сартеткенде, қайтасоққа нборандай гуетті...

Кезінде Сәкен жырлаған «өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом» балуандар еліміздің әр қиырынан бас қалаға жиналды. Мұнда жүлде қорының көлемі жөнінен Қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы жарыс өтетіндігі жарияланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» додасының бас жүлдесіне 150 мың доллар тігілген екен. Бұл - 22 миллион теңге. Бас жүлде иесіне миллиондармен қоса, «Алтын белбеу» берілді, сол жеңімпазды тәрбиелеген бапкерге 50 мың доллар табыс етілді. Екінші тұғырға табан тіреген балуанға 30 мың АҚШ доллары көлемінде ақша ұсынылды және оның беліне «Күміс белбеу» тағылды. Оның бапкері болса, 10 мың доллар алады екен. Ал үшінші орынға іліккен спортшы 10 мың долларға және «Қола белбеуге» ие болды. Оның бапкері соның жартысындай, яғни 5 мың доллар қаржыны иеленбек.
Тағы да ілгері оза кетіп, бірден айтып қоялық, ұйымдастырушылар осы жарысты жыл сайын өткізіп, дәстүрлі етуге бел байлапты. Мұны олар сайыс үстінде жария етті. Егер олар осы уәдесінде тұрса, ұлттық күресіміздің қадірі мен қошеметі тіпті олимпиялық спорт түрлерінен де асып түспек! Өйткені Олимпиада бағдарламасына енген сайыстар сайыпқырандарының өзіне осынша қомақты сыйға қол жеткізуге деген мүмкіндік төрт жылда бір-ақ рет беріледі емес пе?! Қазақтың бағына біткен күресімізге қандай құрмет жасасақ та, жарасса керек! Біле білсеңіз, ұлттық бұл жарыс түрі - жас ұрпақты ерлік, батырлық пен батылдық дәстүрінде баулудың ғибратты құралы қызметін атқарады.
Сонымен, сенбі күнгі Астанада өткен балуандардың ұлы аламанында «Қазақстан барысы» атағы бәйгеге тігілді. Мұндай мәртебені иеленуге 60 балуан үміт артыпты. Осының алдында Қазақстанның әр ауылында, аудан орталықтарында, облыс деңгейінде іріктеу сындары өткізілген екен. Соларда сайдың тасындай сайыпқыран балуандар анықталып, ілгері озған. Жігіттердің ең осалы ортан жілікті опыратындай еді!
Күрес десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ осындай сайыстарға сусаса керек, «Дәулет» спорт кешенінде ине шаншар жер болмады. Ығы-жығы халық. Біздің білгеніміздей, жұрт кең-байтақ қазақ жерінің әр аймағынан жиналыпты. Ұйымдастырушылардың «құлағына алтын сырға»: көрермен үлкен стадионды да толтырғандай. Сәл кешігіп келген адамдар жамбас қояр жер іздеп, кезіп жүрді. Ең ғажабы сол, залды лықа толтырған халық доданың соңына дейін шыдап, төртте басталғаннан тырп етпей, түн ауғанша тарқамады. «Темір тұлпарлыларды» айтпағанның өзінде, тіпті көлігі жоқ былайғы жұрттың өзі сыртта қараңғылықтың үстемдік құрып, қалалық автобустардың әлдеқашан жүрісін тоқтатқанын елемегендей...
Осынау ғаламат жобаның дүниеге келуіне коммерциялық телеарнаның басшысы Арман Шораев мұрындық болыпты. Ал «Қазақстан барысы» жарысын Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырған. Оны Туризм және спорт министрлігі қолдаған көрінеді. Осы орайда сайыс кезінде жүргізуші Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың қомақты қаржы бөлгізгендігін атап өтті.
«Қазақстан барысы» кім атанатынына өзі куә болу үшін қазақтың даңқты балуаны, төрткүл дүниеге жойқын қара күшімен танылған тарланы Әбілсейіт Айханов, қазақ қазақ болғалы, қолын тұңғыш «Олимпиада чемпионы» деген атаққа жеткізген, грек-рим күресі бойынша 80- жылғы Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған Жақсылық Үшкемпіров, КСРО-ның рекордшысы деп танылған, алты Алашқа аты мәшһүр желаяқ Әмин Тұяқов арнайы келіпті. Дәулет Тұрлыхановтай спорт саңлағын дүниеге әкелген Мәрзия Айтбайқызы да ұлына еріп келіп, жарысты қызықтады. Доданы сондай-ақ қазақ күресінен Еуропа федерациясының президенті, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Өмірхан Алтын, Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов тамашалады. Жарысқа Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті, еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор Серік Төкеев бас төрешілік етті.
Қазақ күресінен ұлы аламанды бүкіл дүниежүзі бойынша миллиондаған адам «онлайн» режимінде көруге мүмкіндік алған: жарыс интернет арқылы трансляцияланыпты.
«Қазақстан барысы» жарысын Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев ашты.
- Биылғы жыл - еліміз үшін ерекше жыл! - деді жиналған жұртшылыққа қайырылған Мәулен Сағатханұлы.-Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтудеміз. Бүкіл аймақтарда, Астана мен Алматыда ауқымды, ізгілікті де игілікті шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін біз куә болғалы отырған қазақ күресінен Президент жүлдесіне «Қазақстан барысы» атты жарыс та Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналады. Баршаңызды жарыстың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! - деген ол осы доданың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «тікелей тапсырмасымен, тікелей қолдауымен өткізіліп отырғандығын» айтты.
Сосын спортты дамытуға мемлекеттің қандай маңыз беретіндігіне тоқталды. Бұл салаға көп қаржы бағытталуда екен. «Біраз істер атқарылуда. Нақты нәтиже де бар, - деді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары. - Биылғы жыл басында, Астана мен Алматыда өткен VІІ қысқы Азиадада біздің спортшылар өте жақсы көрсеткіштерге жетті. Басқа да халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанды. Осының бәрі - мемлекеттің көмегінің, қамқорлығының арқасы».
Оның айтуынша, Елбасы тапсырмасымен, билік кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да баса мән беруде. Ел басшылығы Қазақстан халқын дені-қаны сау ұлт ретінде көргісі келеді.
Ауру-сырқаудан аман, қол-аяғы балғадай, бойында бұла күші бұлқынған ұлт қана ұлы міндеттерді іске асырып, ұлы мұраттарға жетуге, жаһандағы өзге жұрттармен қатаң бәсекеде жеңімпаз шығып, ілгері озуға қабілетті. Осыны білдіре келе, М.Әшімбаевтың бұл жарыстың да бұқаралық спорттың жаппай белең алуына, яғни халқымыздың шынығып, шымыр болуға ұмтылуына серпін береріне сенім білдірді.
Мәулен Әшімбаев қазақша күресті ұлттық дәстүрдің жәдігері ретінде бағалады. «Қазақ халқының бойында бар жақсы қасиеттердің бәрін осы қазақша күрестен табуға болады! - деп сабақтады ойын ол. - Мысалға айтар болсақ, бір-біріне құрметпен қарау, әділдік, бірін-бірі алдамау, аяқтан шалмау - осының бәрі қазақша күреске тән дүниелер. Демек, осы қазақ күресін дамыту арқылы өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, дәріптеп, ары қарай дамыта аламыз».
Сөз соңында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бүкіл Қазақстан бойынша сынға түскен 700 балуанның арасынан іріктеліп шыққан 60 жігітке сәттілік тіледі. «Біздің батыр бабаларымыздың аруақтары қолдай жүрсін!» деді Мәулен Сағатханұлы.
Әнұран аяқталған соң, қазақтың дәстүрі бойынша балуандарға бата берілді. Бұл құрметке ұйымдастырушылар талай дарынды түлекті тәрбиелеп шығарған, қазақ күресінің кемеңгері атанған Диқанбай Биткөзовті лайық деп тауыпты. «Құрметті халайық! Бүгінгі Елбасымыздың атында өткізіліп отырған «Қазақстан барысы» атты жарысқа қатысушы алпыс балуанға кілемде сәттілік, белдесуде мықтылық, ал қазылар алқасына әділеттілік тілеймін!» деді әйгілі бапкер. Ол сондай-ақ «Қажымұқан бабаларымыздан қалған дәстүрдің» жалғасын табуы үшін жаңа бастамаға мұрындық болған, қолдаған ұлтжанды азаматтарға ұлттық спортты дамытуға бағытталған қадамдарына жеміс пен табыс тіледі.
«Қазақстан барысының» алғашқы айналымында бақ сынаған білекті 56 жігіт (тегеурінді төрт балуанды ұйымдастырушылар екінші айналымға күресусіз жіберуді жөн көріпті) өз қарсыласын жеребе арқылы анықтады. Олардың әрқайсысы аты аталғанда, төрешілерге жақындап, арнайы үстелде жатқан теңгелердің арасынан біреуін таңдауға тиіс болды. Әр теңгенің артында нөмір жазылған екен. Осылайша, балуандар өздері көтерген тиындардың артындағы нөмірлердің рет саны бойынша өз қарсыластарының кім екендігін білді. «Бәрі әділ, бәрі ашық» деп бағалады ұйымдастырушылар.
Нәтижесінде, келесі айналымға шығу мүмкіндігіне жерлестердің өзара таласуына тура келген жайт та болды. Мәселен, Шығыс Қазақстан үкілеп қосқан Қуаныш Салықбаев пен Мұхит Тұрсынов бірінші айналымда-ақ бір-біріне қарсы жолықты. Бұл жерде жерлес балуандардың салмағындағы айырмашылық көзге ұрып тұрды: «Батыр» деген лақап ат алған біріншісінің салмағы 124 келі 400 грамм болса, екіншісінің салмағы небары 82 келі 900 грамм тартады екен. Оның үстіне «Бақты» кеденінің қызметкері болып табылатын Қуаныш Салықбаевтың қазақ күресінен 2010 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін «түйе балуаны» екендігі жарияланды. Әйткенмен, қырық жастағы қарсыласынан 17 жас кіші Мұхит Тұрсынов «Жас жалын» атағын тек жасына бола алмағандығын күрес барысында айғақтады. «Түйе балуан» белдесуге бабы келіспей келген бе, сылбыр күрескені үшін бірден қатаң ескерту алды. Ал бір орнында қатып қалмай, қарсыласының біресе оңынан, біресе солынан табылған Мұхит бас-аяғы екі минуттың ішінде екі бүк ұпай еншілеп кетті. Тәжірибелі бәсекелесіне бес минут бойы алдыртпаған, айла-амал жасатпаған ол ақыры 3 бүк ұпайымен келесі айналымға шыққан. Егер қазақ күресінен 2010 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері болып табылатын бұл жас балуанның кейінгі тағдырына тоқталсақ, екінші айналымда оның жолы тағы да ауыр салмақты балуанмен - 130 келілік Айдос Каңлыбаевпен түйісті. Алып «Көксу барысы» арықша келген қарсыласын белден қапсырып, бастан асыра атпаққа әлденеше рет талаптанды, бірақ «Жас жалын» тас кенедей жабысып, аяқпен орап, әдіс жасатқызбайды. Мұхит өзі де Айдосты талай тобықтан қағып құлатпаққа ниет қылған. Бірақ самбо күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері оның бұл шабуылын шыбын шаққан құрлы көрмеді.
Қос балуан негізгі минутта итжығыс түскендіктен, төрешілер қосымша 3 минут берді. Ереже бойынша бұл кезде олар бір-бірінің белбеуінен ұстап, қоян-қолтық күресуге тиіс, қайсысының бірінші болып, қолы босап кетсе, яки тізесі кілемге тисе, болмаса аяғы кілем шетінен шығып кетсе, сол - жеңілген. Мұны жүзеге асыру жұлқынып тұрған «Жас жалынға» қиынға түспеді. Мұхит Тұрсынов үшінші айналымда «Мұғалжар қыраны» атанған ақтөбелік Нұрсұлтан Иманғазинді - 95 келілік, дзюдодан былтырғы халықаралық турнирдің жеңімпазының жауырынын жер иіскетіп, таза жеңіске жеткенде, шығысқазақстандық жанкүйерлер үмітін үкілеп, алақандарын ысқылай бастаған. Бірақ төртінші айналымда «Жас жалынның» жолын... жарақат кесті. Бұл жолғы оның қарсыласы - кейін ақтық сынға шыққан 110 келілік Шалқар Жоламанов болды. Күрес кезінде етпетінен құлаған Мұхиттың қолы Шалқардың жағасында қалып қойып, қайырылып қалды. Содан боз кілемге дереу дәрігер шақырылған. Алайда артынша Шыңғыс Тұрсыновтың жолын қуған туған шәкірті Мұхит жарысты жалғастырудан бас тартты. Егер жарақатынан құлан-таза айықса, жігері жасымаса, «Жас жалынның» алда жеңіс биіктерінен көрінері сөзсіз. Ол Қажымұқанның туғанына 140 жыл толуына орайластырылған халықаралық турнирдің шешуші сынында өзбек балуаны Нуриддин Гасмановты таза ұтып, жеңімпаз атанғанда жұрт бір сүйсініп еді.

ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА

Ұлан салғаннан нағыз жеңімпазға лайық мінез-құлық көрсетіп, тегеурін танытты. Садық Мұстафаев шәкіртінің маңдайына «Қазақстан барысы» сайыстарын ашу жазыпты. Төреші жеребе тарту рәсімі аяқталған соң, алғашқы жұп ретінде боз кілемге қарағандылық Ерсін Мұхамеджановты және қызылордалық Ұлан Рысқұлды шақырған болатын. Содан жүргізуші Ерсіннің салмағы 135 келі екендігін, 1988 жылы дүние есігін ашқандығын, қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында биыл 2-орын алғандығын, Қарағанды облысының «түйе балуаны» екендігін айтып, таныстырып жатқаны сол еді, сайыс аяқталып қалды! Әлденеге алаңдап, белдесуге әлі қарай қоймаған көрермендер жапа-тармағай, «не боп қалды?!» деп, боз кілемге үңілген. Сөйтсе, Ұлан ендігі қарсыласының жауырынын жерге тигізіпті. Күрес небары 25 секундқа созылған! Ал бұл кезде оның ақтық айқастағы қарсыласы бірден кейінгі айналымға дайындалып, бұлшық еттерін шынықтырып жатқан-тын.
«Сыр қыранына» екінші айналымды да ашуға тура келді. Бұл жолы да оған тағы қарағандылық балуан қарсы кездесті. Қазақ күресінен, сондай-ақ самбодан Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, 90 келілік Бекзат Ахметбеков те оған қарсы қауқар қыла алмады.
Ұланның алдағы басты қарсыласы - «Әулиеата арланы» бұл айналымда «Асаудың» арынын ауыздықтады. Салмағы 135 келі, бойы 193 сантиметр болатын жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев алдынан шыққан 82 келілік, бойы 170 см Асқат Амановты ұйпалап тастады. Рас, 2010 жылғы Қазақстан Кубогында 3-орын иеленген, 2011 жылғы қазақ күресінен Б.Жаңбырбаев атындағы халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанған маңғыстаулық балуан да жай «Асау» атанбағандығын дәлелдеп бақты. Кейін жеңіс тұғырына көтерілген балуанның біріне жол бергені Асқаттың жігерін құм етпесе керек-ті.
Үшінші айналым бірінен соң бірі келген белдесулерден біраз шаршай бастаған балуандардың жүйкесіне біраз салмақ түсірді. Оның үстіне жақындай түскен қомақты жүлденің ауыртпалығы да иықтан басқандай. Бұл сайыстың да «ізашары» болу бақыты «Сыр қыранының» басына қонды. Осылайша, бірінші жекпе-жекте Қызылорданың үміті Солтүстік Қазақстанның баптап қосқан балуанымен күресті. «Көк бөрі» Айбек Қырықбаевтың салмағы 84 жарым келі ғана екен. Бірақ Солтүстік Қазақстанның «түйе балуаны», облыс чемпионы, Ішкі істер қызметкері көрінеді. Қос бәсекелес бірінің қарымын бірі танып, біраз барлаумен жүрді. Дегенмен белгіленген уақыт ортасына таяғанда Ұлан Рысқұл қапысын тауып, өзінен екі есеге жуық жеңіл Айбекті жамбасқа салып, атып кеп жіберген. Төрешілер оның қанжығасына жартылай жеңіс жазды. «Сыр қыранына» келесі айналымға аяқ басу үшін осы да жететін еді, бірақ бұған қанағаттанып қалмаған Ұлан қимылына қарқын қосып, ақыры тәжірибелі қарсыласын боз кілемге шалқасынан түсірді. Көз ілеспес жылдамдықпен жасалған мұндай әрекетке «Көк бөрі» дайын болмағанға ұқсайды.
Осы үшінші айналымда Бейбіт Ыстыбаевқа да салмағы екі еседей аз - 78 келілік Бақтыбай Қисықов бәсекелес атанған. «Ақтөбе батыры» лақап аты бар бұл балуан бұған дейінгі қарсыластарын еркін ұтып келген еді. Мәселен, Бақтыбай ақмолалық Леонид Станеевті бар-жоғы елу секундтың ішінде жалпасынан түсіріп, таза жеңіп, жұрт қошеметіне бөленген болатын. Алайда қазақ күресінен 2008, 2010 жылдардағы әлем чемпионына бұл жолы дәл сондай даңқты «Әулиеата арланына» беруге тура келді. Бейбіт Бақтыбайды 2 минут 66 секундта таза жеңді.
Төртінші айналымда да жігер туын биік ұстап, қалған 8 балуанның ішінен боз кілемге бірінші болып, Ұлан Рысқұл шақырылды. Ол бұл жолы саспай шықты, өзіне толық сенімді көрінген бізге. Оған сыралғы қарсылас тап болды. Қызылордалық Руслан Әбдіразақовты да, Ұланды да бапкер Садық Мұстафаев жаттықтырады. Бойы екі метр, салмағы тура бір центнер Руслан күрес түгілі, кураштан және Шығыс жекпе-жек түрлерінен Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2009 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионы, 2010 жылғы ерлер арасындағы дзюдодан Қазақстанның қола жүлдегері. Бірақ «Сыр қыраны» «Сыр барысымен» боз кілемде талай ұшырасқан, сондықтан оның мықты жақтары мен осал тұстарын бес саусақтай білетінге ұқсайды. Мұны белдесу нәтижесі паш етті: айқас басталғанына 43 секунд өткенде Ұлан Русланнан айласын асырып кетіп, ендігі таза жеңісін «тойлап» жатты.
Ал Бейбіт Ыстыбаевқа бұл айналымда айбатты қарсылас - 2010 жылғы қазақ күресінен әлем чемпионы, 125 келілік Айбек Нұғманов жолықты. Бір мезет, тіпті «Шығыс барысы» шеберлік сынасуда Бейбітке қарағанда басымдыққа иедей көрінген-тін. Бірақ «Әулиеата арланы» әбжілдік танытты. Сөйтіп, бәсекелесінің шабуылын өз пайдасына жаратып кетті: асыра лақтырмақ болып, өзін көтере берген шығысқазақстандық балуанды салмағымен езіп, артына құлатты. Төрешілер таза жеңіс берді.
Жартылай финалда алдымен боз кілемге көтерілген Ұлан Рысқұл шығысқазақстандық Шалқар Жоламановпен, ал артынша Бейбіт Ыстыбаев астаналық Арман Әбеуовпен кездесті. «Қазақстан барысы» жарысына қатысқан спортшылардың ішіндегі жасы үлкендердің бірі (32-де), 2010 жылғы қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қожақұл» атанған Шығыс Қазақстан өңірінің бірнеше дүркін «түйе балуаны» Шалқар ақтық сындағы айқасқа түсуге лайықтылардың бірі болатын. 110 келілік тәжірибелі балуан тіпті біразға дейін жамбас ұпайымен Ұланнан басым түсті. Алайда сын сәттерінің бірінде, «Сыр қыранын» әдіске салам деп, ұмтылуын ұмтылғанымен, аяқтай алмай, қателік жасап, соны пайдаланған Ұланға жартылай жеңісті ұстатты. Тіреспен уақыт тәмамдалды. Осылайша, Қызылорда облысының «жүзден жүйрігі» ұпайы санымен ақтық сынға шықты.
Бейбіт те қалған күшін соңғы шайқасқа сақтағандай, бұл сайыста сақ қимылдаумен болды. Оның жөні де бар еді: оның қарсыласы бойы 190 сантиметр, салмағы 140 келі, нағыз қазақ батырларындай еңселі Арман әр қимылымен бұл жарысқа ерігіп келмегендігін байқатумен болды. Астаналық балуан - 2009 жылғы самбодан әлем кубогының жеңімпазы, 2009 жылғы самбодан Азия чемпионы, дзюдодан биылғы Қазақстанның жазғы спартакиадасының жеңімпазы. Айтпақшы, Арман Әбеуов - Қазақстан Президентінің Күзет қызметінің офицері! Тіпті көптеген адамдар ақтық сынға соның шығарына сенімді болған. Белдесу текетіреспен өтті. Екеуінің қоржынында да - бүк ұпайдан. Тек шабуылдарының бірін сәтті өткізген Бейбіт «Арыстанды» жамбасына ала сұлатты. Нәтижесінде, жамбас ұпаймен алға шықты.
Бұл жартылай финалда көрермендер тамаша тәсілдерді көре алмады.
«Қазақстан барысы» жарысының айналымдары арасындағы үзілістерде қазақстандық топтар қазіргі заманғы күймен және дәстүрлі бимен көрермендердің көңілін көтеруге тырысқан-тын. Ал сом білекті жігіттердің ақырғы айқас алдындағы тыныстау сәтін әнші Медеу Арынбаев «Батырлар әнімен» әдіптеді.
Ақырғы сынға балуандар аң терісін жамылып, сән-салтанатпен шықты.
Бұған дейінгі бес айналымда біз арқаланған жұрттың атойлауы, боз кілемдегі айқастан балуанның ақсап қайтуы, қарсыластың басынан аттау сынды байырғыдан келе жатқан қазақ күресіне тән барлық көріністерге куә болдық. Бірақ соңғы доданың жөні бөлек, маңызы - ерек. Тіпті бір төбе болып отырған биік лауазымды тұлғалардың да тақымдарын қысып, тына қалғанын байқадық.
Ортада - айбатты қос балуан. Олармен жұлысқан талай мықты тегеурініне шыдамай, ала шаң боп құлаған.
Кеудесін ешкімге бастырмайтын, намысын жатқа бермейтін қос батыр ұл.
Бірер сәт бір-біріне сынай қараған қос алып күш иесі сәлден соң шарт та шұрт ұстаса кетті. Әрқайсысының атын айтып, айғайға басқан жұрт қай балуанның білек күші ерек, қайраты ерен екендігін білмей, дағдарды.
Бірін-бірі оңай ала алмасын сезінген олар біраз жұлқысқаннан кейін, қайтадан барлауға, қапы қалған кезінде опық жегізу мүмкіндігін күтуге көшті. Қос қарсыластың дембіл-дембіл діріл буған иықтарынан олардың толқығандығы мен шаршағандығын қатар аңғаруға болады. Ал қазақ күресінде балуан белдесуден қашса, төрешінің ескертуі дайын, онда белсенді бәсекелеске бүк ұпай жазылады. Сондықтан төрешіге де бірнеше рет белдесуді тоқтатуға, Ұланға да, Бейбітке де ескерту жасауға тура келді. Осылайша, қос қарсыластың қанжығасында қос ұпайдан жиналған. Осыдан кейін «Әулиеата арланы» мен «Сыр қыраны» соңғы күштерін жиып, шындап сайысуды бастады. Одан арғы минут ішінде қос балуан да толассыз қимылдап, дамыл таппады. Соның жемісіндей, екеуінің еншісінде - бір-бір жамбас ұпай пайда болды. Қарсыластар бірін-бірі сілкілеген сайын, көрермен қызып, шулай түседі. Олардың шуынан құлақ тұнған. Шыдамы мен күші таусыла бастағандай, балуандар шамалы тәлтірек қаққандай болады. Бірақ илікпейді. Жігер мен намыс бойға бұрын болмаған қуат құятындай.
Ақыры «Әулиеата арланының» тұтқыр уысынан бір сәтке сытылып шыққан «Сыр қыраны» серпіле бере, қайта ұмтылды да, тез жұмылып үлгермеген оны бір жауырынымен сұлатып түсірді. Осы жартылай жеңіс кейін «Қазақстан барысы» жүлдесінің тағдырын шешіп кеткен еді.
1986 жылы туған, бойы 186 см, салмағы 121 келі, қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан Қазақстанның 2008, 2009 және 2010 жылдардағы чемпионы, Қорқыт ата университетінің студенті Ұлан Рысқұл Қызылорда өңірінің мерейін үстем етті. Оған салтанатты жағдайда «Қазақстан барысы» атағы, «Алтын белбеу» және 150 мың АҚШ доллары табыс етілді. «Сыр қыраны» жеңістен кейінгі тұңғыш сұхбатында бұл жеңісін өз бапкеріне - Садық Мұстафаевқа арнайтынын айтты. «Маған қолдау көрсеткен көрермендерге көп-көп рақмет!» деді Ұлан Рысқұл.
Жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев болса, «Күміс белбеуді» олжалады.
Ал үшінші орын үшін таласта шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов астаналық Арман Әбеуовтың 26 секундта жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңіске жетті.
Бұл сайыстар елдің құмарын қандырды. Намысқой жанкүйердің базбірі көкіректі өртеген, құйын сезімін баса алмай, көздеріне жас алса, енді бірі рух көтерер ұлы күйге шалқып, бір-бірін құшақтап жатыр.
Бұл додаға әділ төрелік жасай білген атақты Диқанбай Биткөзов бастаған кілем жетекшілерінің, керек кезінде іске араласып, соңғы да дұрыс кесімді таба білген Серік Төкеев бастаған төрешілердің жұмысы да жоғары бағаға лайық.
Әрине, «Қазақстан барысы» атағына сайысқа түскен мықты жігіттердің қай-қайсысы да сай. Бірақ бұл жолы «Сыр қыраны» Ұлан Рысқұлдың бағы жанды. Дайындықта - қатаң тәртіп, жаттығу кезінде - жан аямас тірлік, боз кілемде - қара нардай қайтпас қайсарлық танытқан кез келген балуан «Қазақстан барысының» алтын белбеуін беліне тағары анық. Осы орайда жүргізушінің боз кілем үстінде «Қазақстан халқына ақ тілек жолдасаң?» деген тілегіне қайырылған Ұлан Рысқұл өзге балуандарға бұрылып, әріптестеріне болашақтан сенім бере, рухын көтере сөйлеуді жөн көрген: «Келесі жылы жүлдесі бұдан да жоғары болады! Құдай қаласа, миллион болады!» деді жеңімпаз.
Енді жұртшылық бұл аламанның алда да жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өте бастауын күтеді. Өйткені Олимпиада ойындары сынды дүбірлі жарыстардың дүрмегіне ілікпей, күнтізбесіне енбеген соң, қазақ күресі басқа спорт түрлерінің тасасында қалғандай күйде еді.


Последние новости