«Еуразия Барысы» – қазақ күресінің айбыны

Еуразия Барысы
07-09-2021 09:34
Соңғы бес жыл ішінде ел арасында қазақ күресіне деген көзқарас ерекше өзгеріп шыға келді. Әр жыл сайын дүбірлеп өтетін «Қазақстан Барысы» сынды республикалық турнирлерді жұрт асыға күтетін болды. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры осындай ірі жобаны қолған алғаннан соң тек республикалық деңгеймен шектелген жоқ. Хабар жеткен жерге сауын айтып, сары құрлық пен кәрі құрлықтың кіл мықтыларын қазақ күресінің додасына шақырып, сайыстыруды жөн деп тапты. Осындай идеяның негізінде «Еуразия Барысы» халықаралық турнирін өткізу қолға алынған еді. 2013 жылдың басында осындай оймақтай ой ортаға тасталған-тұғын. Көпшілік күмәнмен қараса да, қор тарапы жауапкершілігі мол шараны өткізуге білек сыбана кірісіп кетті. 

       Сөйтіп, 2013 жылдың желтоқсан айында Тараз топырағында дүбірлі доданың байрағы желбіреді. Алыс-жақынға хабар таратылып, Еуропа мен Азияда қазақ күресін жете таниды деген сегіз мемлекет таңдап алынған болатын. Қазақстаннан арнайы шақырту алған Польша, Моңғолия, Иран, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Түркия балуандары командалық құрамдарын жасақтап, тарихы терең Таразды бетке алды. Бұл аталған елдердің намысын қорғаған балуандар бұрын дзюдо, самбо секілді күреспен айналысып, кейіннен қазақ күресінің әліппесімен танысқан спортшылар екен.  Бес салмақ бойынша командалық құрамда белдесулер өткізіліп, қазақ жанкүйерлерінен бөлек, шетелдік көрермен де ұлттық күресінің кереметіне қайран қалды. Алғаш өткен «Еуразия Барысы» турнирінің жүлде қорына «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры жалпы сомасы 79 мың АҚШ долларын тағайындалғаны жарияға жар салып айтылған-тұғын. Турнир халықаралық деңгейде алғаш рет өткізілгеніне қарамастан тартысқа толы болды. Жүлдеге талас жолында балуандар еш аянып қалмады. Қандай да аламанда кіл мықтының озатыны айдан анық. Жарыстың финалдық кезеңіне қазақ пен моңғол балуандары жолдама алды. Қазақ күресін қазақтан артық меңгерген ешкім жоқ шығар. Сол сында біздің балуандарымыз осыны дәлелдеді. Әр командада бес балуан түрлі салмақта белдесті. Нәтижесінде, біздің жігіттер моңғолдарды 4:1 есебімен жеңіп, «Еуразия Барысы» турнирінің жеңімпазы атанып, айбыны асқақтады. 2013 жылы Қазақстан құрамасының сапында «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары Мұхит Тұрсынов пен Бейбіт Ыстыбаев өнер көрсеткенін жанкүйер қауым жақсы біледі.
       ІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирін өткізер кезде оған қатысуға ниет білдірген елдер қатары көбейді. Біріншісінде сегіз мемлекет қатысса, екінші рет өткізген жарысқа 12 мемлекет келді. 2014 жылдың қараша айында Таразда жалауы желбереген қазақ күресінің аламаны тағы да тартысты өтті. Жарыс алдында алғашқы жеңімпаздар – Қазақстан құрамасы жеңімпаз болады деген сенімдегі жанкүйер қарасы көп-тін. Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Украина, Польша, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысқан халықаралық турнирдің финалында мықтына анықтау оңайға түскен жоқ. Нәтижесінде тағы да Қазақстан мен Моңғолия балуандарының жолы финалда түйісті. Былтырғы жеңілістен сабақ алған болуы керек. Моңғол балуанлары ә дегеннен-ақ қарсыластарын алып ұрып жатты. Біздің құрама жігіттерінің дайындығы осал болды дей алмаймыз. Бірақ моңғол балуандарынан басым түсе алмауы ыңғайсыздау болды. Сөйтіп, екінші жылы финалдағы қарымта кездесуде моңғолиялықтар Қазақстан құрамасын 4:1 есебімен жеңіп, ІІ «Еуразия Барысы» турнирінің жеңімпазы атанды. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры екінші рет өткізген турнирге 100 мың АҚШ долларын жүлде ретінде қарастырған еді. Әрі қос құрлыққа аты мәшһүр турнир қазақтың қайталанбас тұлғасы Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) 150 жылдық мерейтойына арналды.
       «Еуразия Барысы» турнирін өткізу барысында бұрын-сонды болмаған рекордтық рейтинг тіркелгенін ерекше атап көрсетуге болады. 2013 жылы алғаш рет ұйымдастырылған жарысты тікелей эфирде түркиялық «ТRT AVAZ» бен Ресейдің «Боец» спорттық жекпе-жек арнасы тікелей эфирденұсынғаны жанкүйер жадында болар. Турнирдің финалдық кездесулері мен марапаттау рәсімін толық көрсету үшін олар одан бұрын жоспарлаған өзге бағдарламаларын кейінге ысыруларына тура келді. Себебі, жеті сағатқа созылған «Еуразия Барысы» турнирін тікелей эфирде сол жолы әлемнің 126 мемлекеті тамашалаған еді. Бұл қазақ күресінің насихаты үшін ең үлген шараға баланды. Ал Қазақстанда 6 миллионнан аса көрермен «Қазақстан» арнасы арқылы куә болды.
        Дәстүрлі түрде өтетін үлкен шараға айналған «Еуразия Барысы» биыл өз жанкүйерін қуантпақшы. Қазан айының тоғызыншы жұлдызында Таразда тағы да турнирдің түндігі түріледі. Бұл жолғы жарыс Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келгендіктен, соның құрметіне арналып отыр. Биылғы жарыстың тағы да тартысты болатыны анық. Сондықтан, «Еуразия Барысын» назардан тыс қалдырып алмайық, ағайын!

Последние новости