Календарь

Сәлкен Жартыбаев: «Қазақ күресінің болашағы зор»

18-03-2022 10:36
Екі жылдан бері елімізде қазақ күресінің мәртебесін көтеру мақсатында республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өткізілуде. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бас демеушілік ететін бүкілреспубликалық белдесудің жүлде қоры да қомақты. Бұл әрине, өте қуанышты жайт.

Екі жылдан бері елімізде қазақ күресінің мәртебесін көтеру мақсатында республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өткізілуде. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бас демеушілік ететін бүкілреспубликалық белдесудің жүлде қоры да қомақты. Бұл әрине, өте қуанышты жайт.

Алайда, аталмыш турнирге тек 74 келіден жоғары салмақтағы балуандар ғана қатыса алады. Осы тұста «одан төменгі салмақтағылардың сағы сынып жүрген жоқ па» деген заңды сауал туындайды. Осы орайда қазақ, самбо, дзюдо күрестерінің белгілі майталманы, Тараздағы №1 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебінің директоры Сәлкен Жартыбаевпен жүздесіп,  сұхбаттасудың сәтін түсірдік.

- Сәлкен аға, әңгімеміздің әлқиссасын «Қазақстан Барысынан» бастасақ. Жалпы бұл республикалық турнирдің деңгейі, мән-мағынасы туралы не айтасыз?  

- «Қазақстан Барысы» турнирінің өткізілуі-төл күресіміздің төрге шыққаны деп білемін. Сыйақысының көлемі де Олимпиада ойындарынан кем емес. Жастарымыздың ұлттық күреске деген ынта-талпынысын да едәуір көтеріп тастады. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы спорт саласына бағытталған іс-шаралардың бір маңызды тармағы. Әттең, біздің уақыт өтіп кетті. Әйтпесе, мен де барымды салар едім.

Иә, «Қазақстан Барысына» тек 74 келіден жоғарғы салмақтағы балуандар ғана қатысады. Бұл кезінде бізді тәрбиелеген Марат Жахит, Диханбай Биткөзов, Серік Төкеев сынды қазақ күресінің беделді мамандарының бірлескен шешімі болар. Өз басым 2012 жылғы  «Қазақстан Барысында» белдескен 74 келідегі, одан жоғарырақ салмақтағы біршама балуандардың күресіне онша көңілім тола қоймады.  Бұл – оларды кемсіту емес, қайрау. Қазір аймақтарда «Қазақстан Барысының» биылғы жылғы алғашқы іріктеу сатылары басталып та кетті. Бұйыртса, жаттығуда жанын салатын әлі талай жас дарындар, жаңа есімдердің  шығатынына күмән жоқ.

- Заманыңызда 74 келі салмақта белдесіп жүріп-ақ, салмағы 100 келіден асатын талай алыптарды жеңіп, сан мәрте «түйе палуан» атандыңыз. Құпия болмаса, осының сыры неде?

- Мұның еш құпиясы жоқ. Бәрі темірдей тәртіпке байланысты. Оқу-жаттығуды үзбеу, дұрыс тамақтану, уақтылы ұйықтау, алға қойған мақсатқа психологиялық тұрғыда дайын болу, қарсыласыңның осал тұсын дөп табу. Осы бес қағиданың бірін сақтамасаң үлкен жетістікке жету екіталай. Өз басым күресті 15 жасымда бастадым. Қалаға арман қуып келген қарадомалақтардың біріміз. Менің спортқа құштарлығымды оятқан 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев ағаларымыздың Мәскеу төрінде жарқырап көзге түсулері әсер етті.

Сәдет Қасымов, Марат Жахит сынды білікті жаттықтырушылардың арқасында Алмас Мұсабеков, марқұм Қанат Байшолақов сынды тарландарға еліктеп өстік. Кешегі «Қазақстан Барысында» кілемге шыққан  42 жастағы Мұрат Кеңтонов, Қуаныш Салықбаевтар бізбен белдесіп, талай сабақ алған. Тәжірибе мен еңбекқорлықтың арқасында әлі күресіп жүр. «Түйе палуандыққа» таласқанда, жеңіл салмақтардағы балуандар аяқтан қағып, қырқа шалып, арқаға салып, тынбай әдіс жасамаса, жеңістен дәмелену қиын.

Мен алғашқы рет 1986 жылы «түйе палуан» атандым. Ол кезде менің салмағым 66 келі болатын. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының орталығы Фурмановкада 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған сол турнирде 4 кездесу өткізіп, +100, 100, 90, 82 келі салмақтарда жеңімпаз атанғандарды ұпай санымен айқын ұтып шыққанмын.  Арада 2 ай өткен соң самбодан 62 келіде ІХ жазғы КСРО халықтары Спартакиадасында жеңімпаз атандым. Жігіттер жарап тұрса, күш атасын танымайды ғой.

- Қазақ күресінің қазіргі ережелеріне, киіп шығатын киіміне көңіліңіз тола ма? Алып-қосарыңыз бар ма?

- Ержелеріне көңілім толады. Әсіресе, соңғы «Қазақстан Барысы» жарысында қазылар әділ төрелік етті. Жасалынған әдіс-тәсілдер, оларға берілген ұпайлар таза бағаланды. Ұлттық нақышта жақсы насихатталды. Ал, қазақ күресінің спорттық формасы асығыстау жасалып, қолданысқа берілген сияқты. Өйткені, біз күрескен кезде кілемге самбоның күртесімен шығатынбыз. Оның жеңі қазіргіге қарағанда ұзын, ыңғайлы еді. Ал, бүгінгі қазақ күресі күртесінің жеңі шолақ. Сондықтан  жеңіл салмақтағыларға  алыптармен алысуға ыңғайсыз, қолдары жетпей жатады. Бұл – менің жеке пікірім. Қазақ күресі киімінің алғашқы үлгісін Қытайда тіктіріп, насихаттаған беделді мамандандардың бірі – марқұм Бауыржан Жаналин аға болатын.

Мен, 2001- 2005 жылдары дзюдодан Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы болған кезімде оқу-жаттығу жиындарын сол кісімен бірлесіп өткіздім. Сол кездері қазақ күресінің мәселелерін талай талқыға салатынбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында өз пікірімізді білдіретінбіз. Төл күресімізді жан-жақты насихаттауды мектеп қабырғасынан бастау жөнінде ұсыныстар айтылатын. Сол кездері Бауыржан ағамыз қазақ күресі киімінің асығыстау жасалғанын мойындап, алдағы уақытта мамандар ортасында тағыда талқыға саламыз деп жүрді. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетіп қалды. Әлі де болса, осы жағын «жеті өлшеп, бір кесу» керек сияқты. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені былтыр Шымкентте өткен Қажымұқан атамыздың турнирінде балуандар көп жарақат алды.

- Сәлкен Қалдыбекұлы, болашақта қазақ күресі Олимпиадалық спорт түріне кіруі мүмкін бе? Осы мақсатқа жету үшін не істеу керек? Бұл бағытта Серік Төкеев бастаған дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстарына қандай баға бересіз?

- Жалпы қазақ күресі федерациясы жұмысты тура осы бағытта ұстаса, неге кірмеске. Әлем, Азия чемпионаттары, өзге де  халықаралық жарыстар тұрақты өткізілуде. Мысалы, өткен жылдың соңында Қарағандыда әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтті. Сол додада «Қазақстан Барысы» Бейбіт Ыстыбаев күтпеген жерден латыш балуанынан ұтылып қалды. Бұл шетелдіктердің қазақ күресін  жылдам игеріп жатқанының бір дәлелі. Құдайға шүкір, қазақ күресі – әдемі, әділ күрес. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінде оны мойындап, үйреніп жатыр. Олардың қатарын барынша көбейте түссек, болашақта Олимпиада ауылына да алыс емес.

- Сіз қазақ күресімен қатар, самбо мен дзюдодан республикалық, одақтық, халықаралық деңгейдегі додаларда үлкен жетістіктерге жеттіңіз. Оның барлығын тізіп жатуға біраз уақыт кетер. Балуан ретінде орындалмай қалған арманыңыз бар ма?

- Әрине, Олимпиада медальі арман болып кетті. Сол кездегі Қазақстанның самбо мен дзюдо федерацияларының өзара тіл табыса алмауы, сондай-ақ ТМД кезінде самбо чемпионатына қатысқандарды дзюдоға жібермеу көп кесірін тигізді. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған Қазақстан  чемпионатында 71 келіде мен жеңімпаз атанған болатынмын. Сол кездегі федерация басшылығы, мемлекеттік және бас жаттықтырушылар менен жартылай финалда 2 «вазариге» түсіп, таза жеңілген Ахат Әшіровты апарды. Соған барлық жағдайды жасады. Қысқасы, оларға менің «самбист» болғаным ұнамады.

- Сіз кезінде дзюдо күресінен еліміздің жастар командасының, сосын ұлттық құраманың бас бапкері болдыңыз. Ішкі жағдайды жақсы білесіз. Еліміздің маңдайалды татами шеберлерінің Лондон Олимпиадасынан  жүлдесіз оралуына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Федерация президенті Бекет Махмұтов ағамыз дзюдошыларға барлық жағдайды жасады. Ол кісінің еңбегі өте зор. Бас бапкер Асхат Жіткеев атақты спортшы, бірақ жаттықтырушы ретінде әлі де болса тәжірибесі толыспаған. Оның үстіне команда құрамының негізі Асхаттың өзімен қатар күрескен жігіттер болғандықтан, қатал талап, тәртіп  жетіспеді. Бұл жайт болашақ құрлықтық, әлемдік дүбірлі додаларда  ұлттық құрама жаттықтырушылары мен балуандарына  ащы сабақ болуы тиіс.


Последние новости