Календарь

Қазақ күресін Олимпиадаға енгізу өзімізге байланысты

31-08-2021 10:36
Сәрсен ҚҰРАНБЕК, «Қазақстан барысы» жобасының атқарушы директоры «Қазақстан барысы» биыл екінші мәрте жалауын көтермек.

Сәрсен ҚҰРАНБЕК, «Қазақстан барысы» жобасының атқарушы директоры

«Қазақстан барысы» биыл екінші мәрте жалауын көтермек. 22 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық турнирдің мәнісі бөлек. Сайдың тасындай іріктелген еліміздің мықты балуандары бас жүлдені сарапқа салып, өзара мықтыны анықтайтыны бұдан сәл ертерек хабарланған болатын. Осыған орай «Қазақстан барысы» жобасының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек бізбен ой бөлісті.

–     Өткен жылы Астанада өткен турнирде алпыстан астам балуандар бақ сынасқан еді. Бұл жолы бас жүлдені қанша балуан сарапқа салады?

–     «Қазақстан барысы» жобасына 2011 жылы еліміздің әр өңірінен төрт балуаннан қатысса, биыл аймақтардан іріктеу сынынан өткен екі балуан ғана қатысатын болды. Барлығы 32 балуан іріктеліп, сонымен бірге былтырғы чемпион Ұлан Рысқұл қатысуға өтініш білдіріп отыр. Ереже бойынша жеңімпаз болған балуан келесі сынға іріктеусіз қатысуға мүмкіндік алады. Оның сыртында олимпиадада ел намысын қорғаған қарағандылық Ержан Шынкеев деген балуанның қатысатыны белгілі болды.

–     «Қазақстан барысы» жобасының Күрес түрлері федерациясымен байланысы бар ма?

–     Күрес түрлері федерациясына еркін және грек-рим, әйелдер күресі кіретіндіктен, «Қазақстан барысының» оған еш қатысы жоқ. Біз тікелей Қазақ күресі федерациясына бағынамыз.

–     Кейбір сындарда төрешілер тарапынан да өрескел қателіктер болып жатады. Бұл орайда төрешілер қалай қарастырылып отыр?

–     Жарыс Спорт және дене шынықтыру агенттігінің қолдауымен қазақ күресінің ережесі бойынша өтеді. Төрелік ету жағы Қазақ күресі федерациясында қызмет ететін, халықаралық сындарға үнемі қазылық етіп  жүрген төрешілерден құралады. Олардың жалпы саны жиырма адам. Қазіргі уақытта олар да іріктелу үстінде. Былтырғы жарыстағыдай елімізге белгілі, күреске еңбегі сіңген алты азаматтан тұратын төралқа сайлайтын боламыз. Оның бірі, осы идеяның авторы – Арман Шораев мырза. Сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамызды қосып отырмыз. Бұл не үшін қажет дейтін болсақ, күрес кезінде халықаралық дәрежедегі төрешілер қателесіп жатса, төрешілер алқасы шешетін болады. Мұның барлығы әділдік үшін жасалынып жатқан қадам.

–     Күресті тамашалауға келген жанкүйерлер арасында лоторея ойнатылатыны туралы айтылуда...

–     «Қазақстан барысы» алғаш рет ұйымдастырылғанда тамашалауға келген көрерменде есеп болмай, зал лық толған еді. Және он сағатқа созылғанына қарамастан аяғына дейін тамашалады. Биыл турнирге деген халық ықыласын ескеріп, «Сарыарқа» велотрегінде өткізуді ұйғардық. Ол жерде 9200 орын болса, соның барлығына билет сатылатын болады. Ішке кіру билеттерінің нөмірі бойынша лоторея ұйымдастырамыз. Биыл да сол бойынша төрешілеріміз бен балуандар, бапкерлерді ғана емес халықтың ықыласын қолдау ретінде өз тарапымыздан мезірет жасайық деген ойымыз бар. Жанкүйерлер лотореясына тігілген бас жүлде көлік автокөлік болады. Оны біздің демеушілеріміздің бірі «Астана моторс» компаниясы беріп отыр.

–     Қазақ күресіне деген осындай қолдаудың ұлттық спортты қолдау үшін керек екенін бәрі біледі. Алдағы уақытта универсиададан бөлек қазақ күресін Азия ойындарына кіргізетіндей мүмкіндігіміз бар ма?

–     Өзіміздің барымызды бағалап, жәдігерлерімізге мұқият қамқор болып, әрі қарай дамыта білсек, қазақ күресі сонда ғана жаңа бір биікке шығар еді. Қазақ күресі ұлттық сипатқа ие болып, кезінде жас-кәрісі әйел, еркек демей барлығы күресті. Мұның барлығы тарихта болған дүние. Қазір біз соны жоғалтып алмағанымызбен сол жағынан кемшін түсіп отырмыз. Осының барлығын бұрынғы қалпына келтірсек, мақсатқа бір табан болса да жеткендей болар едік. Әйтпесе жапонның сумо күресі олимпиада немесе Азия ойындарына да кірмейді. Тіпті, әлем чемпионатын да өткізбейді. Соның өзінде сумо күресінің насихатының кереметін қараңыз. Күллі әлем әсерге бөленіп отырып көреді. Тіпті оның сумо екеніне дейін білеміз. Сондықтан біздің қазақ күресінен жарыс ұйымдастырудағы басты мақсатымыз осындай биік деңгейге жеткізу. Түпкі мақсатымыз Азия мен Олимпиада ойындары бағдарламасына кіргізу ол – насихат пен ұйымдастырылуына байланысты.

–     Былтыр жарыстың бас жүлдесі 150 мың АҚШ долларын құраған еді. Биыл да сол межеден төмен болмайтын шығар...

–     Өткен жылы жүлде қоры 40 млн. теңгенің маңайында болған-тын. Бұл жолы жүлдеге қарастырылған қаржы 50 млн. теңгеден кем түспейді. Бас жүлдеге 150 мың АҚШ долларымен қатар, «Хюндай Соната» 40 мың долларлық көлік тігіліп отыр. Одан бөлек әр ұтқан балуанға да қарастырылған қомақты жүлделеріміз бар. 


Последние новости