Бақтыбай Қисықов: ...Салмағың аз болса да, өзіңнен әлдеқайда ауыр балуандарды жеңуге болады

Қазақстан Барысы
02-07-2021 02:05
«Қазақстан Барысы» турнирі кезінде Ақтөбе облысының намысын қорғайтын балуандардың бірі – Бақтыбай Қисықов. Бақтыбайдың есімі күрес жанкүйерлеріне жақсы таныс. Төл күресімізді әлемге танытуда талай еңбек сіңірген Бақтыбай әлем және Азия чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарды. Ақтөбелік балуан биыл «Қазақстан Барысы» турнирінде үшінші рет бақ сынағалы отыр. Мәртебелі турнирдің алдында Бақтыбаймен кездесіп, жарыс жайлы ой-пікірін сұраған едік.

-         Бақтыбай, жанкүйерлерің сені соңғы бір-екі жылда жоғалтып алғандай болды. Тіпті спорттан біржолата кетті деген әңгімелер де болып еді...

-         Оныңыз рас. 2012 жылы қазақ күресінен Әлем кубогы өтті. Сол жарыстан кейін күрестен кетуге тура келді. Бірақ, биылғы жылдың басынан бастап, қайта жаттығуға кірістім.

-         Күрестен кетуге не себеп болды?

-         Әлем кубогы кезінде жарақат алдым. Содан амал жоқ, кілемнен уақытша қол үздім. Бірақ, күрестен біржолата кету туралы ой болған жоқ. Тек, жарақатымды емдетіп, өзіме демалыс жарияладым. 

-         «Бақтыбай күрестен кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрыпты» деген әңгімелерді де естіп қалып жаттық...

-         Бірінші рет естуім (күліп). Ешқандай да кәсіпкерлікке кеткенім жоқ. Жарақатымды емдете жүріп, Қазақ күресі федерациясында жұмыс істедім. Төрешілік қызмет атқардым. Ақтөбеде өзімнің артымнан ерген жас балуандарға жол көрсетіп, жаттықтырушы болдым.

-         «Қазақстан Барысына» биыл үшінші рет қатысады екенсің...

-         Иә. Жылдың басында «Қазақстан Барысына» қатысамын деп өзіме мақсат қойдым. Жарақаттан құлан таза айықтым. Сөйтіп, өз облысымның ішінде іріктеу жарысына қатысып, бірінші орынмен шықтым. Төрт белдесу өткіздім.

-         2011 жылы салмағы ең жеңіл балуандардың бірі болдың. Биыл да салмағың басқа балуандармен салыстырғанда әлдеқайда аз екен...

-         Кейде салмағың аз болса да, өзіңнен әлдеқайда ауыр балуандарды жеңуге болады. Оны мен талай жарыстарда дәлелдегенмін. Ең бастысы өзіңе деген сенім болу керек. Айла-тәсіл де қажет. Жалпы маған өзімнен салмағы ауыр балуандармен күрескен ыңғайлы. Неге дейсіз бе? Өйткені, салмағың аз болса, кілемде жүріп-тұру жеңіл болады. Өзіңнен салмағы ауыр балуанға қарағанда жылдам қозғаласың.

-         «Қазақстан Барысында» негізгі қарсыластарың кімдер?

-         Барлық балуандар іріктеу сайысынан өткендіктен осал қарсылас болмайды. Бәрі өз облыстарының мықтысы. Бәрі бабында. Бейбіт биылғы жылы көптеген халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Айбек те, Ержан да, Мұхит та солай, Руслан да халықаралық турнирлерде олжа салып жүрген жігіттер.

-         Биылғы турнирге тұңғыш рет қатысатын балуандардың қарасы көп екен. Жас балуандар жайлы не айтасың?

-         Жаңадан қатысқалы отырған балуандардың көбі мен сияқты салмағы 80-90 келінің ары-жақ, бері жағында. Олардың осы турнирде топ жаратынына күмәнім бар. Өйткені, «Қазақстан Барысы» еліміздегі ең үлкен жоба. Теледидар арқылы бір мезетте миллиондаған адам тамашалайды. Одан бөлек, жарыс өтіп жатқан залға жиналатын оң мыңға жуық халықтың қолдауы бар. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан қатысатын балуандарға психологиялық жағынан қиынға түседі.

-         Рахмет! 


Последние новости

Қазақстан Барысы
02-07-2021 04:13
Қазақстан Барысы
08-07-2021 12:43