Жеңіс Биткөзов, қазақ күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері

Қазақстан Барысы
02-07-2021 04:03

Жеңіс Биткөзов, қазақ күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

«Қазақстан Барысы» арқылы төл күресімізді төрге шығардық

Енді үш күннен кейін Астанада Ұлт Көшбасшысы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі жалауын көтереді. Биыл бесінші мәрте өткізілгелі тұрған дүбірлі жарыста еліміздің барлық аймағынан жиналған 33 балуан «Қазақстан Барысы» атағын сарапқа салады.

Бұл күндері қазақ күресінен ұлттық құрамамыз Астанда оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Оқу-жаттығу жиынында «Қазақстан Барысы» турниріне қатысатын бірқатар балуандар да ұлттық құраманың жігіттерімен бірге дайындықтарын пысықтауда.

Біз бүгін оқырмандар назарына қазақ күресінен еліміздің бас бапкері Жеңіс Биткөзовпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. Жеңіс Диқанбайұлымен болған сұхбат барысында «Қазақстан Барысы» турнирі мен қазақ күресінің жай-жапсары жайлы біраз әңгімелер айтылды.

-Жеңіс Диқанбайұлы, енді санаулы күндерден кейін «Қазақстан Барысы» турнирінің бесінші маусымы өтеді. Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде алдағы турнир жайында ой-пікіріңізді білсек деп едік...

-«Қазақстан Барысы» турнирі бүгінде еліміздегі ең ірі әрі танымал спорттық жобалардың бірі болды десем артық айтқаным емес. Алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын, яғни, 2011 жылы өтті. Содан бері күрес десе делебесі қозатын қаншама спорт жанкүйерлерінің жүрегінен орын тапты. «Қазақстан Барысы» турнирі арқылы төл күресімізді төрге шығардық. Бұрын спорт басшылары болсын, жанкүйерлер болсын ұлттық спортымызға немқұрайлы қарайтын. Ал, қазір төл күресімізге деген көзқарас ерекше. Осының барлығы «Қазақстан Барысы» турнирінің аз ғана жылда жинаған беделінің арқасы. Бұл турнирдің аясында қаншама жобалар дүниеге келді. Соның бірі – «Жас Барыс» турнирі. Бұл да болашағынан зор үміт күттіретін жас балуандардың ұлттық күресімізге деген қызығушылығын арттыру үшін жасалған жоба. Бүгін «Жас Барыс» атанса, ертең «Қазақстан Барысы» атануға талпынады. Мұның өзі жастарымызды салауатты өмір салтын ұстануына, денсаулығының мықты болуына, жаман әдеттерден аулақ жүруіне сеп болар сөзсіз. Осы жағынан келгенде қазақ күресі үшін талмай қызмет істеп, қаншама жобаларды дүниеге әкеліп жатқан федерация басшыларына алғысымыз шексіз.

«Қазақстан Барысы» турнирі арқылы еліміздегі ауыр салмақтағы балуандардың арасында бәсекелестік артты. Яғни, бақталастық күшейді. Бүгінде қазақ күресімен күресіп жүрген балуандардың басым бөлігі күрестің басқа да түрлерімен шұғылданады. Мәселен, дзюдо, самбо сияқты күрес түрлерінде белдесетін жігіттер қазақ күресімен де күреседі. Өйткені, бұл спорт түрлері бір-біріне ұқсас. Ауыр салмақтағы балуандардың арасында бәсекелестіктің артқаны дзюдомен және самбомен айналысып жүрген жігіттерге өте тиімді. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта Қазақ күресі федерациясы абсолюттік салмақта Қазақстан чемпионатын өткізетін ойы бар. Оған салмағы 80 келіден асқан балуандар қатысады.

-Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары барысында «Қазақстан Барысына» қатысатын бірнеше балуандарды байқап отырмыз. Бұл жігіттер жиынға арнайы шақырылған ба, әлде басқа да себептер бар ма?

-Негізінен бұл ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары. Біз оны 22 маусымда бастағанбыз. Содан бері міне, «Бастау» спорт кешеніндеміз. Бұл спорт кешенінің ашылғанына да екі жыл болыпты. Өте қолайлы спорт орталығы екен. Құрама жігіттеріне барлық жағдай жасалған. Сіздің сұрағыңызға келер болсам, «Қазақстан Барысына» қатысатын кейбір балуандар шілденің 10-13 аралығында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Құрлықтық жарыс биыл Қытайда өтеді. Оған Бейбіт Ыстыбаев, Ғани Сейділдаев, Асыл Бәрменов сынды балуандарды қатыстырмақ ойым бар. Бұл жігіттердің оқу-жаттығу жиынында жүргені де сондықтан. Асыл өткен аптада осында жаттығу өткізді. Ержан Шынкеев те осы жерде болып, турнир қарсаңында дайындығын пысықтады. Бақтыбай Қисықов, Айбат Сейтен, Төлеген Жетпісбаев сияқты балуандар осында жүр.

-Сіздің ойыңызша, биылғы «Қазақстан Барысы» атағынан үміткер кімдер?

-Алдын-ала «тон пішкім» келмейді. Кімнің мықты екенін кілем үстінде көреміз. Жігіттердің дайындығы өте жақсы. Одан кейін бұл турнирге осал балуан қатыспайды. Барлық балуан өз аймақтарында іріктеу жарыстарына қатысып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Сондықтан анау балуан мықты, мына балуан әлсіз деп айтудың өзі артық.

-Бізде қай салмақтарда бәсекелестік жоғары?

-Қазақ күресі болғаннан кейін онымен шұғылданатын балуандардың да саны көп. Сан көп болған жерде бәсекелестік те күшті болады. Бізде әр салмақта «сен тұр, мен атайын» деген балуандар жетіп артылады. Әсіресе, 80, 90, 100 келі салмақтағы балуандардың бәсі

жоғары. Өткен жылы «Қазақстан Барысында» дәл осы салмақта күресетіндер жүлделі болды. Оны көрген шығарсыздар. Мәселен,»Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсынов басқа жарыстарда 90 келіде күресіп жүрген балуан. Асыл Бәрменов те солай. Әбдіразақов 100 келіде. Ал, Дәулетхан Жақыпов болса, тіпті, 80 келіде күрескен жігіт.

- «Қазақстан Барысына» қатысатын балуандарға айтар тілегіңіз?

-Жарыс болғандықтан, жеңіс те, жеңіліс те болады. Турнирге қатысатын балуандардың түп мақсаты бір. Ол – «Қазақстан Барысы» атану. Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Егер бабы келісіп жатса, бағы неге жанбасқа?! Сондықтан, «бағың жансын, Барысым!» дегім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Последние новости

Қазақстан Барысы
02-07-2021 04:13
Қазақстан Барысы
08-07-2021 12:43