Календарь

05.
08.
Астана

"Қазақстан Барысының" финалына жолдама алған 4 балуан анықталды

28-04-2021 10:36
Қызылорда облысы бойынша өткен іріктеу сынында Руслан Әбдіразақовқа тең келер ешкім болған жоқ. Өткен жылы көлденең жарақаттың салдарынан жобадан тыс қалған Руслан биыл бабында екенін байқатты.

"Қазақстан Барысы" турнирінің төртінші маусымы басталып, іріктеу турнирлері өтуде. Бүгінге дейін финалға жолдама алған 4 балуанның есімі белгілі болды деп хабарлайдыТengrinews.kz тілшісі "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысы бойынша өткен іріктеу сынында Руслан Әбдіразақовқа тең келер ешкім болған жоқ. Өткен жылы көлденең жарақаттың салдарынан жобадан тыс қалған Руслан биыл бабында екенін байқатты. Республикалық ақтық сынға Русланмен бірге Айбек Серікбаев та қатысады. Бүгінде олар дайындықты бастап кетті. Ал 2011 жылғы "Қазақстан Барысы" Ұлан Рысқұл биылғы финалға қатыспайтын болды.

"Бүгін мен ұтылып қалдым. Әрине, бірінші кезекте жарақатым әсер етті. Оның үстіне, дайындығым да дұрыс болған жоқ. Енді бар күшімді Руслан мен Айбектің алаңсыз жаттығуына салып, көмектесемін. Қызылорда облысының балуандары биылғы бәсекеде аянып қалмайды", - дейді "Қазақстан барысы-2011" турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл.

Қызылорда облысы іріктеу кезеңдерін тиянақты өткізетін көшбасшы аймақтардың бірі болып саналады. Облыс басшылығы бірінші орын алған Руслан Әбдіразақовқа 1 550 000 теңге, Айбек Серікбаевқа 850 000 теңге табыс етті. Екі балуан да "Қазақстан Барысының" финалына екінші рет қатыспақ.

"Жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Бұл жеңіс маған оңайлықпен келген жоқ. Бір жыл бұрынғы жарақатым әлі толықтай жазыла қойған да жоқ. Әлі сыр беріп жүр. Бірақ, биыл мені ештеңе де тоқтатпайды. Құдай қаласа, бар күшімді салып, чемпион атанғым келеді", - дейді "Қазақстан Барысы-2014" жобасының финалисі Руслан Әбіразақов.

Сондай-ақ Павлодар облысында да "Қазақстан Барысына" іріктеу кезеңінің үшінші айналымы аяқталды. Өткен жылы финалда бақ сынаған Самир Мамедов облыстық сында үшінші орын алып, биылғы додаға қатысу құқынан айырылды. Ал ақтық сын жолдамасына Павлодар облысының үздігі, "Асау" лақап атымен танымал Дархан Жоламанов пен қазақ күресінің жас таланты Батырхан Жүнісов ие болды. Павлодар облысындағы жүлде қоры 1 300 000 теңгені құрады (1 орын – 700 000 теңге, 2 орын – 400 000 теңге, 3 орын – 200 000 теңге).

"Үнемі "Қазақстан Барысы" турнирін бақылап жүруші едім. Биыл жеңіске жетіп, финалға жолдама алудың сәті түсті. Сол үшін өте қуаныштымын. Ең қиын белдесу деп Дархан Жоламанов және Самир Мамедов арасында болған кездесуді айтар едім", - дейді Батырхан Жүнісов.

Финалға жолдама алған балуандар туралы қысқаша мәлімет

Қызылорда облысы:

Руслан Әбдіразақов, "Сыр Барысы"
Бойы: 197 см
Салмағы: 117 келі
Туған жылы: 1988 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкері: Садық Мұстафаев

Айбек Серікбаев, "Сыр Арланы"
Бойы: 190 см
Салмағы: 103 келі
Туған жылы: 1993 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкері: Әділбек Серікбаев

Павлодар облысы

Дархан Жоламанов, "Асау"
Бойы: 179 см
Салмағы: 103 келі
Туған жылы: 1986 жыл
Спорттық атағы: қазақ күресінен спорт шебері
Бапкерлері: Нұрлыбек Ермағанбетов, Мейрам Хамзин

Батырхан Жүнісов, "Тұлпар"
Бойы: 173 см
Салмағы: 90 келі
Туған жылы: 1993 жыл
Бапкері: Серік Досымханов

Толығырақ:http://kaz.tengrinews.kz/allsports/kazakstan-baryisyinyin-finalyina-joldama-algan-4-baluan-anyiktaldyi-253494/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Tengrinews.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі


Последние новости