Календарь

АРМАН ШОРАЕВ: ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ КӨП ӨЗГЕРІС КЕРЕК

Қазақстан Барысы
23-06-2021 14:11
Жанкүйерімен жетінші мәрте жүздесетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне он күндей уақыт қалды. Бар қазақтың делебесін қоздырып, тақым қыс­ты­ратын тартысты бәсеке биыл 2 шілдеде басталады. Осы орайда «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевпен сұхбаттасқан едік.

Арман Төлегенұлының барлық жоба­лары дерлік биік талғам мен жемісті нәти­жеге толы болады. Қолына алған іске жү­регін салып кірісетін азамат қазақ күресінің деңгейін қалай көтеріп жүргеніне біз куә. Күресті әлемдегі нөмірі бірінші спорт түріне айналдыруды армандайды. Әзірге көздеген шыңы – осы. Бұл таудың ұшар басына шығатын күн де алыс емес. Бұлай деп кейіпкеріміздің өзі айтты. Ендеше, әңгімені әріден емес, берідегі бәсекеден бастағанды жөн көрдік.
– Биылғы «Қазақстан барысынан» не күтеміз?
– Ең бірінші өзгеріс – жарыстың өте­-тін орны. Бұрындары «Сарыарқа» вело­трегінде өткізіп жүрген болсақ, осы жылы тұңғыш рет Барыс аренада ұйымдас­ты­-руды жөн көріп отырмыз. Алдыңғы ны­санға ешқандай ренішіміз жоқ. Қайта жыл сайын өткізуімізге мүмкіндік берген­дері­-не алғыс айтамыз. Жарыс болатын жерді көрермен үшін ауыстырдық. Бұрын вело­тректе өткізіп жүргенде жанкүйерлер кі­лемнен тым алыс отыратын. Жаңа жерде көрермен жарысты дәл жанынан, еш кедергісіз көре алатын болады. Сондай-ақ Сарыарқаға 9500 адам сиятын болса, Ба­рыс аренада 10500 адам еркін оты­рады.
– Залды толтыру – оңай шаруа емес. Билеттер жақсы өтіп жатыр ма? Лық толы көрермен болатынына қаншалықты сенім­дісіздер?
– Жанкүйерлердің келіп, қолдай­ты­нына 100 пайыз сенімдіміз десем болады. Өйткені, билет бағасы – өте қолжетімді.
Ең арзан билеттің құны – бар болғаны 500 тең­ге. Бұл бүгінде соншалық қымбат сома емес. Мұнымен көпшілігі келісетін шығар. Сондай-ақ әдеттегі дәстүр бойынша темір тұлпар тізгіндеп кету мүмкіндігі беріледі. Яғни, барлық билеттер ұтыс ойынына қа­ты­сады. Лотореяның әділ өтетіндігін жыл сайын жарысқа келушілер жақсы біледі. Автокөліктен бөлек, ұялы телефон, теле­дидар, тоңазытқыш секілді кішірігім сый­лықтарымыз да бар.
– Бәрі қара қазақтың қамы үшін дейсіз ғой? Жанкүйерлер жарыстың бір күн бойы өтетіндігі ыңғайсыздық тудырады деген пікірлерін білдіріп жатады. Соған байла­нысты не айтасыз?
– Биылғы «Қазақстан барысы» бұрын­ғыдай бір күнде өтетін болды. Расымен, көпшілігі үшін күні бойы теледидарға телміріп, тек қана барыстардың тартысын тамашалау – оңай емес. Өзге де шаруалары бар, оларды ысырып тастап күрес көру, әлбетте, қиындық тудырады. Дегенмен біз көрермен пікірін қашанда жоғары қойып, құлақ асуға тырысамыз. Осы ретте «Әлем барысын» екі күнге бөліп өткізуді жос­пар­лап отырмыз. Аталған турнир қыркүйектің 7-8 күндері Астанада өтеді. EXPO аясында ұйымдастырып отырмыз.
– «Әлем барысының» форматы өзгеше болады екен. Ол ерекшелік осы сіз атап өт­кен екі күндік жарыспен ғана шектеле ме?
– Атап өту керек бір жайт, турнирге 50 мемлекеттен алыптар келеді. Бұл жа­рысқа бірқатар Олимпиада чемпиондары қаты­сады деп күтілуде. Яғни, басқа тур­нирлердің басты артықшылығы – күллі әлемнің «Сен тұр, мен атайын» деп тұрған спортшылары жиналады. Мұны қазақ күресінің EXPO көрмесі десе болады.
– Күресті ұлттық құндылыққа теңеп жатамыз. Мұның маңызын бүгінгі қоғам жеткілікті дәрежеде сезініп жүр ме?
– Қолдан келгенше осы күресті кө­терсек, дамытсақ деген ниет-тілегіміз бар. Оған федерация, Үкімет тарапынан да жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ менің ойымша, күрестің маңызын арттыру үшін алдымен оның өзін өзгерту керек секілді. Мәселен, биыл өз басым «Қазақ­стан барысын» жетінші мәрте өткізіп жатырмын. Сол жерде жиі орын алатын олқылық – төрелік ету. Төрешілердің есебінен кетіп жатқан қателіктер бар­ша­ңызға мәлім. Тіпті кейде өте қатал, өрескел қателіктер орын алып жатады. Соларды жою үшін күрделі өзгерістер енгізгіміз келеді. Егер сол жүзеге асатын болса, меніңше күрестің абыройы мен маңызы артуы тиіс.
– Күреске өзгерістердің енгізілуін Олимпиада бағдарламасына қосуға бір қадам десек бола ма?
– Төрт жылдық бәсекесінің бағдар­ламасына кіргізу туралы әңгімені ми­нистрлік айтса, жөн болатын секілді. Сіз­дің айтып отырғаныңыз – көптің арманы. Дегенмен ол жолда қыруар жұмыс, қаржы керек. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағ­дарлама дайындау қажет. Маған, Арман Шораев үшін, қазақ күресінің деңгейі жа­понның сумосына жетсе, сол – жеңіс. Сумо ешқандай олимпиадалық спорт түрі емес. Дегенмен беделі өте зор.
– Өзімізге ғана тән дүние болса екен деген ой ғой?
– Әлбетте, түкпірде сондай тілек жа­тады. Шыны керек, қазақ күресінің қазіргі формасына көңілім толмайды. Олай дей­-тін себебім – шетелдіктер қазақ күресін тү­сінбейтіндіктерін жиі айтады. Белдесуді қарап отырып, мұның не дзюдо, не самбо, не еркін, грек-рим күресі екендігін айыра алмайды. Өйткені күртешелері, кей әдіс­тері ұқсайды. Бір құпиямен бөлісейін, «Қазақстан барысында» көрермендерге жаңа киім үлгісін ұсынатын боламыз. Сол жерде ашық дауысқа саламыз. Күрес кө­руге қызығатын, нағыз жанкүйерлер жи­налған жерде бұл мәселені шешу оңайырақ. Он мыңнан астам көрерменнің алдында таныстырылымын жасаймыз. Бұл бір құрылтай іспеттес болады. Егер халықтың көңілінен шығып жатса, өзгертіп қалуымыз ықтимал. Ұнамаған жағдайда бәрі баяғы қалпында қалады.
– Барыстардың танымалдылығы кей Олимпиада жүлдегерлерінен жоғары. Мұ­ның сыры неде? 
– Кезінде әр ауыл өз балуанын, ақынын, сал-серісін табанын жерге тигізбей құр­меттейтін болған. Үкіметтің қабылдаған «Ру­хани жаңғыру» атты бағдарламасының мәні де – осы көнеден қалған салт-дәс­түрлер мен жоралғыларды жаңарту. Қоғам батырлықты, батылдықты қашан да сүйеді. Ондай тұлғаларын ардақ тұтады. Қазақ күресі балуандарының беделі жоғары бо­луының себебі осында шығар. Қаныңда бар күресті сезінесің, бойыңды мақтаныш кернейді. Әрі бүгінде алпамсадай жігіттер көп емес. Түйе балуандардың бір бәсі артық болар тұсы осында болса керек.
– Еуразия балуандарының бас қосар жері – «Еуразия барысы» жайлы айтсаңыз.
– Бұл да табысты әрі жемісті жоба­ларымыздың бірі. «Еуразия барысының» халықаралық мәні жоғары. Форматы да өзгеше. Ол жерде сегіз жігіт өз елінің на­мысын қорғап, «бейбіт» соғыста шайқа­сады. Бір-бірімен болатын текетірес со­нысымен қызық. Ойымда ылғи жүретін бір дүниемен бөлісейін. Бұл турнир несімен ұнайды? Біз ауыр салмақтағы балуандар­дың бағын жандырып жүрміз. «Еуразия барысы» болса, жеңіл салмақтағы ба­рыстардың да таныла түсуіне мүмкіндік береді. Олардың күресі біле білсеңіз, өте әдемі. Өйткені түрлі әдістер жасалады. Алыптардың айқасында ондайды жиі көру мүмкіндігі беріле бермейді. Биыл желтоқ­санның бірінде кезекті турнирді жоспар­-лап отырмыз. Алматы Арена кешенінде екінші мәрте өтетін болады. Оған қала әкімі Бауыржан Байбек қолдау білдіріп, жарысты ұйымдастыруға ат салысып жа­тыр. «Еуразия барысына» шетелдіктердің ықыласы зор. Соның ішінде әріптестеріміз, БАҚ өкілдері де бұл шараға бей-жай қара­майды. Мысалы, Түркияның телеарна­-лары өз балуандары қатысып жатқан соң түсіруге, көрсетуге тырысады. Сол секілді ресейліктерді де ерекше атап өту керек. «Матч ТВ» және «Боец» арналары көрсет­кені белгілі. Аталған телеарналардың рейтингі өте жоғары екендігі көпшілікке аян. Алдағы уақытта жарыс қатысу­шы­лары­ның ауқымын кеңейтсек деп отырмыз. Тек Еуразия құрлығы төңірегінде емес, еуропалықтарды да қосуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, Жапония, Корея сынды елдердің спортшылары қатысуға ниет білдіріп жатыр.
– Күндердің күнінде еуропалықтар қа­зақтардан басым түсіп, бас жүлдені бермей қоятын болса, оны қауіп деп қарауға бола ма?
– Егер солай болатын болса, ол – күрестің дамығаны. Әрі бізге жасалған жақсы жарнама болар еді. Әдетте, бәйгеде алыстан келген ат бірінші келсе, той иесі үшін ол үлкен абырой саналады. Мысалы, дзюдо – тек жапондықтардың спорты ғана емес. Онымен бүкіл әлемнің баласы шұ­ғылданады. Айтқым келетіні – басқа елдің балуандарынан күресімізді қызғанбауымыз керек. Қайта қызығып, үйренгеніне қуана білейік. Бірақ өз елімізде өткен соң, қо­мақ­ты жүлде қоры тігілетіндіктен, өз ұлдары­мыздың басым түскенін іштей қалап тұра­тынымыз жасырын емес.
– Бүгінгі қазақтың дене тұрқы ұсақталып барады. Жастар, жеңіл салмақты балуандар күреспен қаншылықты айналысады?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ күресіне деген ықылас төмендеу еді. Облыстардан күрес үйірмесін табу мұң болатын. Бүгінде бұл жағдай тұрақталды. «Бұл – олимпиадалық спорт түрі емес» деп мұрнын шүйіріп жүрген аймақтардың өзінде үйірмелер ашылып, жастар үйре­ніп жатыр. Демек, сұраныс бар.
– Жұмыстың нәтижелі болуы ұжымға байланысты. Кадр жасақтауда қандай шарт қоясыз?
– Қызметкерлерімнің саны аса көп емес. Әрі кетсе 7-8 адамның айналасында. Дегенмен әрқайсысы сенімді әрі жауапты. Адамның бойындағы еңбекқорлықты жоғары бағалаймын. Жылда жарыс қар­саңында қыз-жігіттеріміз 5-6 келі салмақ жоғалтып жатады. Ол талаптың қатал­ды­ғынан емес, бірінші кезекте қызметкердің еңбексүйгіштігінен. Жұмысқа беріліп, жан-тәнімен кірісіп кетеді. Міне, мен жақ­сы көретін қасиет – осы.
– «Көздеген шыңыңа жеткен соң, оған деген ынта азаяды» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазіргі таңда не нәрсеге ынтызарыңыз ауып жүр?
– Нөмірі бірінші мақсатым – алдағы екі-үш жылдың ішінде төрешілер әді­летсіздігін жою. Кем дегенде 99 пайызға қысқартқым келеді. Сондай-ақ қазақ кү­ресін ең танымал спорт түріне айналдыр­ғым келеді. Бұл мақсат орындалады деп сенемін. Себебі, сең қозғалды. Олай дей­ті­нім, Халықаралық қазақ күресі федера­циясын құрдық. Оған төраға қылып елі­міздің Энергетика министрі Қанат Алда-
бергенұлын сайладық. Осы жылдар ішінде Қазақстандағы танымалдылығын арт­тыр­дық. Ендігі шың – әлем елдерінде қазақ күресін мойындату.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан 
Жадыра АҚҚАЙЫР 

aikyn.kz  


Последние новости

Қазақстан Барысы
23-04-2022 11:00