
Арман Төлегенұлының барлық жобалары дерлік биік талғам мен жемісті нәтижеге толы болады. Қолына алған іске жүрегін салып кірісетін азамат қазақ күресінің деңгейін қалай көтеріп жүргеніне біз куә. Күресті әлемдегі нөмірі бірінші спорт түріне айналдыруды армандайды. Әзірге көздеген шыңы – осы. Бұл таудың ұшар басына шығатын күн де алыс емес. Бұлай деп кейіпкеріміздің өзі айтты. Ендеше, әңгімені әріден емес, берідегі бәсекеден бастағанды жөн көрдік.
– Биылғы «Қазақстан барысынан» не күтеміз?
– Ең бірінші өзгеріс – жарыстың өте-тін орны. Бұрындары «Сарыарқа» велотрегінде өткізіп жүрген болсақ, осы жылы тұңғыш рет Барыс аренада ұйымдасты-руды жөн көріп отырмыз. Алдыңғы нысанға ешқандай ренішіміз жоқ. Қайта жыл сайын өткізуімізге мүмкіндік бергендері-не алғыс айтамыз. Жарыс болатын жерді көрермен үшін ауыстырдық. Бұрын велотректе өткізіп жүргенде жанкүйерлер кілемнен тым алыс отыратын. Жаңа жерде көрермен жарысты дәл жанынан, еш кедергісіз көре алатын болады. Сондай-ақ Сарыарқаға 9500 адам сиятын болса, Барыс аренада 10500 адам еркін отырады.
– Залды толтыру – оңай шаруа емес. Билеттер жақсы өтіп жатыр ма? Лық толы көрермен болатынына қаншалықты сенімдісіздер?
– Жанкүйерлердің келіп, қолдайтынына 100 пайыз сенімдіміз десем болады. Өйткені, билет бағасы – өте қолжетімді.
Ең арзан билеттің құны – бар болғаны 500 теңге. Бұл бүгінде соншалық қымбат сома емес. Мұнымен көпшілігі келісетін шығар. Сондай-ақ әдеттегі дәстүр бойынша темір тұлпар тізгіндеп кету мүмкіндігі беріледі. Яғни, барлық билеттер ұтыс ойынына қатысады. Лотореяның әділ өтетіндігін жыл сайын жарысқа келушілер жақсы біледі. Автокөліктен бөлек, ұялы телефон, теледидар, тоңазытқыш секілді кішірігім сыйлықтарымыз да бар.
– Бәрі қара қазақтың қамы үшін дейсіз ғой? Жанкүйерлер жарыстың бір күн бойы өтетіндігі ыңғайсыздық тудырады деген пікірлерін білдіріп жатады. Соған байланысты не айтасыз?
– Биылғы «Қазақстан барысы» бұрынғыдай бір күнде өтетін болды. Расымен, көпшілігі үшін күні бойы теледидарға телміріп, тек қана барыстардың тартысын тамашалау – оңай емес. Өзге де шаруалары бар, оларды ысырып тастап күрес көру, әлбетте, қиындық тудырады. Дегенмен біз көрермен пікірін қашанда жоғары қойып, құлақ асуға тырысамыз. Осы ретте «Әлем барысын» екі күнге бөліп өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған турнир қыркүйектің 7-8 күндері Астанада өтеді. EXPO аясында ұйымдастырып отырмыз.
– «Әлем барысының» форматы өзгеше болады екен. Ол ерекшелік осы сіз атап өткен екі күндік жарыспен ғана шектеле ме?
– Атап өту керек бір жайт, турнирге 50 мемлекеттен алыптар келеді. Бұл жарысқа бірқатар Олимпиада чемпиондары қатысады деп күтілуде. Яғни, басқа турнирлердің басты артықшылығы – күллі әлемнің «Сен тұр, мен атайын» деп тұрған спортшылары жиналады. Мұны қазақ күресінің EXPO көрмесі десе болады.
– Күресті ұлттық құндылыққа теңеп жатамыз. Мұның маңызын бүгінгі қоғам жеткілікті дәрежеде сезініп жүр ме?
– Қолдан келгенше осы күресті көтерсек, дамытсақ деген ниет-тілегіміз бар. Оған федерация, Үкімет тарапынан да жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ менің ойымша, күрестің маңызын арттыру үшін алдымен оның өзін өзгерту керек секілді. Мәселен, биыл өз басым «Қазақстан барысын» жетінші мәрте өткізіп жатырмын. Сол жерде жиі орын алатын олқылық – төрелік ету. Төрешілердің есебінен кетіп жатқан қателіктер баршаңызға мәлім. Тіпті кейде өте қатал, өрескел қателіктер орын алып жатады. Соларды жою үшін күрделі өзгерістер енгізгіміз келеді. Егер сол жүзеге асатын болса, меніңше күрестің абыройы мен маңызы артуы тиіс.
– Күреске өзгерістердің енгізілуін Олимпиада бағдарламасына қосуға бір қадам десек бола ма?
– Төрт жылдық бәсекесінің бағдарламасына кіргізу туралы әңгімені министрлік айтса, жөн болатын секілді. Сіздің айтып отырғаныңыз – көптің арманы. Дегенмен ол жолда қыруар жұмыс, қаржы керек. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындау қажет. Маған, Арман Шораев үшін, қазақ күресінің деңгейі жапонның сумосына жетсе, сол – жеңіс. Сумо ешқандай олимпиадалық спорт түрі емес. Дегенмен беделі өте зор.
– Өзімізге ғана тән дүние болса екен деген ой ғой?
– Әлбетте, түкпірде сондай тілек жатады. Шыны керек, қазақ күресінің қазіргі формасына көңілім толмайды. Олай дей-тін себебім – шетелдіктер қазақ күресін түсінбейтіндіктерін жиі айтады. Белдесуді қарап отырып, мұның не дзюдо, не самбо, не еркін, грек-рим күресі екендігін айыра алмайды. Өйткені күртешелері, кей әдістері ұқсайды. Бір құпиямен бөлісейін, «Қазақстан барысында» көрермендерге жаңа киім үлгісін ұсынатын боламыз. Сол жерде ашық дауысқа саламыз. Күрес көруге қызығатын, нағыз жанкүйерлер жиналған жерде бұл мәселені шешу оңайырақ. Он мыңнан астам көрерменнің алдында таныстырылымын жасаймыз. Бұл бір құрылтай іспеттес болады. Егер халықтың көңілінен шығып жатса, өзгертіп қалуымыз ықтимал. Ұнамаған жағдайда бәрі баяғы қалпында қалады.
– Барыстардың танымалдылығы кей Олимпиада жүлдегерлерінен жоғары. Мұның сыры неде?
– Кезінде әр ауыл өз балуанын, ақынын, сал-серісін табанын жерге тигізбей құрметтейтін болған. Үкіметтің қабылдаған «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының мәні де – осы көнеден қалған салт-дәстүрлер мен жоралғыларды жаңарту. Қоғам батырлықты, батылдықты қашан да сүйеді. Ондай тұлғаларын ардақ тұтады. Қазақ күресі балуандарының беделі жоғары болуының себебі осында шығар. Қаныңда бар күресті сезінесің, бойыңды мақтаныш кернейді. Әрі бүгінде алпамсадай жігіттер көп емес. Түйе балуандардың бір бәсі артық болар тұсы осында болса керек.
– Еуразия балуандарының бас қосар жері – «Еуразия барысы» жайлы айтсаңыз.
– Бұл да табысты әрі жемісті жобаларымыздың бірі. «Еуразия барысының» халықаралық мәні жоғары. Форматы да өзгеше. Ол жерде сегіз жігіт өз елінің намысын қорғап, «бейбіт» соғыста шайқасады. Бір-бірімен болатын текетірес сонысымен қызық. Ойымда ылғи жүретін бір дүниемен бөлісейін. Бұл турнир несімен ұнайды? Біз ауыр салмақтағы балуандардың бағын жандырып жүрміз. «Еуразия барысы» болса, жеңіл салмақтағы барыстардың да таныла түсуіне мүмкіндік береді. Олардың күресі біле білсеңіз, өте әдемі. Өйткені түрлі әдістер жасалады. Алыптардың айқасында ондайды жиі көру мүмкіндігі беріле бермейді. Биыл желтоқсанның бірінде кезекті турнирді жоспар-лап отырмыз. Алматы Арена кешенінде екінші мәрте өтетін болады. Оған қала әкімі Бауыржан Байбек қолдау білдіріп, жарысты ұйымдастыруға ат салысып жатыр. «Еуразия барысына» шетелдіктердің ықыласы зор. Соның ішінде әріптестеріміз, БАҚ өкілдері де бұл шараға бей-жай қарамайды. Мысалы, Түркияның телеарна-лары өз балуандары қатысып жатқан соң түсіруге, көрсетуге тырысады. Сол секілді ресейліктерді де ерекше атап өту керек. «Матч ТВ» және «Боец» арналары көрсеткені белгілі. Аталған телеарналардың рейтингі өте жоғары екендігі көпшілікке аян. Алдағы уақытта жарыс қатысушыларының ауқымын кеңейтсек деп отырмыз. Тек Еуразия құрлығы төңірегінде емес, еуропалықтарды да қосуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, Жапония, Корея сынды елдердің спортшылары қатысуға ниет білдіріп жатыр.
– Күндердің күнінде еуропалықтар қазақтардан басым түсіп, бас жүлдені бермей қоятын болса, оны қауіп деп қарауға бола ма?
– Егер солай болатын болса, ол – күрестің дамығаны. Әрі бізге жасалған жақсы жарнама болар еді. Әдетте, бәйгеде алыстан келген ат бірінші келсе, той иесі үшін ол үлкен абырой саналады. Мысалы, дзюдо – тек жапондықтардың спорты ғана емес. Онымен бүкіл әлемнің баласы шұғылданады. Айтқым келетіні – басқа елдің балуандарынан күресімізді қызғанбауымыз керек. Қайта қызығып, үйренгеніне қуана білейік. Бірақ өз елімізде өткен соң, қомақты жүлде қоры тігілетіндіктен, өз ұлдарымыздың басым түскенін іштей қалап тұратынымыз жасырын емес.
– Бүгінгі қазақтың дене тұрқы ұсақталып барады. Жастар, жеңіл салмақты балуандар күреспен қаншылықты айналысады?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ күресіне деген ықылас төмендеу еді. Облыстардан күрес үйірмесін табу мұң болатын. Бүгінде бұл жағдай тұрақталды. «Бұл – олимпиадалық спорт түрі емес» деп мұрнын шүйіріп жүрген аймақтардың өзінде үйірмелер ашылып, жастар үйреніп жатыр. Демек, сұраныс бар.
– Жұмыстың нәтижелі болуы ұжымға байланысты. Кадр жасақтауда қандай шарт қоясыз?
– Қызметкерлерімнің саны аса көп емес. Әрі кетсе 7-8 адамның айналасында. Дегенмен әрқайсысы сенімді әрі жауапты. Адамның бойындағы еңбекқорлықты жоғары бағалаймын. Жылда жарыс қарсаңында қыз-жігіттеріміз 5-6 келі салмақ жоғалтып жатады. Ол талаптың қаталдығынан емес, бірінші кезекте қызметкердің еңбексүйгіштігінен. Жұмысқа беріліп, жан-тәнімен кірісіп кетеді. Міне, мен жақсы көретін қасиет – осы.
– «Көздеген шыңыңа жеткен соң, оған деген ынта азаяды» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазіргі таңда не нәрсеге ынтызарыңыз ауып жүр?
– Нөмірі бірінші мақсатым – алдағы екі-үш жылдың ішінде төрешілер әділетсіздігін жою. Кем дегенде 99 пайызға қысқартқым келеді. Сондай-ақ қазақ күресін ең танымал спорт түріне айналдырғым келеді. Бұл мақсат орындалады деп сенемін. Себебі, сең қозғалды. Олай дейтінім, Халықаралық қазақ күресі федерациясын құрдық. Оған төраға қылып еліміздің Энергетика министрі Қанат Алда-
бергенұлын сайладық. Осы жылдар ішінде Қазақстандағы танымалдылығын арттырдық. Ендігі шың – әлем елдерінде қазақ күресін мойындату.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Жадыра АҚҚАЙЫР
aikyn.kz