Календарь

Арман Шораев: Спорт пен шоуды біріктірдік, енді туризм саласында «шағын революция» жасағым келеді

EURASIA BARYSY
23-09-2021 10:09
Қызмет жолын қарапайым облыстық радиодағы жастар бағдарламасының редакторы ретінде бастаған бұл азамат бүгін Қазақстан туралы, қазақтың ұлттық спорты туралы жарты әлемге жар салған ірі жобаның авторы әрі жетекшісі. 25 жыл бойы медиа саланы әбден меңгерген Арман Шораев кейін «Қазақстан барысы» деген жобаны бастап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосты, әлемдік деңгейде бірнеше турнир ұйымдастырды. Сондай турнирдің бірі - «Еуразия барысы» және турнир биыл үшінші рет өткелі отыр. ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзив сұхбат берген «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев енді туризм саласында «революция» жасағысы келеді екен. Сондай-ақ, сұхбат барысында Арман Шораев 2014 жылы «Қазақстан барысы» атанған Мұхит Тұрсыновтың бір құпиясын ашты.

- Арман Төлегенұлы, қазан айының тоғызында «Тараз-Арена» стадионында өтетін кезекті «Еуразия барысына» дайындық қызып жатқан шығар?

- Дұрыс айтасыз, тоғызыншы қазан күні Тараз қаласында ІІІ «Еуразия барысы» өтеді. Былтыр «Еуразия барысын» Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдығына арнаған едік, биыл турнир Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Бұның себебі, әрине, айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, қазан айының басында Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен шара өтеді, міне, біздің турнир осы бағдарлама аясына кіріп отыр. Айта кетерлігі, биыл турнирге қатысатын мемлекеттердің санын азайтамыз ба деп отырмыз. Неге екенін түсіндірейін, бұрын бір мемлекеттен бес салмақ бойынша күресетін бес балуан қатысатын. Биыл екі қосымша салмақ қосып отырмыз, яғни, бір мемлекеттен жеті балуан қатысады. Біздің турнирді Қазақстанның телеарналары ғана емес, Ресейдің «Боец» арнасы мен Түркия елінің «TRT AVAZ» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді ғой, ал, трансляция уақыты алты-алты жарым сағаттан аспауы керек.  Сондықтан, биыл турнирға қатысатын мемлекеттердің санын қысқартуға мәжбүр болып отырмыз. Қатысатын елдердің саны әлі нақты бекітілмесе де, шамамен сегіз мемлекет балуандарын сайлап әкеледі деген жоспар бар. Дегенмен, неше ел, неше спортшы қатысса да, өте тартысты әрі әдемі күрес болады деп ойлаймын. Моңғол елдерінің балуандары міндетті түрде келеді, біздің басты қарсыластарымыздың бірі деуге болады. Өйткені, бірінші «Еуразия барысын» қазақ балуандары жеңіп алды, екінші турнирде моңғол спортшыларының жауырыны жерге тимеді, енді биыл «өшімізді» аламыз деп отырмыз. Ресей, Тәжікстан құрамалары да жақсы дайындықпен келеді. Ал, енді, жүлде қорына келсек, бұрынғы теңге бағамымен 100 мың доллар, яғни  18,5 миллион теңгеге жуық еді, қазіргі бағаммен турнирдің жүлде қоры 70-75 мың доллар болады деп шамалап отырмыз. Жүлделі орындар арасында бұл қаржы қалай үлестірілетінін жуық арада есептейміз.

- Турнир Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралармен қатар келіп тұр екен, жалпы, дайындық жұмыстары қабаттасып жатқан жоқ па?

- Жоқ, себебі, жоғарыда айтқанымдай, турнир осы тойдың бағдарламасына енген. Оның үстіне, мерекелік шаралар өтетін орын бір бөлек, ал, турнир «Тараз-Аренада» өтеді. Стадионға келетін көрермендерден басқа, «ҚазСпорт», «Боец» және «TRT AVAZ»  арналарының аудиториясын есептегенде, турнирдың қызығын шамамен 100 млн адамның ар жақ-бер жағындағы көрермен тамашалайды деп  есептеп отырмыз.

Биыл маусымдағы  қазақ күресінің тағы бір жаңалығы - қазақ күресі Федерациясы ресми түрде Қазақстан Республикасы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерециясының құрамына қосылды.Конфедерацияға қосылу көп уақыт алды ма? Жалпы, конфедерацияға қосылу қазақ күресінің дамуына қандай ықпал етеді?

- Жоқ, конфедерацияға қосылу ұзақ уақытты қажет еткен жоқ. Осы ретте, конфедерация төрағасы Тимур Құлыбаев мырзаға өз ризашылығымызды айтқым келеді. Конфедерация өзі ұсыныс айтып, тиісті өзгерістер енгізді. Бұл, әрине қазақ күресінің дамуына өте жақсы ықпалын тигізетін өзгеріс болды. Нақты қандай нәтиже береді десек, мысалы, алдағы желтоқсан айында біз Қазақ күресі федерациясының тарихында алғашқы рет федерация кубогы үшін күрес ұйымдастырамыз.  Кубоктың жүлде қоры 20 млн теңге болады деп жоспарланып отыр. Бұл қадам  аймақтардағы қазақ күресін дамытуға оң ықпалын тигізеді.

- Конфедерацияға Олимпиада ойындарындағы спорт түрлерінің федерациялары мүше. Қазақтың ұлттық спорт түрлері арасынан қазақ күресін  Олимпиада ойындарының қатарына қосу туралы оқтын-оқтында айтылып жүр. Конфедерацияға кіру осы мақсаттың алғашқы қадамы шығар?

- Ия, бұндай әңгіме спорт саласын басқаратын лауазам иелері тарапынан айтылып жүр. Әрине, бұл бір жылда, бес жылда, тіпті он жылда шешілетін мәселе емес. Бірақ, бәрі бір алдымызға осындай мақсат қоя білу керек. Мысалы, біз «Мәңгілік ел» боламыз дейміз, ендеше, сол «Мәңгілік елдің» бір спорты Олимпиада ойындарына қосылуы керек.

- Сізбен толық келісемін. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет қана емес, Сіз сияқты азаматтар, ең алдымен, спортшыларымыздың өз үлесін қосуы керек сияқты. Жалпы, «Барыс» атанамын дейтін  балуандардың миссиялары да әртүрлі болуы мүмкін ғой. Біреулер  боз кілемге атаң-даңқ үшін шығуы мүмкін, біреуі спорттағы мансап үшін күресуі мүмкін. Жалпы, осы барыстарымыздың ойында жүлде алудан басқа, қазақ күресін көркейтсем деген ой болмаса, азаматтық позиция болмаса, бәрі бекер сияқты. Бұған не дейсіз?

- Менің ойымша, барыстарымыздың аты затына сай болуы керек. Мен бұрын күрескен біраз ақсақалдарды білемін, кейде, уақыт табылса, дидарласудың сәті түседі. Сонда ақсақалдар қазіргі күрес пен жүлде туралы айта келе,  «кезінде біз бір ақ қағаз үшін, ұзаса, бір радио қабылдағыш құрылғы үшін күресетін едік» деп, сол заманды еске алады. Ал, қазір, күресіп, «барыс» атанып жүрген азаматтар аз-кем болсын, материалдық табыс табады. Және ол солай болу керек. Мысалы, шет елде футболшылар мен боксшылар миллиондаған ақша табатынын білеміз ғой? Біз де спортшыларымызды сондай дәрежеге жеткізуіміз керек. Ең бастысы,  біз спорт пен шоуды біріктірдік. «Қазақстан барысы» атанған жігіттер қазір спорт жұлдыздарына айналды. Ал, «жұлдыз» болған соң, оның жағдайы да жақсы болуы керек. Азаматтық позицияға келсек, балуандарымыздың бәрі кешегі ауылдың қара домалақ балалары. Олар алған жүлдесін өзіне ғана жұмсамайды. Мысалы, Мұхит былтыр жеңіп алған ақшалай жүлдесінің қақ жартысын жақындарына таратып, несиелерін жабуға көмектескен. Міне, нағыз азамат! Құдайға шүкір, балуандарымыз күресте ғана мықты емес, бойларында азаматтық пен адамгершілікті қалыптастырған адамдар. Сегіз қырлы бір сырлы жігіттер ғой.

- Жалпы,  спортшыларға қатысты жеке ойыңызды айтыңызшы, Мұхит, Айбек, Бейбіт сынды балуандардың артынан еріп келе жатқан және Сіздің көзіңізге түсіп жүрген жауырын иелері бар ма?

- Әрине, бар. Қарап отырсақ, соңғы екі жылда «Қазақстан барысына» іріктеліп келетін балуандардың қақ жартысы - бұрын аты шықпаған 17-18 жастағы бозбалалар екен. Жуырда менің жеке телефоныма Қызылорда облысынан бір бала жаттығуын жіберіпті, видеоны қарасам, бойы 190 см, салмағы 110 келі, ал жасы небәрі 17-де екен. Міне, нағыз Қажымұқан бабамыздың ұрпағы екенімізді осыдан байқауға болады. «Қазақстан барысы» қоры жас балуандарды ынталандыру үшін «Жас барыс» деген турнирді де өткізеді, осыдан үш жыл бұрын «Жас барыста» көзіме түскен балуандар биыл «Қазақстан барысының» іріктеуінен өтіп келді. Жалпы, әуел баста осы жобаны қолға алғанда, «Қазақстан барысы» әлеуметтік лифтке, әсіресе, ауыл балалары үшін әлеуметтік лифтке  айналса екен деп едік. Сол мақсатымызға жеттік деуге болады. Өйткені, «Қазақстан барысы» пайда болған бес жыл ішінде қазақ күресімен шұғылданатын азаматтардың саны төрт есеге артты. Егер 2010 жылы еліміз бойынша қазақ күресіне қызыққан отыз мың адам болса, қазір олардың саны 120 мың адамнан асты. Бұл дегеніміз - өңірлерде дене шынықтыру үшін жаңа нысандар салынып, жаттықтырушыларға жаңа штаттық жұмыстар ашылып жатыр деген сөз. Яғни, қазақ күресі қарапайым азаматтар үшін табыс көзіне айналып отыр. Оның үстіне, өзіміз білеміз,  күшіне сенген жігіттердің жаман жолға түсіп, қарақшылық жолмен ақша табуы да сәнге айналған кездер болды. Менің ойымша, спорт, осы қазақ күресі сондай талай талантты жігіттерді жаман жолдан құтқарды.

- Арман Төлегенұлы, яғни,  Сізді қазақ күресінің керегесін кеңейтіп, бұқаралық спортты дамытуға жан-жақты, соның ішінде, материалдық қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкер десек бола ма?

- Жо-жоқ, мен кәсіпкер емеспін...

- Онда Сізді кім деуге болады?

- Мен өз-өзімді «креатормын» деп айтамын. Жаңа идеялар тауып, соны жүзеге асырамын. Менің кәсібім - осы.

- Осындай тың идеялардың бастауы қайдан шығады?

- Шығармашылық адамы болған соң, идеялардың қайдан шығып жатқанын өзіміз де білмей қалып жатамыз. Былтыр 25 жыл бойы қызмет еткен медиа саладан «құтылдым». Бірақ, айтарымды айттым, ойымдағы армандарымды орындадым...неге екенін білмеймін, бәлкім, әскер қатарында болғаннан соң шығар, әлде әскери білім алғаннан кейін бе, жас кезімде соғыс жылдары туралы кино ма, сериал ма, әйтеуір, бір ілікке жарайтын дүние түсірсем деп армандадым. Медиа саласында жүріп сол арманымды орындадым. Басты рөлді актер Қуандық Қыстықбаев орындаған «Қасым» атты төрт сериалы фильм түсірдім. Қасым ағамыздың аруағы риза болса, болды. Бұдан бөлек, мюзикл жанрында бір комедия түсіргім келетін. Оны да түсірдік. «Дос-Мұқасан»  тобының әндерін пайдаланып, «Сұлу бойжеткен» деген мюзикл түсірдік. Жалпы, бір нәрсені бастасам, уақыт өте келе, ол бағыт қызық болмай қалады. Осы дүниелер арқылы медиа жобалар саласындағы қызметімді қорытындыладым деуге болады. «Қазақстан барысын» бес рет өткіздім, енді бес рет өткізсем, «жалығып» кететін шығармын.

- Телеарна, спорт салаларынан кейін енді қай бағыт қызықтыруы мүмкін?

- Қазірдің өзінде қызығып жүрген бағыт - туризм саласы. Мынандай анекдот, мынандай стереотип бар бар ғой: Түркияда екі қазақ кездесіп қалыпты да, «Бурабайға барып демалуға ақшаң жетпеген соң, осында келдің бе?» депті бір-біріне. Мен осы стереотипті бұзғым келеді. Түркия, Тайландқа бармай-ақ, өз елімізде де демалуға болатынын дәлелдегім келеді. Сол үшін осы салада «шағын революция» жасасам деген ойым бар.

- Ол «революция» басталды ма?

- Ия, басталды. Туризм саласында біраз ойларымды жүзеге асырғым келеді және жұмысты бастап та кеттім.Нағашы жұртым - Зерендіде демалыс мекенін аштым. Аналарымыз қонақ күтпесе, көңілдері көншімейтін еді ғой. Міне, қонақжайлығымызды кәсіпке айналдырсам деген ойым бар.

- Еліміздің экономикасына тікелей қатысты салаларда жаңалық ашуға құмар екенсіз. Шенеунік болып, проблемаларды шешу үшін мемлекеттік қызметке келгіңіз келмей ме?

- Жоқ, мемлекеттік қызметке бармаймын.

- Ендеше, тың идеяларыңыз таусылмасын. ІІІ «Еуразия барысы» сәтті өтіп, келесі сұхбатымыз балуандарымыздың жеңісі туралы болғай. Сізге көп рахмет!


Сұхбаттасқан - Кенжекей Тоқтамұратқызы

"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі