Календарь

«Қазақстан барысы» сайысында бас жүлдені кім алуы мүмкін?

20-09-2021 10:36
22 қыркүйекте Астанадағы «Сары-арқа» спорт кешенінде «Қазақстан барысы» деп аталатын аса дүбірлі жарыс өтеді.

22 қыркүйекте Астанадағы «Сары-арқа» спорт кешенінде «Қазақстан барысы» деп аталатын аса дүбірлі жарыс өтеді. Қазақ күресін ұлықтау және насихаттау мақсатында екінші мәрте ұйымдастырылып отырған осы байрақты бәсекеге қатысатындардың барлығы әлдеқашан іріктеліп қойған. Бұл күндері белді балуандарымыздың барлығы да соңғы даярлықтарын пысықтауда. Олардың әрқайсысының да арманы - жарыстың бас жүлдесін олжалау. 

Жарыстың тұсауы былтыр кесілді. Осы керемет жобаның жүлделік қоры да мол болды. Сан мың көрермен атақ-даңқы алысқа тараған балуандардың өнерін тамашалады. Қазақ күресін айтпағанда, дзюдо, самбо және грек-рим күресінің өкілдері де бақ сынауға ниет білдірді. Олардың қатарында Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлде алған жігіттер де кездесті. Республикалық арналардан тікелей репортаж берілді. Осы «жан алысып, жан беріскен» айқаста қызылордалық Ұлан Рысқұлдың жұлдызы жанып, жарыс жеңімпазы атанды. Сыр бойының саңлағы финалда жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевты жеңсе, Семей өңірінің өрені Шалқар Жоламанов үшінші тұғырға табан тіреді.
«Қазақстан барысы» биыл да өте тартысты және қызықты өтетініне еш күмән жоқ. Өйткені бұл жолы іріктеу турнирі былтырғы жылға қарағанда, әлдеқайда күрделі болды. Соның негізінде әр өңірден ең мықты деген қос балуаннан ғана сұрыпталып алынды. Соңғы сәтте үміткерлер қатары екі бірдей апайтөспен толықты. Олар - былтыр «Қазақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұл және дзюдодан Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатысушы Ержан Шынкеев.
«Қазақстан барысы» жо­ба­сына биыл қатысатын ба­луандардың мүмкіндіктерін ша­малап көрсек, бас жүлдеден негізгі үміткерлер ретінде Ұлан Рысқұл мен Бейбіт Ыстыбаевтың есімдері аталады. Бұл болжам негізсіз емес. Себебі қос мық­ты былтырғы жарыстың ақтық айқасында күш сынасты. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. Десек те талай дүбірлі додада түйе ба­луан атанған Ыстыбаев оған оңайлықпен алдырған жоқ. Тіптен терезесі тең өнер көрсет­ті десек, ешкім дау айта қоймас. Бұл күндері 27 жастағы жігіт - (Жамбыл облысы Талас ауда­ны­ның түлегі) нағыз бабында. Бейбіттің бойы - 193 сантиметр, салмағы - 135 келі. Елдос Да­лабайдың шәкірті бұған дейін қазақ күресінен әлем және Азияның екі дүркін чемпионы атанған болатын.
Ұлан Рысқұл - 23 жаста. Алматы облысының Балқаш ауданында туып-өскен атақты балуан көптен бері Қызылорда облысының атынан сынға түсуде. Ұлан ұзақ жылдар бойы Садық Мұстафаев сын­ды білікті бапкердің қолас­тында жаттығуда. Ол - дзюдо күресінен еліміздің ұлттық құ­рама командасының мүшесі. Былтыр Рысқұл өзінің спорттық өмірбаянындағы ең ірі жеңіске қол жеткізіп, «Қазақстан ба­рысы» атанды.

Жарыстың басты фаворит­тері ретінде қарағандылық Ер­жан Шынкеев және Шығыс Қазақстан облысының қос өре­ні - Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаровтың есімі жиі аталады. Осы үш апайтөстің арасындағы ең тәжірибелісі - Жоламанов. Ұржар ауданының түлегі, 33 жастағы Шалқар - қа­зақ күресінен әлем және Азия чемпионы, самбодан әлем чем­пионатының қола жүлдегері. 2011 жылы «Қазақстан барысы» жобасында үшінші тұғырға табан тіреді. Бойы - 174 сантиметр, салмағы - 100 келі. Шалқардың бапкері - Қанат Сүлейменов.
Жоламановтың командалық әріптесі Айбек Нұғымаров 1987 жылы Абай ауданында дүниеге келді. Бойы - 188 сантиметр. Салмағы - 132 келі. Ол да қазақ күресінен әлем және Азия чем­пионатында дара шыққан. Ал кө­мірлі өлкенің Шет ауданын­да туған 27 жастағы Ержан Шын­кеев дзюдо күресінің хас шебері екені баршаға мәлім. Ол құрлықтық деңгейдегі жарыстарда үнемі жүлде алып жүр. Биыл Лондон Олимпиадасында бақ сынады. Талғат Байшолақовтай даңқты балуан, білгір бапкердің тәр­биесін көрген Шынкеев биік шыңдарды бағындыруды мақсат тұтады. Ержанның бойы - 181 сантиметр, салмағы - 120 келі.
Астаналық балуан Ғани Сейділдаев жайында да пікір­лерді жиі естіп жүрміз. 1981 жы­лы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған жігіттің қол жеткізген табыстары бір басына жетерлік. Ол әлем және Азия­ның екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері. Ғанидың бойы - 182 сантиметр, салмағы - 97 келі. Бапкері - Ерлан Естек.
Алматы облысының атынан сынға түсетін Руслан Сейілханов сынды сақа спортшы бұл жолы дарынды жастардың біразын жолынан ығыстыруы мүмкін. Бұл жігіттің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде самбо күресін серік еткен Сейілханов әлем чемпионатында бірнеше мәрте атой салып, жүлде ал­ды. Әлем кубогы мен Азия чем­пионаттарында талай рет жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді. Кейіннен дзюдоға ауысып, көптеген табыстарға жетті. Екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысты. Ол қазақ күресінен де талай байрақты бәсекеде түйе балуан атанды. Бұл күндері 40 жастағы Руслан әйгілі дзюдошы, Сидней Олим­пиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұловтың қолас­тында жаттығуда.
Мамандардың пайымда­уынша, Батыс Қазақстан об­лысының өкілі Арман Әбеуов және қызылордалық Ерболат Юсупов пен Ерболат Әбдіразақовтың да жүлделі орындар үшін таласуы мүмкін. Сондай-ақ аталмыш жарыста Рустам Жұмаев пен Нұрлан Жамалов (Ақмола), Бақтыбай Қисықов пен Нұрсұлтан Иман­ғазин (Ақтөбе), Айдос Қаң­лыбаев (Алматы облысы), Нұрбек Қожағалиев пен Кен­жебек Күзенбаев (Атырау), Еділ Үсенов (Батыс Қазақстан), Жасұлан Әбішев (Жамбыл), Бақдәулет Абызов пен Күнәлем Ержанов (Маңғыстау), Сабыр­жан Әбділдаұлы мен Нұрзат Бекасылов (Оңтүстік Қазақстан), Александр Касачев пен Асыл Барменов (Қарағанды), Дархан Жоламанов пен Мұрат Бәкір (Павлодар), Дәурен Есләмов пен Айбек Қырықбай (Солтүстік Қазақстан), Ер­дәулет Құрманов пен Жайдар Сайлаубаев (Алматы қаласы) және Дархан Бижанов (Астана қаласы) сынды саңлақтар бақ сынайды. Бір сөзбен айтсақ, боз кілемде белдесуге бел буған балуандардың қай-қайсысын алсаңыздар да, нағыз «сен тұр, мен атайындар». Олай болса, Астана төрінде бізді алапат айқас күтіп тұр.



• Үміткерлер арасында барлығынан да Айдос Қаңлыбаевтың салмағы ауыр. Алматы облысының түлегі 137 келі тартады. Сондай-ақ жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев (135 келі), семейлік Айбек Нұғымаров (135 келі) және атыраулық Кенжебек Күзенбаевты (130 келі) салмақтылар қатарына жатқызуға болады. Ал салмағы ең жеңіл - атыраулық Нұрбек Қожағалиев пен ақтөбелік Бақтыбай Қисықов. Олардың салмақтары 75 келі шамасында. 
• Жарысқа қатысушылар арасындағы ең бойшаңы - Рустам Жұмаев. Ақмола облысы өкілінің бойы - 198 сантиметр. Қызылордалық Руслан Әбдіразақовтың бойы одан екі сантиметрге қысқа. Ал аласа бойлылардың «көшін» атыраулық Нұрбек Қожағалиев бастап тұр. Оның бойы - 173 сантиметр.
«Қазақстан барысы» жобасы бойынша бақ сынаушылар қатарында ең ересектері - қостанайлық Мұрат Кеңтонов пен талдықорғандық Руслан Сейілханов. Қос балуанның жасы 40-тан асса да, олар күнделікті спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Ал жас жағынан ең кішілері - ақмолалық Рустам Жұмаев, атыраулық Кенжебек Күзенбаев және алматылық Ердәулет Құрманов. Олар енді ғана 20 жасқа толған.


Последние новости