Календарь

ШЫНКЕЕВТЕР ШЫДАТПАДЫ

30-09-2021 10:36
Сәуір айының 23-25 күндері Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сыны өтті

Сәуір айының 23-25 күндері Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сыны өтті. Бұл дүбірлі сынға келіп бағын сынаған балуандардың саны 300-ге жетіп жығылды. «Әр кәллада – бір қиял» демекші, кілемге шыққан әрбір балуанның көкейінде алдағы болатын «Қазақстан Барысы» турнирінде жұлдызым жанса, жүлденің мол қорынан қарпып бір алсам деген балдай тәтті ойдың бүлкілдеп тұрғаны жасырын емес еді. Несі бар, өмірде де, спортта да адам баласына қанат бітіретін арман, осындай ұшқыр да тәтті қиял емес пе?!. Ал Қарағандыдағы жарыс «Сарыарқа Барысы» деп аталды. 

Ескертумен ұтқан Ержан

«Сарыарқа Барысының» жартылай финалында сыралғы қарсыластар – жолындағыларын жапыра жеңіп келген Ержан Шынкеев пен Асылхан Бәрменов күш сынасты. Бұл екі балуанның белдесуін түрлі жарыстарда, жер-жердегі астарда берілген күрестерде талай көргенбіз. Бәрменовтің салмағы Ержанға қарағанда жеңілдеу. Алайда, соған қарамастан Асылханың оңай алдыра қоятын «жау» емес. Жалпы, Бәрменов қазақ күресінен 90 келі салмақтағы Азияның чемпионы, Әлем кубогының иегері. Көбіне абсолюттік салмақта сынға түсіп, өзінен салмағы едәуір ауыр қарсыластарынан қаймықпай күресетін қайсар балуан.

Ал Ержанға келер болсақ, ол осының аз-ақ алдында Тайландта өткен дзюдодан Азия чемпионатына қатысып, қола жүлдемен оралған болатын. Яғни, бел шешіп тынықпастан күреске түскен беті екен.

Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта Ержан Шынкеевке төтеп берер балуан Қарағанды облысында жоқ. Салмағы 120 келі тартатын бұл жігіттің күресін көрген жұрт: «Дүлей екен!», – деп жағасын ұстайды. Себебі, Шынкеев «ә» дегеннен қарсыласының екі аяғын бір етікке тығып, шабуылдай жөнелетін мәнердің балуаны. Лондон-2012 Олимпиадасының, әлемдік басқа да ірі турнирлердің татамиінде жапоннның, корейдің небір апайтөс һәм айлалы балуандарымен сынға түсіп, әккіленіп алған Ержанның бүгінгі екпіні тау жығардай.

Сонымен, Сарыарқаның Барысын анықтайтын ақтық айқасқа жол ашатын белдесу басталып та кетті. Өз күшіне сенімді Шынкеев шабуылдап жүр; ал Бәрменов болса қарсыласының әрбір қимылын аңдып, сақ жүр, шегіншектей береді. Мұндай шегіншектігі жалғаса берген соң, ақыры төрешіден ескерту алып тынды. Осы ескерту оның «түбіне» жетті де: өзінен күші мығым Шынкеевке бір де бір тәсіл істетпегеніне қарамастан, күрестің уақыты біткенде Бәрменовте жеңілгенін мойындаудан басқа амал қалмаған. 

Төрешіге төмендеу жараспайды

«Сарыарқа Барысының» ақтық сыны жұрт күткендегідей тартысты болмады. Неге десеңіз, тартыстың көкесі жартылай финалдық белдесулердің еншісіне бұйырған-тын. Бірінші жұпта Ержан Шынкеевтің жаңаарқалық балуан Асылхан Бәрменовті ұтқанын жоғарыда айттық. Ал жартылайфиналдық екінші жұпта Ержан Шынкеевтің немере інісі Олжас пен қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы Бекзат Ахметбеков күш сынасты. Кілемнен көптен бері көрінбей кеткен Олжасты осы белдесуде күнде жарысқа түсіп, бабында жүрген Бекзаттан осал болды десек обал болар еді. Тартысты өткен белдесуде екеуі де бір-бірден ескерту алды. Алайда, белдесудің тағдырын бір «Бүк» әдісі  шешіп, төреші Олжас Шынкеевтің қолын көтерді.

Әлбетте, әр балуанның жанкүйеріне салсаң, өзі болысқан адамынан өткен мықты жоқ. Сол тұрғыдан келгенде, осы және басқа да белдесулерде төрешілердің кейбір шешіміне наразылық танытып, айқайға басып, жер тепкілеген жұртты да көрдік. Осындай сәттерде бас төреші болып отырған маманныңмомындығы, шешім айтар кезде төменшіктеп, қипақтай бергені байқалып қалып отырды. «Диқанбай Биткөзов қайда екен?», – деп қазақ күресінің корифейі саналатын ақсақалды іздедік. Ол отырса, мұндай болмас еді ғой... Сөйтсек, әйгілі бапкер, сұңғыла төреші Диқаң бір бұрышта ақ тер, көк тер болып ақша санап жүр екен...

 Ағаны жағадан алмады

Сөйтіп, финалдық белдесуге ағайынды Шынкеевтер шықты. Екеуі де Шет ауданындағы Босаға дейтін ауылдың тумалары. Біздің білетінімз, сол ауылда марқұм Серік Мамашев деген бапкер салып кеткен күрес мектебі болған; қазір бар-жоғын білмедік. Ержан мен Олжас күрестіңуызын сол жерде ішкен.

Ағайынды қоңыр қаз боз кілемде ұстаса кеткенде нағыз күрестің болмайтынын жұрт біліп-ақ отырған. Ағасымен күреске амалдың жоқтығынан шыққан Олжасты да түсінуге болады. Не істесең де құлдық деген бейіл танытқан інісін ағасы жамбасқа салды да, кілемнің шаңын бұрқ еткізіп, алып ұрды...

Белдесуден кейін, ағайынды екеуімен де аз-маз тілдесудің сәті түсті. Алдымен інісі сөйледі: «Мені күреске баулыған осы ағам Ержан. Енді келіп ағаны жағадан алғаным жарамас. Оның үстіне, қай жағынан болсын ағам менен мықты. Жасыратыны жоқ, «Қазақстан Барысына» жолдама алғаныма шексіз қуаныштымын. Бәрі де өзімнің қолында, тек ерінбей жаттығу керек», – деді жиырмадан енді асқан Олжас балуан.

Ержан болса, былай деді: «Жартылай финалда төрешілерге көңілім толмады. Қарсыласым күреспей, қолын тіреді де жүріп алды; ескерту берілген жоқ. Кілемге шыққаннан кейін балуан деген күресуі керек қой. Жалпы, Азия чемпионатынан келе сала күрестім, тынығып үлгермедім. Соның әсері болды ма, кейбір белдесулерім өзімнің де көңілімнен шықпады. Былтыр «Қазақстан Барысында» төртінші орын алғам. Енді бапкерлерім Диқанбай Биткөзов және Талғат Байшолақов үшеуіміздің биылғы мақсатымыз – үздік үштіктің қатарында болу».

Диқанбай аға бүй деді:

«Әбден шаршадым. Келесі жылы мен бұл жарысқа кіріспеймін. Біздің облыста қазақ күресі ешкімге керек жоқ екен. Соған көзім жетті. Мына қызықты қараңызшы, «Сарыарқа Барысы» жарысының ашылу салтанатына облыстан, қала, аудан әкімшіліктерінен бір де бір шенеунік келіп қатысқан жоқ. Тек, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың орынбасары келіп төбе көрсетті де, оның өзі зым-зия жоғалды.

Облыс спортының басшысы Наталья Сухорукова қайдан тапқанын білмеймін, әйтеуір турнирдің соңғы күні, оның өзінде тура финалдық белдесулер өтер алдында жарыстың жүлде қоры деп бір миллион теңге алып келді. Аз ғана уақыттан кейін балуандарды марапаттау керек. Амал жоқ, ақша санадым... санағанда, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қылдай бөліп, конверттерге салдым. Жүлдеге деген ақшаны жеткізе алмай әлек болдық. Үйден барып музыкалық орталық пен шаңсорғыш әкеп, жеңімпаздарға тарту еттім...

Елдің түпкір-түпкіріндегі жұртпен хабарласып отырамыз. Бізден басқа жерлерде осындай жарыстың жүлде қоры 6-10 миллион теңгеден екен. Облысының әкімі күрестің төрінде отырады екен; аудандарының басшылары шашбауын көтеріп балуандарының соңынан еріп жүретін көрінеді. Тіпті, мынау оңтүстіктегі Жылысай қаласында өткен «Шымкент Барысы» сынында жеңімпазға деп жүлдеге темір тұлпар тігілді. Облыстық іріктеу сынында да бәйгіге автомашина қойылады деп естідік. Ал біздегі қазақ күресіне деген көзқарастың, жүлденің сиқы мынадай. Сарыарқаның Барысы болған Ержан Шынкеевтің қалтасына риза болсын, болмасын мың долларды салып бердік. Сухоруковаға рақмет, ол болмаса, саусақты танауға тығып қалады екенбіз...».

P.S.Бар саналы ғұмырын осы күреске арнап келе жатқан ақсақалдың – облыстағы қазақ күресі федерациясының атқарушы директорының жанайқайын иіс алмас қана түсінбес. Былтырғы жылдың соңында Қарағандыда Әлем кубогы сыны мен Азия чемпионаты өткенде де дәл осылай деп шырылдап еді. Одан беріде біршама уақыт өтті. Қазақ күресін дамытамыз деп, сонау ит арқасы қияндағы Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасына барып, арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жарыс өткізіп жүргеніміз бекер ме деп қалдық. Неге десеңіз, ықылым замандардан жеткен төл өнерімізге дәл осы Қарағандыда төрден орын жоқ екен. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Айтуғанов Қарағандыдағы қазақ күресі федерациясының президенті.Ол неге келіп қара көрсетпеді деген заңды сұрақ туады? Балуандары сынға түсіп жатқан басқа аудандардың әкім-қаралары қайда? Диқанбай Биткөзовше айтқанда: «Совет заманындағыдай мал төлдетіп, жыр жырттырып, егін ектіріп жатқан жоқ. Сонда бұлар не істеп жүр?!».

Бұлайша батырып айтатын жөніміз бар. Өйткені, «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қазақ. Өйткені, Астанадан «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, Дүниежүзілік қазақ күресі федеарциясы төрағасы, «Самұрық-Қазына» даму қоры, «Қазақ күресін дамыту қоры», Астана қаласы әкімінің атынан қол қойылған қатынас қағазы келді. Мекалай патшаның жарлығынан бір де кем емес. Тек, бір кісінің ғана қолы жоқ демесең... Жарыстың атауы да жер жарады: Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу.  Байқайсыз ба, күресіміздің және де жарысымыздың аты да мемлекетіміздің атауын иеленген. Бірақ, мемлекеттік шенеуніктеріміз бұған мән бермейді; қазағымның күресіне келмейді, сонда қай күрестің майданында жүр десеңші...

Қайрат АБДОЛЛА. Қарағанды қаласы.

ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ:

1998-1999 ж.т. жасөспірімдер:

38 келі. Бектас  Қаппар (Қарағанды қаласы);

42 келі. Мақсат Аршабеков (Жаңаарқа ауданы);

46 келі. Тілеуқабыл Шәріп (Абай ауданы);

50 келі. Заңғар Марат (Қарқаралы ауданы);

55 келі. Дидар Қауынбек (Қарқаралы ауданы);

60 келі. Асқар Сүлейменов (Нұра ауданы);

66 келі. Әділбек Төлеухан (Қарағанды қаласы);

73 келі. Жылкелді Құдайбергенов (Ұлытау ауданы);

+73 келі. Нұржан Төлеубай (Қарағанды қаласы).

1996-1997 ж.т. жасөспірімдер:

46 келі. Фархат Рахымжанов (Жезқазған қаласы);

51 келі. Байжол Сұлтанбай (Жезқазған қаласы);

57 келі. Нұрлы Сағынтай (Жезқазған қаласы);

64 келі. Ардақ Кәкімов (Бұқар жырау ауданы);

72 келі. Нұрасыл Мейірханов (Шет ауданы);

81 келі. Ерасыл Бөжік (Қарағанды қаласы);

+81 келі. Ақжігіт Оралов (Қарағанды қаласы).

1994-1995 ж.т. жастар:

60 келі. Еламан Қуанбай (Осакаров ауданы);

70 келі. Нұрболат Ахметбеков (Абай ауданы);

80 келі. Тимур Жарасов (Қарағанды қаласы);

90 келі. Айбек Бұрашев (Шет ауданы);

+90 келі. Самат Дүйсенов (Қарағанды қаласы).

Ересектер:

60 келі. Медет Исин (Қарқаралы ауданы);

70 келі. Жансай Смағұлов (Шет ауданы);

80 келі. Еркебұлан Батталов (Бұқар жырау ауданы);

90 келі. Ерсін Мұхаметжанов (Абай ауданы);

+90 келі. Бекзат Ахметбеков (Нұра ауданы);

«Сарыарқа Барысы»:

1. Ержан Шынкеев (Қарағанды қаласы);

2. Олжас Шынкеев (Шет ауданы);

3. Асылхан Бәрменов (Жаңаарқа ауданы).


Последние новости