Календарь

Айбат Сейтен: Жас болсам да, бас балуан болғым келеді

Казахстан Барысы
02-07-2021 04:13
«Қазақстан Барысы» турнирінде тұңғыш рет белдесетін балуандардың бірі – Айбат Сейтен. Сәуір айында Астана қаласында өткен іріктеу кезеңінде Ғани Сейділдаевты алға жіберіп, екінші орын алған балуан турнирде «Қыпшақ» деген лақап атпен белдеседі. Бұған дейін ол қазақ күресінен Азия чемпионы (2014 ж.) атанып үлгерді. Ел біріншілігінде күміс жүлдегер атанса, 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Қазақстанның жеңімпазы болды. Біз бүгін «Қазақстан Барысы» турниріне тұңғыш рет қатысқалы тұрған Айбат Сейтенмен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

-         Айбат, «Қазақстан Барысында» бірінші рет белдесесің. Дайындық қалай?

-         Дайындық ойдағыдай. Іріктеу кезеңінде «Қазақстан Барысына» қатысатыным белгілі болғаннан кейін тыңғылықты дайындыққа кірістім. Енді жарысты күтем.

-          Салмағың 100 келіден асып жығылады екен. Турнирге қатысатын балуандардың тең жартысына жуығының салмағы 100 келіге жетпейтінін ескерсек, кемінде бір айналымды артқа тастауға мүмкіндік бар сияқты ма, қалай?

-          Оны күрес барысында көре жатармыз. Ең бастысы, жеребе сәтті түссе болғаны. Тәжірибе жағы да үлкен рөл атқаратынын ескеру керек. Өйткені, салмағы 80-90 келі болса да, қаншама тәжірибелі ағаларымыз бар.

-          Бұған дейін «Қазақстан Барысының» финалдық кезеңіне шығуға мүмкіндік болып па еді?

-          Іріктеуге 2011 жылдан бастап қатысып келемін. Шынын айтқанда ол кезде тәжірибем аз болды. 2012 жылы да ұтылдым. 2013 жылғы іріктеу кезеңінде жарақатыма байланысты өз деңгейімде күрес алмадым. Ал былтырғы іріктеуде финалға біртабан жақын қалғанда Арман Әбеуовтен жеңіліп қалдым. Биыл мен үшін іріктеу кезеңі сәтті болды десем болады. Енді финалдық кезеңде барымды салмақпын. Әрине, әлі жаспын. Бірақ, жас болсам да, бас балуан болғым келеді.  

-          Қазақ күресімен шұғылданғаныңа қанша жыл болды?

-          2009 жылдан бері күресіп жүрмін. 16 жасымда бастағанмын. Оған дейін ауылда футбол, баскетбол ойнап уақыт өткіздік. 2009 жылы Астанаға келіп, қазақ күресіне біржолата ден қойдым.

-          Туған жерің туралы айтып өтсең...

-          Туған жерім – Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында дүниеге келдім. Астанаға келген күннен бастап Елордамыздың намысын қорғап жүрмін.

-          Рахмет, сәттілік тілейміз!

   


Последние новости