Календарь

Қайта оянған қазақы рух!

29-09-2021 10:36
Қазақ күресі – жер жүзіндегі қазақтай қайсар ұлттың теңдессіз өнері. Белдескеннің тізесін бүгіп, буынын қалтыратқан, әуелете лақтырып, жауырынын жер иіскеткен текті күрес. Неше атасынан бергі тұқымынан балуандық үзілмегендердің сайысы.

 

Қазақ күресі – жер жүзіндегі қазақтай қайсар ұлттың теңдессіз өнері. Белдескеннің тізесін бүгіп, буынын қалтыратқан, әуелете лақтырып, жауырынын жер иіскеткен текті күрес. Неше атасынан бергі тұқымынан балуандық үзілмегендердің сайысы.
Кенесарыдан кейінгі еңсе тіктеп, ел болудың қамында жүріп, төл күресімізді жаңғыртуға уақыт табыла бермепті. Алаш болып арыстандай ақырған жылдары Мұқан балуан ұлтының есімін әлемге паш еткен. Атың өшкір сұм соғыста қартайғанына қарамай, бар күшін, қажыр-қайратын соған арнап өмірін тауысыпты. Содан советтік деп аталатын кер заманға тап келіп, қазақ ұлты ұйыққа тірелгендей күндер кешкені белгілі. Баба мұратынан, ата жолынан жаңыла жаздаған сұрқай тұсты елестетсеңіз, түсіңіз түгілі өңіңізден шошисыз. Сонда да рухы мұқалмаған алаштың алыбы Әбілсейіттей арда қазақтар ұлтының намысы болып, дүниенің тарабына даңқы жайылды. Азаттық таңы жетіп, оның өзінде де ес жиып, етек қымтаған жиырма жылдан соң, бұқа мойын, бура санды балуандар буырқанып боз кілемге шыққанда «Сарыарқадағы» қарақұрым қазақ дүр сілкінбей қайтсін?! Оның сыртында «Қазақстан» және «КТК» телеарналарынан тамсанып, жұлқынып отырған миллион көрермен тағы бар. Еңсесін түсірмей, тізесін бүкпей күресетін күрес қазақтан басқа қайда бар? Ендеше, қазақтың ұлттық күресі алдымен, қазақтың өзіне керек.
Қысқасы, Ұлы Даланың шаңын көтеріп, дауылпазын ұрғызған алыптар сайысы осымен екінші мәрте байтақ орда – Астанада өткізілді. 2012 жылдың 22 қыркүйегі – сарайдың керегесі шайқалып, түндігі желпілдеген кез. Дәл уақытында сарайға енгенімізде байқадық, ине шаншар орын жоқ дейтіндей емес. Боз кілемнің екі қапталы адамға толып отырғанымен, солтұстық пен оңтұстық жақ бос болды. Оның себебін былтырғыдай су тегін болмай, билет сатылып, лотерея ойнатылумен байланыстыра алатын шығармыз. Басқадай ештеңе. Ең бастысы, ақ ниет, адал ықыласпен келген нағыз көрермендерге қалай риза болмассың?! «Жырымды жетелі жеті адам оқыса болғаны» деп ақындар айтатындай, ұлттық өнердің шын жанашыры жиналғаны құба құп.
Сәлден соң, жарық түсіріліп, дауылпаз ұрылды. Бар алаш асыға күткен сәт келді. Алдымен балуандар шақырылып, жеребе тарту рәсімі жасалды. Қазақы қоржыннан алған асықтағы сандар жазылып, балуан біткен жұптарын тауып жатты. Қалыптасқан дағды бойынша, президенттің құттықтау хаты оқылды. Қазақтың Қажымұқанның кейінгі бас балуаны, атақты Әбілсейіт Айханов балуан ізбасарларына ақ батасын бергені де өте тамаша болды. Себебі, былтырғы жылы бір жаттықтырушы кісі шығып алып, «елбасының арқасында» дегенде шалқасынан түсе жаздаған қазақ аз болмаған. Ал Әбілсейіт ағамыз сондай, қырт шалдардай емес, жүрегінен шығарып тұрып айтты. Аздап ақындығы бар екен, өлең тілімен де жеткізе білді. Тамсандық, тебірендік, толғандық. 
Қазақтың әр өңірінен келген балуандардың осалы жоқ. Облыстан ұтып, дара шыққандар расында да алыптар. «Күш атасын танымас» деген айнымас қағидамен жүргізілген сайысқа 32 балуаннан бөлек Лондон Олимпиясына қатысқан дзюдошы Ержан Шынкеев пен былтырғы «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл білек сыбанып, сайысқа түсті.
А дегенде сайысқа түскен ақмолалық Руслан Жұмаев пен Астана балуаны Дархан Бижановтар сылбыр күресті. Қараөткел төңірегінің алыбы (осы турнирдің ең бойшаң балуаны) Руслан қарсыласын ұпай санымен әрең ұтса, екінші жұпты Маңғыстау майталманы Күнәлем Ержанов пен тағы бір ақмолалық балуан Нұрлан Жұмаев құрады. 5 минутқа созылатын сайыстың ортасында Нұрлан маңғыстаулық балуанды таза жеңіспен ұтты. Осыдан кейін-ақ таза жеңістердің шеруі басталып кетті дейсің: оңтүстіктен келген оғлан Нұрзат Бекасыловты Қызылорданың қыраны Руслан Әбдіразақов алып жықты, ұлылар өлкесі Семейдің беткеұстары Шалқар Жоламанов Астананың намысын көтерген Ғани Сейділдаевты қосымша уақытта айласын асырып ұтты. Ақтөбелік Нұрсұлтан Иманғазиннан орыс болса да Александр Касачев өзінің басым екенін аңғартты. Кереу өңірінен келген Мұрат Бәкірді Солтүстік Қазақстанның балуаны Айбек Қырықбай жауырынымен жер иіскетіп, таза жеңді. Осы Айбек былтырғы сайыста әйгілі балуан Елдос Ықсанғалиевті де айқын ұтып, мықты балуан екенін дәлелдеген болатын. Осыдан кейінгі жұптасып шыққан алматылық Ердәулет Құрманов пен Асыл Барменовтің (Қарағанды) белдесулері көптің көңілінен шыға қоймады, зордың күшімен жүріп, қарағандылық балуан жеңіске жетті. Әулиеата өлкесінің белді балуаны Жасұлан Әбішев Қызылорданың алыбы Ерболат Юсуповтан айласын асырып қана қойған жоқ, таза жеңіп шықты, Лондон төрін көрген балуан Ержан Шынкеев Жетісу жерінің мақтаулысы Руслан Сейілхановты қапыда қалдырды. Берілген бес минутты толық пайдаланып күрескен екі балуан – Қызылжар жерінің қабыланы Дәурен Еслямовтан Атырау алабының алымдысы Кенжебек Күзенбаев басым түсті. Алыптар сайысын жүргізіп отырған белгілі журналист Диас Ахметшәріптің жиылған жұртты елең еткізетіні – Қостанайдың алыбы Мұрат Кеңтонов пен Тараз арланы Бейбіт Ыстыбаевтың шығуын ерекше екпін бере хабарлауы еді. Қос балуанның текетіресі де көпке созылды. Күресуге шыққан балуандардың да күреспей, кілем үстінде жүріп алатыны тіпті қызық! Ырғалып-жырғалып жүргенде санаулы уақыт та жылжып жетті, Бейбіт ұпай санымен ұтты. Осы турнирдің ең қысқа белдесуі Оңтүстік Қазақстаннан келген Сабыржан Әбділдаұлы мен қарағандылық Максим Гербер арасында өтті, не-бары 28 секундта болған күрес нәтижесінде Максим келесі айналымға шықты. Даңқы алысқа кеткен Айбек балуан (Нұғымаров) ортаға шыққанда жеребе бойынша сайыстың ең жеңіл салмақтысы, атыраулық Нұрбек Қожағалиев қарсыласы болып шыққан, езуге күлкі үйірген бұл жұп мысалдарда айтылатындай піл мен қанденді елестеткені анық. Екі рет жартылай тастаған Шығыс Қазақстан алыбы айқын басымдылықпен алға шықты. Ел арасында «Қисық балуан» атанған Бақтыбай Қисықовтың Ермек Қалиековпен сайысы ел есінде жүрерліктей өтті, әдіс-тәсілді жасаған Бақтыбайға ұпай жазылмай қалғандықтан, бапкері наразы ретінде қамшы тастады ортаға. Қапталдағысы бар, кілемдегісі бар, бас төрешісі бар – төрешілер құрамы өздерінің шешімін дұрыс деп тапты. Жеребенің аты – жеребе, балуандар бәсекесі бір аймақтың екі балуанын бірге белдестіріп, елді қызыққа батырды. Батыс Қазақстанның қос баһадүрі Арман Әбеуов пен Еділ Үсенов боз кілемде кездесіп, алғашқысы таза жеңіске жетті. Алғашқы айналымның соңғы жұбын құраған «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл мен Маңғыстау балуаны Бақдәулет Абызовтың айқасында Ұлан жеңбесе, тіпті ұят-ты. Салмағы басым, тәжірибесі күшті балуан оның өзінде де уақыт толтырып барып, ұпай санымен ұтты.
Осылайша, 17 жұп болып айқасқан піл сүйекті, зіл салмақтылардың келесі айналымға 8 жұбы, яғни 16-сы ғана өтті. Жеңгенінің түлкісі мен қасқырының терісін өңгерген балуандар жүз мың теңгедей сыйақыны да ала кетті. Кезекті белдесулерге кілең мықтылар ғана шығып, екінші айналымның көркі қыза түсті.
Бабы келісіп, бағы жарасқан балуандардың қатары азайып, ақырында үшінші орынға таласқан түйедей жігіттердің есімі белгілі болды: олар – Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев. Осының алдында ғана былтырғы чемпион Ұлан Рысқұлды оқыста омақаса астырған әккі балуан Арман Әбеуовпен белдескен Айбектің қабағы жырылып кетті. Қаны сорғалап кетсе де, басын байлап алып, күресті тоқтатпаған қайсар жігіт ұпай санымен болсын ұтты. Жартылай финалда Бейбіт Ыстыбаевпен күрескен одан алғашқыдағыдай екпін байқалмады. Жарақаты батты ма – жасқанып күрескендей болды. Үшінші орын үшін болған ұрыстың 3-минутында Ержан Шынкеевті алып ұрды.
Нағыз бәсеке алда болатын, себебі бұл белдесу – басқа белдесуден өзгерек. Турнирдің ақырғы сайысы үшін боз кілемге көтерілген қос балуанның атақ-даңқы да, тәлім-тәжірибесі де деңгейлес. Алайда, Бейбіт балуанның Айбек Нұғымаровты ұтқаннан кейін-ақ бірінші орын сөзсіз менікі дегендей ыңғай білдіргені бар. Отыз келідей аз Шалқармен белдесу оңай сияқтанды бізге. Екі рет жартылай жеңіс алып, «Қазақстан барысы» атанғанында қуанбаған адам аз шығар. Дау туғызбас, таза жеңіс! Әділетті ұтыс! Былтырғы сайыста да өзіне шақ келтірмеген балуан осы жолы шын мықтылығын танытты!
Мықтыны мықты деп мойындаған абзал. Екінші орынға шүмектеп төгілген тер мен жанкешті еңбегінің, әсіресе көп жылғы тәжірибесі мен білігінің арқасында қол жеткізген Шалқар да осал емес. Салмақ сылтау емес десек те, өзінен әлдеқайда ауыр, зілдей балуандардың талайының тізесін бүкті. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі үшін болған «Қазақстан барысының» 2012 жылғы чемпионы, басынан балуан біткенді асырмаған Бейбіт Ыстыбаев 150 000 АҚШ долларын, алтын тайтұяқ пен белдеуді қанжығасына байласа, оның сыртында жаяу қайтпай, бір жеңіл көлікті де иеленді. Екінші орынды ұтқаны үшін шалқар күштің иесі Шалқар Жоламановқа 30 000 АҚШ доллары тарту етілді. Ал үшінші орын алған арыстан жүрек алып ұл Айбек Нұғымаров 10 000 АҚШ долларын иеленіп, олжалы қайтты.
Жалпы, осымен екінші рет өткізіліп отырған мұндай аса ауқымды іс-шара тамаша ұйымдастырылғанын айтуымыз керек. Алғашқыда кеткен кемшіліктердің түзелгені, одан барынша жақсы нәтижелер шығарғаны көрініп тұр. Былтырғы сайыста итжығыс, тең түскен жағдайда, дау туғызған сәттерде төрешілер Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті С. Төкеевке жетіп баратынын қойған. Бұл да бір ескерілген, жетілдірілген шаруа болды. Осыған қарап, биылғы жарыс біршама әділ өтті деп санаймыз. Қамшы тастау рәсімі де жақсы ойластырылғанымен, оның қолдану сәттерін әлі де жетілдіру қажеттігі білінді. Қамшы төрешілердің шығарған шешіміне орай наразылық ретінде кілемге тасталады. Белдесулер барысында бір емес, бірнеше мәрте қамшы тасталды. Алайда, олардың бұл ескертпелерінің ешқайсысы дұрыс деп саналмады. Бапкердің аты – бапкер. Баласы үшін күймек ананың кебі. Олар өз шәкірті үшін ең алдымен жанкүйер. Яғни әділетсіздікке қарсы. Олай болатын болса, олар тастаған қамшының барлығының да есепке алынбауы қаншалықты дұрыс? Егер санатқа алынбайды екен, онда қамшыны неге ортаға тастап әуре болуы керек? Міне, көрермендердің көкейінде осындай сансыз сауал қалып қойды.
P.S.: Қазақтың кілең мықты балуанын көрсетші десең, ұялмай әкеп көрсететін алыптары осылар. Қандай құрмет, нендей сый-сияпат жасасақ та, артық емес. Ұлттық өнердің бойына қан жүгіртуге атсалысқан абзал азаматтардың еңбегі орасан. Себебі, дүниенің әр елінің ұлттық ерекшелігі болады, қазақ үшін қазақ күресінің орны, мәртебесі бөлек. Қазақ үшін өзге біреу күресін дамытып бермейді, балуанының бабын тауып, елдің абыройын асқақтатып бермейді. Қазақ күресі ең алдымен қазаққа ғана керек деп отырғанымыз сол. Сайыстан шыққан соң, бізге бір ғана нәрсе белгілі болды – бабадан қалған асыл өнердің оты өшпей, ендігі жерде лаулап жанып, әлемнің назарында болатынына аз-ақ уақыт қалды.


Последние новости

Қазақстан Барысы
23-04-2022 11:00