Календарь

Мақсатымыз – қазақ күресінің көкжиегін кеңейту

Қазақстан Барысы
31-07-2021 10:18
«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры ең алғаш 2011 жылы құрылып, содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатыр. Ұлтымыздың төл күресін дамытуда қордың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. «Қазақстан Барысы» басталғалы елімізде қазақ күресімен айналысатындар саны үш еседен асып, 102 мыңға жетіпті. Бұл көрсеткіш 2010 жылы небәрі 30 мың спортшыдан аспайтын еді. Осыдан кейін аламан бәсекенің жастарға тигізген әсерін байқау қиын емес.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының мақсаты не, ол не тындырмақ? Міндетіне не кіреді?» деген сауал әркімнің көкейінде жүруі мүмкін. Бұл қор құрыла салысымен көп көңілінен шыққан ең алғашқы айтулы жобасын бастап кетті. Ол Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан Барысы» турнирі. Ел арасында қазақ күресінің жаңа тынысының ашылуына серпін берген шараға айналды. Жыл сайын дәстүрлі түрде абсолютті салмақта өңірлерден іріктеліп шыққан балуандардың Астана төрінде өзара мықтыны анықтауын жұрт асыға күтетін болды. Қазақстаннан бөлек, әлем бойынша тікелей эфирде 500 миллионға жуық көрермен тамашалайтын «Қазақстан Барысы» қазақ күресінің танымалдығын арттыра түскені де жасырын емес. Осы арқылы ұлтық күресті дамытуға арналған басқа да жобалар жанкүйерлер сүйіспеншілігіне бөленді. Алғашқы турнирге әр облыстан 4 балуан іріктеусіз финалға жолдама алса, кейіннен екі балуаннан жергілікті іріктеу турнирінен өтетін болды. Бүгінге дейін осы үрдіс жалғасын табуда.

Бүгінде көпшілік «Қазақстан Барысының» екі дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевты, одан өзге Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсыновты мақтан тұтады. Өскелең ұрпақ осындай балуандарға еліктеп, өсіп келеді.

 2012 жылы елімізде ересектерден бөлек, жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Жас Барыс» турнирі дүбірлеп өткені ел есінде. Араға бір жыл салып «Жас Барыс» жобасы балалар, жасөспірімдер және жастар арасында ұйымдастырылатын болды. Қазіргі таңда олардың арасынан топ жарған маңғыстаулық Мейрамбек Жаңабай, қызылордалық Нұрым Сәлімгереев сынды жас балуандар «Қазақстан Барысының» финалында өнер көрсетіп, мол табысқа жетіп үлгерді.  

Мұның барлығы қазақ күресін дамытуға, балалардың ұлттық күреске деген қызығушылығын арттыруға бағытталған шаралар. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының көздеген мақсаты да осы еді. Бұл орайда «Еуразия Барысы» мен «Әлем Барысы» секілді жаңа жобалардың пайда болғаны туралы айтуға болады. 2013 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» Тараз қаласында өтіп, оған 8 елдің құрамалары қатысқанын жанкүйердер біледі. 2014 жылғы халықаралық турнирде оған қатысушылардың саны 12 мемлекетті құрады. Бұл қазақ күресіне өзге елдердің қызығушылығының артқандығынын бір көрінісі екені даусыз. «Еуразия Барысының» алғашқы жеңімпаздары Қазақстан құрамасы. Былтыр бұл жетістікке Моңғолия балуандары қол жеткізді. Еуропа мен Азия елдерінен «Еуразия Барысы» жобасына қатысуға ынта білдірушілердің артуы қуантарлық нәтиже болып отыр.

Қордың негізгі міндетінің бірі – қазақ күресін ғылыми тұрғыдан саралау мен бағалауға бағытталған. Осының айғағы ретінде 2013 жылы ұйымдастырылған «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-практикалық конференцияны мысалға келтіре кеткіміз келеді. Мұнда қазақ күресінің мамандарымен қатар, археология, педагогика, философия,  ғалымдары, қоғам қайраткерлері қатысып, ұлттық күреске қатысты тың ойларын ортаға салған-ды. Конференциядан кейін көп уақыт өтпестен Қабден Байдосовтың 1987 жылы жарық көрген төл күресіміз туралы кітабы қазақ тілінде қайтадан оқырмандарымен қауышты. Бұл жаңа кітап қазақ күресі үшін мол олжа іспетті.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ауыр салмақтағы балуандар арасында ұйымдастырған «Әлем Барысы» жобасы көпті таңқалдырған жарысқа баланады. Бес құрлықтың 35 елінен ауыр салмақтағы балуандар сынға түскен жарыстың жүлде қоры да қомақты. Дзюдо, самбо, кураш пен белбеу күрес шеберлерінің қазақ күресіне ойысып, сынға түсуі біздің ұлттық спортымыздың ілгері қарай дамуына бағытталған шара екенін ерекше айта кету керек. Алғаш рет «Әлем Барысы» Павлодар қаласында өтіп, оның алар асуы мен келешеі жарқын екені байқалды. Себебі, қатысушылардың көбі қазақ күресіне деген ынтасы мен қызығушылығының жоғары екендігін, сондай-ақ, алдағы сынға қайта қатысуға деген ниеті барын жеткізді. Енді «Әлем Барысы» турнирі екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрмақ.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының еншісінде төрт жоба осылайша ұлт күресінің өркендеуіне үлес қосуда. Қордың негігі мақсат-мұраты мен міндеті айтулы турнирлерді тұрақты өткізіп, қазақ күресінің төрткүл дүниеге танылуына, оның ішінде Азия Ойындары мен олимпиада ойындарының бағдарламасына енуіне күш салу болып отыр. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамытуы қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, «Қазақстан Барысы» идеясының авторы Арман Төлегенұлы Шораев 2014 жылы ҚР қазақ күресі федерациясының президенті болып тағайындалды. Енді қазақ күресін үшін алда көптеген аламандар күтіп тұр. Бұйырса, оған сіз бен біз болып бірге куә боламыз.

         


Последние новости