Календарь

№1 «БАРЫС». КЕЛЕСІСІ КІМ?

25-08-2021 10:36
Шынында да, бұл сайысты көрген де, көрмеген де арманда! Сайыс деп отырғанымыз – Астанада қазақ күресінен тұңғыш ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирі. «Е-е, қазақ күресі ме?» – деп онша көңіл қоймаған болсаңыз, оған да түсіністікпен қараймыз.

 

 

Шынында да, бұл сайысты көрген де, көрмеген де арманда! Сайыс деп отырғанымыз – Астанада қазақ күресінен тұңғыш ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирі. «Е-е, қазақ күресі ме?» – деп онша көңіл қоймаған болсаңыз, оған да түсіністікпен қараймыз. Өйткені, Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды балуан бабаларымыздың атын әйгілеген қазақ күресі Олимпиада ойындарына кірмегендіктен бе, әлде мемлекет дұрыс ден қоймағандықтан ба, әйтеуір, үнемі «екінші сортты» спорттай ысырылып келген-ді. Осы жолғы Алаш рухын аспандатқан алқалы жарыстың бас жүлдесін еліміздің әр қиырынан келген 60 балуан сарапқа салуға асықты. Оның үстіне, бас жүлде – 150 мың АҚШ долларына қоса «Алтын белбеу» және «Қазақстан барысы» атағы үшін жан алысып, жан беріскен жарыстың жөні мүлдем бөлек.

 

4 мың орынды «Дәулет» спорт кешенінде өткен жарыста жанкүйерлердің көптігі соншалықты, ине шаншар орын болған жоқ. Қызылордадан, Семейден, енді біразы сонау Атыраудан ат арытып келген жанкүйерлердің қарасы бір сәтте бүкіл залды лық толтырды. Түс ауа басталған белдесу түн жарымына дейін жалғасты. Белдесуді сегіз сағат бойы бір орында табандап отырып тамашалаған жанкүйерлер түн ауа бір-ақ тарқасты.
Ұлттың рухын асқақтатқан шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған КТК телеарнасына, Қызылорда облысы әкімдігіне, Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтқанымыз жөн.

Бишілердің «Шашу» биімен ашылған дода қазақ күресінің білікті маманы һәм ардагері Диқанбай Биткөзовтің қазақтың салты бойынша бозкілемде бой түзеген 60 балуанға ақ бата беруімен жалғасты. Қазіргі кезде Қазақстандағы кейбір жарыс бата түгілі, Әнұранмен де ашылмай жүр емес пе?! Ал бұл жерде ұйымдастырушылардың жарысты мейлінше жоғары деңгейде өткізуді жоспарлағаны көрініп-ақ тұрды.

 

Жарыстың ашылу салтанатында байқағанымыз, белдесу барысында балуандар кілемге өздеріне ғана тән лақап атпен және мойнына қасқыр, түлкі терісін жамылып шығыпты. «Сарыарқаның бүркіті», «Сыр сұңқары», «Көкжал», «Шығыс барысы», «Дәу қара», «Тасжарған», «Көксу барысы», «Әулие ата арланы», «Аю», «Арыстан», «Тарлан», «Қасқыр» деген секілді балуандардың лақап аттары өздеріне қалай лайық болса, иықтарына ілген терілер де сондай жарасымды көрінді.

 

Жарыс жеңімпазы Ұлан Рысқұлдан бөлек, Алаштың бас балуандығына бірнеше толағай лайық болды десек, әсте қателеспес едік. Мысалы, Бейбіт Ыстыбаев, Шалқар Жоламанов, Әділхан Сұлтанов, Ерболат Юсупов, Жасұлан Досымов, Айбек Нұғмаров, Максим Гербер, Руслан Әбдіразақов, Арман Әбеуов сынды балуандардың кез келгені биік тұғырдан көрінуге әбден лайық еді. Тек аталмыш түйе балуандардың жолы болмай, барлығы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге болмашы ұпаймен есе жіберіп отырды. Әсіресе, Бейбіт Ыстыбаев пен Шалқар Жоламанов сынық сүйем қалғанда сүрінді. Бейбіт жеңімпазға ақтық айқаста жол берсе, Шалқар жартылай финалда есе жіберді. Тіпті, Шалқар белдесу барысында Ұлан Рысқұлдан ұпай саны бойынша алда тұрған. Соңғы шешуші уақытта құрған тұзағына өзі түсіп қалды.

 

Айтпақшы, «Дәу қара» деген лақап атпен келген грек-рим күресінен 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тыналиев бірінші айналымнан ары аса алмаса, грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегері Георгий Цурцумия алғашқы белдесуінде-ақ сүрінді. «Күш атасын танымайды» деген осы!

Жарыстан бір күн бұрын болған баспасөз мәслихатында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің айтқаны есімізге түсіп отыр: «Қазақ күресінде тек мықтылар жеңіске жете алады. Өзге күрес түрлері секілді қосымша әдістер мұнда мүлдем қолданылмайды», – дегені бар еді. Осы сөздің жаны бар секілді. Әйтпесе, грек-рим шебері саналатын қос балуанның қазақ күресінде неге жолы болмады дейсіз?!
Тағы бір мән беретін жайт, Максим Гербер, Рамиль Шарыгин, Максим Фуртаев бозкілемде атой салғанда қазақ күресін тек қаракөз спортшыларымыз ғана емес, өзге ұлт өкілдері де әжептеуір меңгеріп жатқанын байқадық.
80 келі салмақтағы балуан өзінен бақандай 60 келі ауыр қарсыласының жауырын жерге тигізді десе сенер ме едіңіз? Әрине, сенбейсіз. Ал бұл аламанда балуандар «Күш атасын танымас» деген қағидамен күресті. 82 келі салмақтағы ақтөбелік Мұхит Тұрсынов 138 келі салмақтағы Айдос Қаңлыбайдан басым түскенде, дүйім жұрт Мұхиттың асқан жанкештілігіне дән риза болды. Ал аса ауыр салмақтағы (153 келі) «Аю» – Ерік Қаленов 100 келілік Руслан Әбдіразақовтан 29 секундта жеңілгенде, көрермендер бас шайқады.

 

Жылдың басында «Шетелден, әсіресе, Қап тауынан шақыру доғарылмаса, сондай-ақ Олимпиада ойындарына өз жігіттерімізді апармай, келімсектерге иек арту тыйылмаса, бозкілемге өзім шығып, белдесемін», – деп спорт басшыларына ой тастаған әйгілі балуан Әбілсейіт Айханов, күрестен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, аты алты Алашқа мәшһүр желаяқ Әмин Тұяқовтар отырды сарай төрінде. Бұл тамаша көрініс еді.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге ие болған Ұлан Рысқұлға «Қазақстан барысы» атағы, «Алтын белбеу» және 150 мың АҚШ доллары табыс етілсе, оның бапкері Садық Мұстафаевқа 50 мың доллар берілді. Екінші орын алған, бұған дейінгі сайыстарынан 18 темір тұлпар мініп үлгерген жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев «Күміс белбеу» мен 30 мың долларды еншілесе, қола жүлдегер Шалқар Жоламанов 10 мың долларды қалтаға басты.

 

Еңселі елдің ерлікке пара-пар еңбегін көрсетті бұл шара. Бабалары балуан болған ұрпақтың тулаған қанында әлі де күрескерлік қасиет бар екендігі байқалды.
Қысқа қайырғанда, «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, аламан тойдың елордадағы күрес кешін көре алмаған жанкүйерлерге балуандардың жарыс барысындағы жанкештілігін фототілші Советбек Мағзұмовтың объективіне іліккен кадрлар арқылы ұсынып отырмыз.

Алмас МАНАП

Арман ШОРАЕВ, КТК телеарнасының бас директоры:

– Біз жуық арада хоккейден немесе футболдан әлем чемпионы болып, айды аспанға шығаруымыз екіталай. Бірақ ұлттық спортымыз – қазақ күресін дамыту арқылы өзімізді танытуға мүмкіндік зор. Қазіргі таңда көптеген ел төл спорттарын дамыту жолында барынша тырысып, жұмыс жасап жатыр. Біз де қарап қалмай, биыл тұңғыш рет «Қазақстан барысы» турнирін ұйымдастырып отырмыз. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ат үстінде жүрген азаматтар да қызу қолдап, игілікті істің орындалуына мұрындық болды. Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақстан барысы» турнирінің келесі жылғы жүлде қоры 300 000 АҚШ долларын құрайды. Демек, қазақ күресінің қарыштап дами беретініне сенім мол.

 


Последние новости

Қазақстан Барысы
03-07-2021 00:33
Қазақстан Барысы
01-07-2021 14:38