БЕЙБІТ ЫСТЫБАЕВ – «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ»
Балуанды жамбылдықтар ыстық ықыласпен қарсы алды
Өткен сенбіде Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен осымен екінші рет республикалық жалпыұлттық «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кездесулері өтті.
«Сарыарқа» велотрек кешенінде қазақ даласының әр қиырынан дүбірлі додаларда топ жарып келген 34 балуан боз кілемде күш сынасты. Турнир спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің қолдауымен, қазақ күресі ережесімен өтті. Турнирдің бас төрешісі болып Рзақұл Нұртаев, оның орынбасары болып мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт тағайындалды. Ал, төрешілердің ішінде Диханбай Биткөзов, Бақыт Жаңбырбаев, Орынбасар Жолмағанбетов сынды қазақ күресінің білгір мамандары болды. Турнир өте тартысты әрі әділ өтті.
Алты алаштың баласы көз тіккен дүбірлі додада небір алып денелі, апайтөс балуандар боз кілемде белдесті. Олардың арасында қазақ күресінің нағыз хас шеберлері, төл күресімізден әлем және Азия чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері болды. Балуандар арасында қазақ күресінің екі дүркін әлем және екі дүркін Азия чемпионы атанғандар да бар. Олар – ақтөбелік Бақтыбай Қисықов пен астаналық Ғани Сейділдаев. Сондай-ақ, шығысқазақстандық Айбек Нұғмаров пен Шалқар Жоламанов, оңтүстікқазақстандық Нұрзат Бекасылов әлем, Еуропа және Азия чемпионы атанған.
Жамбыл өңірінің намысын қорғаған Бейбіт Ыстыбаевтың да атақ-даңқы жетерлік. Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Бейбіт осы турнирдің өткен жылғы жарысында финалда Ұлан Рысқұлмен белдесіп, есе жіберіп алған еді. Енді, міне, сол есені қайтаратын кез жетті.
Бейбіт алғашқы белдесуін турнирдің ең жасы үлкен балуаны Мұрат Кеңтоновпен өткізді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұрат – өте тәжірибелі, әккі балуан. Алайда, күш атасын танымас деген. Бейбіттей алып балуанның алдында тізе бүкті. Төрт балуанды жеңіп, ақтық сында шығысқазақстандық Шалқар Жоламановпен белдескен Бейбіт қазақ даласының бас балуаны екенін танытты. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, соңғы бірнеше жыл қатарынан ел ішіндегі дүбірлі тойларда тек бас жүлдені иеленіп жүрген Шалқар Жоламановты айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің бас жүлдегері атанды.
Жарыс соңында «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевқа 150 мың АҚШ доллары, «Алтын белбеу» мен «Тайтұяқ» табыс етілді. Оған қоса, «Астана моторс» компаниясы ұсынған «Хюндай Соната» автокөлігінің кілті тапсырылды. Ал, оның жаттықтырушысы Елдос Далабайға 50 мың АҚШ доллары берілді.
Қасиетті Таластың Көшек батыр ауылында кіндік қаны тамып, Көшектің көк жусанды қыратында қозы қайырып, тай мініп ер жеткен Бейбіт қазақ еліне даңқы жайылған балуан атанды. Арғы атасы Көшек батырдың аруағы желеп-жебеп, шығар биігі көбейе берсін демекпіз.
Кеше Әулиеата әуежайында Бейбіт баһадүрді жамбылдықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. Тараз қаласындағы тұңғыш Президент саябағында қала жұртшылығы, студент жастар қатысқан салтанатты жиын өтті. Онда қала әкімі Б. Орынбеков, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш. Тілеумұрат, Бейбіттің жаттықтырушысы Е. Далабай сөз алып, Жамбыл өңірінің намысын қолдан бермеген Бейбіт балуанға деген ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде сөз алған Бейбіт ел-жұрттың ыстық ықыласына алғысын жеткізді. Жиын соңы қазақ эстрадасының танымал әншісі Еркін Нұржанов бастаған әншілердің концертіне ұласты.