ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Биылғы «Қазақстан Барысының» 7 ерекшелігі

 «Қазақстан Барысы – 2014» турниріне аздаған өзгеріс енгізілді. Бұл туралы баспасөз жиынында Арман Шораев айтып берген еді. Биылғы бәсекеге енгізілген ерекшеліктер мыналар.

– Биылдан бастап төрешілердің саны қысқартылып, қазылар алқасы алынып тасталды. Ережені жетік білетін 10-15 төрешінің арасынан таңдап алынғандары боз кілемдегі барлық әрекетке жауапты.

– Бұған дейін жеңімпазға көлік мінгізіліп келген болатын. Онсыз да «барысқа» ат мінгізетіндердің көптігін ескеріп, ұйымдастырушылар биылдан бастап көлікті көрермен көзайымына айналған балуанға тарту етеді.

– Турнирдің жүлде қоры ұлғайды. Жүлдегерлерге берілетін сыйақы көлемі долларға бағамымен сол қалпы сақталады, яғни теңгеге шаққанда 5 миллионға көбейді.

– Өткен жылғы жағдай қайталанбас үшін жарыс болатын «Сарыарқа» велотрегіне шөлмек ыдыс алып кіруге тыйым салынады. Сусын қағаз қалбыр арқылы ғана сатылады.

– Жарыстан 5 спортшы шеттетілді. Оның төртеуі допинг пайдаланғаны үшін турнирге қатыстырылмаса, бір балуан іріктеу кезеңдерінде ереже бұзған.

– Балуандардың 40 пайыздайы байрақты бәсекеге алғаш рет қатыспақшы.

– Турнирге шетелден бірнеше құрметті қонақ шақырылды. Олар Халықаралық дзюдо федерациясының төрағасы Мариус Визер, «Боец» арнасының директоры Сергей Завилейский, каратэ мастері, оныншы дан иесі Морио Хигаонна келеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Барысы» 29 маусым күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.

aynaline.kz