ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

«Eurasia Barysy» жобасында кілемге шығатын Қазақ балуандары

 

«Eurasia Barysy» додасында ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары да анықталды! Біздің құрама бапкерлері тұңғыш рет Тараз жерінде туы желбірейтін турнирге қатысатын 10 балуанның есімін атады. Негізінде, белдесулер 5 салмақ дәрежесінде өтеді. Алайда, командалық бәсеке болған соң, балуандарды алмастырып отыруды бапкерлер құрамы жөн санапты.

 

Сонымен, 60 келі салмақ дәрежесінде Алматы қаласының өкілі Абзал Арыстанбековке сенім артамыз. Абзал жақында ғана аяқталған ҚР еңбек сіңірген бапкер, КСРО-ға еңбек сіңірген бапкер Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен ІІ халықаралық турнирде топ жарды. Бұл салмақта Талдықорған өңірінің балуаны Амангелді Сатыбалдинов те ел намысын қорғайды. Амангелді талай мәрте ел біріншілігінде жеңімпаз атанған тәжірибелі балуан.

 

2008 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылы Азия біріншілігінде топ жарып, 2011 жылы әлем Кубогіне иелік еткен Ерлан Естек қазақ күресі жанкүйерлеріне жақсы таныс. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері саналатын Ерлан білікті бапкерлігімен де көзге түсіп жүр. Естеріңізде болса, «Қазақстан Барысының» қатысушылары Ғани Сейділдаев пен Асхат Уәлиевті жаттықтыратын тап осы Ерлан Естек болатын. Білікті бапкер әрі  таланатты балуан Ерлан 70 келіде сынға түседі. Сондай-ақ, әлем Кубогінің иегері Қуаныш Мұратов та (ШҚО)  осы салмақта бақ сынайды.

 

80 келі салмақ дәрежесінде Қарағанды балуаны Ерсін Мұхамеджановтың жолына үмітпен қараймыз. 2011 жылғы «Қазақстан Барысының» қатысушысы Ерсін жанкүйерге  «Сарыарқаның Сұңқары» деген атпен таныс. Қазақ күресінен ел біріншілігінің күміс жүлдегері, Е. Төкеевті еске алуға арналған VIII халықаралық турнирдің жеңімпазы. Бұл салмақта Саят Шәмшиевке де жанкүйерлік танытамыз. Саят самбо мен дзюдодан ел чемпионы.

 

90 келіде еліміздің бірінші нөмірлі балуаны Мұхит Тұрсынов белдеседі. Мұхит – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі  спорт шебері, әлем Кубогінің иегері. «Қазақстан Барысы» додасында жанкүйер сүйіспеншілігіне ие болған талантты спортшы. Ал бұл салмақта бақ сынайтын екінші балуан – Бекзат Ахметбеков. Бекзат - қазақ күресінен спорт шебері, әлем Кубогінің қола жүлдегері ел чемпионаты мен Азия біріншілігінде және халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген талантты спортшылардың бірі.

 

Ал аса ауыр салмақта бейбіт күннің батырларына айналып үлгерген Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров ел абыройын асқақтатуға тырысады. 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасының жеңімпазы, «Алтын белбеу» мен «Алтын тайтұяқтың» иегері, әлем және Азия чемпионы, елішілік турнирлерде 18 мәрте жеңіске жеткен Бейбіт бұл бәсекеде бірінші нөмірмен белдеседі.

 

2013 жылғы «Қазақстан Барысы», «Алтын белбеу» мен «Алтын тайтұяқ» иегері, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаров та «Eurasia Barysy» додасында ел намысын қорғайтын болады.

 

Бүгінде ұлттық құрама оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.

 

Бейбіт Ыстыбаев, турнирдің қатысушысы:

        Бүгінде «Eurasia Barysy» сайысына тыңғылықты түрде дайындалып жатырмыз. Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз. Әрине, жеңіс оңай келмейді. Бірақ, Құдай қаласа, жеңіске жетеміз!

 

Мінеки, біз үміт күтетін балуандар тізбегі осындай. Өз батырыңызды қолдауды ұмытпаңыз, қадірлі жанкүйер!