Алыптар сескенетін шымыр жігіт
«Қазақстан Барысы» жобасының биылғы финалынан соң тек жеңімпаздар ғана емес, ақтық сынға қатысушылардың да біразы жанкүйер жадында жатталып қалды. Өткен жылы ел назарында тек жеңімпаздар үштігі, әсіресе, Бейбіт Ыстыбаев болған. Бұл жолы әдемі әдіс-тәсіл мен жеңіске деген жігер көрсеткен бірнеше балуан халық жүрегіне жол тауып үлгерді. Солардың бірі – Мұхит Тұрсынов. Шығыс өңірінен шыққан талантты жігіттер шоғырында Мұхиттың орны бір төбе. Ел аяғы басылып, жоба өз мәресіне жеткен соң, Мұхитпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Дүркіреп «Қазақстан Барысы» жобасы да өтті. Жанкүйерлер сізді салмағыңыз жеңілдеу болса да, турнирдегі алымды балуандардың қатарына жатқызған еді. Бірақ биыл жобаның финалдық сынында небәрі екі белдесу өткіздіңіз...
– Иә, бұл жолы екінші белдесуімде Бейбіт Ыстыбаевтан жеңілдім. Ал алғашқы айналымда көкшетаулық Нұрлан Жамаловпен жолықтырды, жеребе. Негізі, Нұрлан біраз күш жинап алыпты. Осыдан бір-екі жыл бұрын екеуміз 80 келіде белдесетін едік. «Қазақстан Барысы» додасында оны 6 бүк ұпайымен ұттым. Ал екінші белдесуде былтырғы «Барыс» Бейбітпен күрестім. Қазақ күресіндегі балуандар бір-бірімізді беске білеміз десем артық емес. Үнемі әртүрлі турнирлерде жолымыз түйісіп тұрады. Бірде мен жеңсем, енді бірде басқа балуанның бағы жанады. Жобаның финалы басталмай тұрып Қызылорда облысында өткен турнирде Бейбітті жеңген болатынмын. «Қазақстан Барысында» сәл ғана басымдықты беріп қойғандаймын. Ал жақында Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына арналған турнир өтіп, Ұланды да, Бейбітті де ұттым. Бұл – күрес. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің...
– Сізді қазақ күресіндегі көптеген балуандар өте ыңғайсыз қарсылас деп айтады. Ал сіз үшін икемге келмейтін балуан кім? Кіммен белдесу қиындық туғызады?
– Мен үшін ауыр салмақтағы балуандардың кез келгенімен күресу қиын. Өйткені көбісінің салмағы менен 40-50 келі ауыр. Сондықтан олармен күрескенде өте көп күш жұмсаймын. Көп жағдайда қарсыласымды шаршатып, оларға әдіс жасауға мүмкіндік бермеуге тырысамын.
– «Қазақстан Барысы» жобасы ең алғаш рет 2011 жылы өткенде финалға қатысқан 64 балуанның ішінде сіз де болдыңыз. Салыстырмалы түрде қарағанда, жобаға қатысатын балуандар арасындағы бәсекелестік пен турнирдің ұйымдастырылу ісінде айырмашылық байқала ма?
– Әрине, айырмашылық өте көп. «Қазақстан Барысы» ең бірінші рет өткізілетін кезде турнирдің болашағына сеніммен қарағандар аз болды. Тіпті көп адам қомақты жүлде қоры қарастырылған бұл жобаға сенбеді десем артық емес. Сол жылы қазақ күресінің балуандары үшін көп турнир болған жоқ. Яғни ең үлкен дода «Қазақстан Барысы» белдесуі еді. Сондықтан алғашқы сынға анау-мынау емес, 64 балуан қатысты. Қазір есіме алсам, ол кезде салмағы аз балуандар мен жасы үлкен ағалар өте көп болыпты. Турнир де көрермен көп сыймайтын 5000 адамдық кешенде өтті. Алайда олардың қолдауы өте керемет еді. Биылғы жоба өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп ауыз толтырып айта аламын. Балуандарды Үшқоңырда жинап, таныстырғаннан бастап, турнир аяқталғанға дейін бізді «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының қызметкерлері өз бақылауында ұстап, ештеңеден мұқтаждық көрсеткен жоқ. Қатысушылардың дені 90 келіден жоғары және барлығы да жақсы дайындықпен келген. Кілең дзюдодан, самбодан, қазақ күресінен талай биікті бағындырып жүрген жігіттер. Сондықтан белдесулер де өте тартысты өтті деп ойлаймын. Ал киіз үйден кілемге беттейтін кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Жанкүйерлердің қолдауына қарап, құдды жеңіс тұғырына көтеріліп келе жатқандай сезінесің өзіңді. «Қазақстан Барысы» – ұлттық намысыңды оятатын жоба. Соған көзім жетті.
– Мұхит, сіз қазақ күресінен әлем кубогының иегері және әлем чемпионатының қола жүлдегері атандыңыз. Бірақ бұған дейін сізді санаулы жанкүйер ғана білетін. Ал «Қазақстан Барысына» қатысу арқылы бірден халықтың қошеметіне бөлендіңіз. Жалпы, сізге қайсысы қымбатырақ? Әлемдік дода ма, әлде «Қазақстан Барысы» жобасы ма?
– Мен үшін екеуінің де мәртебесі жоғары. Мұны былай түсіндірсем дұрыс болады. «Қазақстан Барысы» қазақ күресінің насихатын, мәртебесін одан әрі арттырды. Жарнамасы керемет. Ал қазақ күресі жарнамаға, насихатқа зәру. Мұндай үлкен жоба, керемет шоу арқылы біз төл күресімізді одан әрі жандандыра түстік. Сондықтан «Қазақстан Барысы» жобасына тек алғыс айту керек. Ал әлем кубогы және әлем чемпионаты сынды ресми біріншіліктердің мен үшін орны бөлек. Себебі қазақ күресінен әлем және құрлық додаларын өткізіп, басқа елдерге насихатын арттыра беруге тиіспіз.
– Қазақ күресі Олимпиада бағдарламасына енбеген. Ал әрбір спортшы Олимпиада ойындарына қатысып көргісі келеді. Осы тұрғыда өкінішіңіз жоқ па?
– Ешқандай өкінішім жоқ. Болашақта қазақ күресі Олимпиада бағдарламасына енетініне сенімім мол. «Қазақ күресі Олимпиада ойындарының қатарында» деген қуанышты жаңалық жеткенде, мүмкін, мен спорттық ғұмырымды аяқтап қалармын. Бірақ мен төл күресімізді насихаттап, ұлттық спортымызды ұшпаққа шығару үшін еңбектенгенімді мақтан етемін. Бүгінде қазақ күресі алға басу үшін көптеген қадамдар жасалуда. Бізге қазір әлемнің әрбір мемлекетінен қазақ күресі федерациясын ашып, күресіміздің насихатын арттыра беру керек. Кезінде дзюдо да осылай қарқын алып, Олимпиада бағдарламасының қатарына енген. Өз басым қазақ күресін ең әдемі спорт түрі деп санаймын. «Қазақша күрес үйренгім келеді» деп жаттығу залына келетін балаларды көрген сайын қуанып қаламын.
– Елішілік турнирлерден басқа, қандай ірі додаларға қатысу жоспарыңызда бар?
– Қараша айында Германияда өтетін әлем чемпионатына дайындалудамын. Алла сәтін салса, жеңіспен оралсам деймін.
– Әңгімеңізге рақмет.
P.S. Мұхит Тұрсыновтың отбасы түгелдей дерлік спортпен шұғылданады десек артық емес. Мәселен, әкесі Шыңғысбек Тұрсынов – қазақ күресінен елімізге танымал жаттықтырушы әрі төреші. Ал інісі Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим күресінен ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына қатысып келді. Осылайша, бір ғана Тұрсыновтар отбасы еліміздегі күрес өнерін дамытуға үлкен үлес қосып отыр.
Ақырыс Сейітқазы, "Алаш Айнасы" газеті