ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

ФИНАЛ: Бізді не күтіп тұр?!

Бүгін Астанадағы  «Rixos President Astana Hotel» қонақүйінің  «Орда» баспасөз залында «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалдық сынына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

 

Баспасөз жиынына  ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Айдар Махметов, «Астана» Президенттік Кәсіби спорт клубының президенті Бақтияр Артаев, Астана қалалық  спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасының басшысы Айталап Қорғамбаев,қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт, «Қазақстан Барысы» жобасы идеясының авторы  - Арман Шораев және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек мырзалар қатысты.

30 маусым күні Республикалық «Сарыарқа» велотрегінде өтетін турнирдің финалдық бәсекесіне орай өткізілген баспасөз мәжілісінде ұйымдастырушылар көкейде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді.

Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мырза «Қазақстан Барысы» турнирі жас буынның спортпен шұғылданып, күрес үйіремелеріне жазылуға септігін тигізгенін айтады.

 - «Қазақстан Барысы»  -  халықтың қолдауын тапқан жоба. Күреске, оның ішінде ұлттық спортымыз  - қазақ күресіне деген жанкүйер ықыласын одан әрі арттырып, жас балалардың қазақ күресімен шұғылдануына жол ашты, - дейді Елсияр мырза.

«Қазақстан Барысы» жобасының бас демеушісі  - «Самұрық Қазына» ұлттық әл ауқат қорының өкілі Айдар Махметов мырза да төл күресіміздің туын тік ұстаған турнирге басшылық көзқарасының оң екенін жеткізді.

 - «Самұрық Қазына» Ұлттық әл ауқат қоры еліміздегі спорт федерацияларын үнемі қамқорлығына алып келеді.  Соның ішінде, «Қазақстан Барысы» турнирінің алар орны ерекше. Біз ұлттық күресімізге төрден орын беруге тиіспіз. Төл күресімізге қолдау көрсетіп, әрқашан тізе біріктіріп жұмыс істейміз деген ойдамын, -  дейді Айдар Махметов.

Афины Олимпиадасының чемпионы, бүгінде «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының президенті қызметін атқарып отырған Бақтияр Артаев «Қазақстан Барысы» турнирінің қазақ күресінің насихатын арттыру үшін зор қадам жасап отырғанын қуанышпен жеткізді.

Қазақ күресінен мемлекеттік бапкер Марат Жақыт мырза турнирдегі балуандарға қойылған талаптармен таныстыра отырып, бір балуанның финалға қатыса алмайтынын жария етті.

 - Жамбыл облысында топ жарған балуан Дәулетхан Жақыпов дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Қазанда өтетін Универсиада ойындарына қатысатындықтан, оны финалдан босаттық, - дейді Марат мырза.

Жиын соңында сөз алған «Қазақстан Барысы» турнирі идеясының авторы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқоршылық Кеңесінің төрағасы Арман Шораев мырза биылғы доданың дайындаған тосы сыйы көп екенін жасырған жоқ.

 - Жыл сайын турнирдің сапасы артып келеді. Іріктеу сайыстарының өзі үлкен бәсекелестік аясында өтті. Сондықтан, финалға шыққан 32 балуанға  бабы мен бағы қатар шапсын деген тілек білдіремін. Ал, биылғы финалдың көрермен үшін дайындаған қызығы мол болып тұр. Белдесулер тартысты өту үшін жеребе тастау рәсімін жанкүйердің көз алдында өткіземіз. Одан бөлек, турнирді тікелей эфирде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «КТК» арнасынан бөлек, «Боец» және грузиялық GMG арнасы  тікелей эфирде таратады. Бұл қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалын әлемнің 35 мемлекеті көре алады, -  деп қуанышты жаңалығымен бөлісті.

 

 Ұлт Көшбасшысы  - ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалдық сыны 30 маусым күні сағат 13:00-де Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.