ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Білектілер ұмтылады биікке

 Осы күндері «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық белдесулеріне қатысатын балуандар соңғы дайындықтарын жүргізуде. Қазір Алатау бөктерінде дайындалып жатқан жігіттеріміздің қай-қайсысы болсын жылына бір рет өтетін турнирде жүлделі орын алуға үміттенеді, сол үшін барын салғысы келеді. Біз білетін сондай балуандардың бірі Сыр өңірінің және Кереку жерінің жігіттері. Сондықтан бүгін біз оқырмандарды екі облыс балуандарымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

 Сыр өңірі қазақ күресін дамытуда сүбелі істер атқарғанымен мақтана алады. Бұл енді тайға таңба басылып, тасқа қашалғандай шындық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінде бүкіл халықтың қолдауына ие болған «Қазақстан барысы» турнирінің тұсауы кесілген аймақ та осы Қызылорда облысы болатын. Тіпті, «Қазақстан барысының» тұңғыш жеңімпазы да аталған өңірдің балуанының еншісінде.

Биыл өңірден «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық сынына Айбек Серікбаев пен Ұлан Рысқұл жолдама алып отыр. Бұл екеуі облыста өткен іріктеу турнирінде қарсыластарын шақ келтірмей, Сыр бойының намысын қорғауға лайықты балуандар деп танылды. Осы екі балуанның бірі Ұлан Рысқұлды бәріміз де білеміз. Ол 2011 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы.

Ал, Айбек Серікбаевтың есімі Қызылорда облысына болмаса, елімізге онша таныс емес. Бұған ол ренжімес. Бірақ Айбек жас болса да әлеуеті зор, ол әлі де талай бәсекеде еліміздің абыройын көтереді деп айтуға болады. Айбек 1993 жылы 23 қазанда туған. «Сыр барысы» деген бүркеншік аты бар. Бойы 190 см, салмағы 90 кило балуан Қызылорда облысында өткен іріктеу айналымында қарсыласын шақ келтірмей, небәрі 19 жасында ол «Қазақстан барысының» алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлдың өзін тізе бүктірген болатын. Одан бөлек, Сырдың айтулы балуандарының бірі Ерболат Юсупов та Айбектен айла асыра алған жоқ. Қарымды қарсыластарына есе жібермеген Айбектің қазақ күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы деген атағы және бар. Қазір Айбекті әкесі Әділбек Серікбаев жаттықтырады.

«Қазақстан барысына» би­ыл бірінші рет жолдама алып отырмын. Сөз жоқ, облыстағы іріктеу сындары оңайға соқпады. Ұлан мен Ерболат ағаларымның жасы да, салмағы да, тәжірибесі де үлкен. Бірақ, бабым мен бағым қатар шауып, облыстық сыннан озып шықтым. Енді республикалық финалда барымды саламын, – дейді Айбек.

Қызылорда облысының намысын қорғайтын екінші балуанды таныс­тырып жату да артық. 2011 жылы алғаш рет өткен «Қазақстан барысы» сынында мерейі үстем болған Ұлан Рысқұлдың былтыр жолы болмаған. Енді ол өз мүмкіндігін тағы бір сынап көрмекші.

Ұлан Рысқұл 1986 жылы 21 қыркүйекте туған. Қазір Қызылорда облысының атынан қатысып жатса да, негізгі туған жері Алматы облысы. Бала кезінде Сыр өңіріне көшіп, сонда күреспен айналыса бастаған. Оның салмағы – 132 кило, бойы –186 см. Бүркеншік аты – «Сыр арланы». Жаттықтырушысы – Садық Мұстафаев.

Бұл балуан туралы көп айтып жатпайық деп ойладық. Өйткені, екі жыл қатарынан «Қазақстан барысына» қатысқан Ұланды еліміздің барлық жанкүйерлері біледі. Алғаш рет жеңімпаз атанғанда, төл күресіміздің маңыздылығын ескеріп, Ұланды бүкіл ел болып төбемізге көтергенбіз. Ұланға қарап талай бала бой түзеп, күрес залдарына барды. Сол балалардың алды қазір жасөспірімдер арасында өтіп жатқан жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр. Ал, былтыр өкінішке қарай, Ұлан Рысқұлдың жолы болмады. Негізі, ол турнирді жақсы бастаған еді. Алайда, бір-екі  артық  жасаған қимылынан қарсы­ла­сына есе жіберді. Енді Ұлан биылғы белдесулерде былтырғы кеткен есені қайтарсам деп алақанын осқылап жүр.

Жыл жылжыған сайын, турнирдің ауқымы кеңейіп, бәсе­келестік күшейіп келеді. Облыс­тық сындағы финалдың өзі респуб­ликалық додадан кем болған жоқ. Осыған қарап, қазақ күресінің, «Қазақстан барысының» мәртебесі артып келеді деп ауыз толтырып айта аламын. Қазір дайындығым жаман емес. Бәрі 30 маусым күні белгілі болады, – деген Ұлан Рысқұлдың қазіргі әлеуетін финалда байқайтын боламыз.

Павлодар облысы үкілеп қосатын екі балуанның есімі де белгілі. Дархан Жоламанов пен Самир Мамедов облыс­та өткен финалдық айқаста белдесіп, Дархан жеңіске жеткен. Турнир ережесі бойынша екеуі де «Қазақстан барысының» финалына жолдама алды.

Соның бірі, Дархан Жоламанов «Қазақстан барысына» осымен екінші рет қатысқалы отыр. Бұл жігітіміз белбеу күресінен Азияны үш мәрте бағындырып, әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған балуан. Одан басқа да қазақ күресінен өткен түрлі бәсекелерде қанжығасы майланып жүр. Бүр­кеншік аты – «Асау». Дархан 1986 жылы 18 тамызда туған. Салмағы – 96 кило, бойы – 179 см. Жаттықтырушылары – Нұрлыбек Ермағанбетов пен Мейрам Қамзин.

Дарханның өзіне сөз берсек, ол да турнирдің жыл сайын мәртебесінің артып келе жатқанын, оның төл күресімізді дамытуға үлкен қозғаушы күш болғанын айтады.

«Қазақстан барысы» турни­ріне былтыр қатысып, бағымды сынап көргенмін. Биыл аздап салмақ қостым. Жалпы, бұл турнир еліміздегі қазақ күресінің кеңінен қанат жаюына үлкен септігін тигізуде. «Қазақстан барысында» жеңген балуан Олимпияда чемпионынан кем құрметтелмейді. Сондықтан, мәртебелі турнирде намысты қолдан бермеуге тырысамыз, – дейді Дархан.

Кереку өңірінен озып шыққан екінші балуан Самир Мамедов әзербайжан ұлтының өкілі.  Жалпы, «Қазақстан ба­рысы» турниріне қатысып жатқан өзге этностың өкілдерін де кездестіруге бо­лады. Олардың саны жыл сайын кө­беюде. Әсіресе, тау халықтарының, не­міс этносының өкілдері қазақ күресіне бейімдік танытуда. Мәселен, биыл­ғы ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу сындарында өзге этностың өкілдері ынталы екенін көрсетті. Астана жарысына жолдама алған Самир де сол жігіттердің бірі. Об­лыстық іріктеуде Дарханнан жеңілгенімен, жақсы балуан екенін, белбеу күресінен әлемдік сында бекер жүлдегер атанбағанын дәлелдеді. Самир Мамедовтің бүркеншік аты – «Ірбіс». 1988 жылы 3 қазанда туған. Салмағы – 103 кило, бойы – 181 см. Оның жаттықтырушысы Нұрлыбек Ермағанбетов.

Бұл менің «Қазақстан бары­сына» тұңғыш рет қатысуым. Облыстық сында өзімнің досым Дарханнан жеңілдім. Бірақ, ең бастысы финалға шықтым. Шыны керек, финалдық сында айқасатын 33 балуанның барлығы да жеңіске лайық. Шын мықтыны кілем көрсетеді. Қазақ күресінен қарымды қарсыластарын жеңуге барлық қабілетімді көрсетемін, – дейді Самир.

 

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».