ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Үкілі үміт

 Қазақ күресінен Президент Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» турнирі жақындап келеді. Енді бір үш жетіден кейін Астананың төрінде осымен үшінші рет еліміздің жер-жерінде өткен жарыс­тарда іріктелген балуандар жиналып, күш сынасады.

 Жақында біз биылғы белдесулерге қаты­сатын барлығы 33 балуанның тізімін беріп, оқырмандармен таныстырған едік. Соның ішінде алғаш болып оқырман назарына ақтөбелік балуандар – Дархан Темірханов пен Шыңғыс Шоқпытов туралы мәлімет берген болатынбыз. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын Жұманазар Ерсұлтанов пен Сабыржан Әбілдаұлымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Әуелі Жұманазар Ерсұлтанов туралы айтатын болсақ, ол 1984 жылы қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан мәңгілік тұрақ тапқан Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында дүниеге келген. «Жақсықұл» деген бүркеншік аты бар. Салмағы – 160 кило. Бойы – 180 см. Жұманазарды Шәмшидин Жарқынбеков жаттықтырады.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында Үшқоңыр жайлауында өткен «Қазақстан Барысының» финалына шыққан балуандарды таныстыру рәсімінде елдің назары Жұманазарда болды. Себебі, ол турнирге ең салмағы ауыр, алып балуан ретінде қатысты. Былтырғы турнирде 138 кило салмақпен Бейбіт Ыстыбаев бас жүлдені жеңіп алғаны белгілі. Биылғы турнирде Жұманазардың салмағы бәрінен асып тұр.

– Мен негізі, күреспен көптен бері айна­лыспаған едім. Күрестен қол үзгеніме көп болған. Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүргендегі салмағым 120-125 килодан әрі аспайтын. Алайда, спорттан алшақтаған соң, бірден салмағым арта бастады. Салмақ қуа бастадым. Биыл «Қазақстан Барысы» турнирінің жергілікті жерлердегі іріктеу сындары өткізіліп, сонда көптің көзіне түсіп, жақсы күрескенімде біздің жақтың ақсақалдары: «Осы сен бала, күрессеңші! Оңтүстік «Барыс» басталғалы бері әлі бірде-бір рет жүлде ала алмай келеді» деп қолқа сала бас­тады. Содан соң, тәуекел еттім де, жаттығуды бастап кеттім. Алдымен қалалық, кейіннен облыстық сында топ жардым. Енді, Алла қаласа, финалда бақ сынаймын» дейді Жұманазар.

Оңтүстіктен «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық сынына қатысатын екінші балуанның аты-жөні – Сабыржан Әбілдаұлы. Сабыржан Жұманазардан 5 жас кіші. «Оңтүстік арланы» деген бүркеншік аты бар. Салмағы – 105 кило, бойы –185 см. Оңтүстіктегі Құралбай Орынбасар деген маманның қол астында жаттығады.

Сабыржан «Қазақстан Барысына» былтыр да қатысқан. Қазақ күресінен басқа самбо мен курашпен де айналысады. Осы спорт түрлерінен ол Азия чемпионы атанған. Содан кейін қазақ күресінде жеңіс тұғырына көтеріліп, біраз биікті бағындырып үлгерді. Негізі, ол облыстағы іріктеу сынында үшінші орын алған болатын. Оның орнына күміс жүлде иегері Самат Есен баруы керек еді. Бірақ, ол финалдық сынға жолдама алып тұрған жерінде жарақат алған соң, жолын Сабыржанға берді. Енді Сабыржанға Оңтүстіктің екі есе үмітін арқалап баруға тура келеді.

– «Қазақстан Барысы» турниріне қатысудың өзі мен үшін үлкен мақтаныш, абырой. Біздің бәрімізге іріктеуден өту оңай соққан жоқ. Ал, финалдық сында жанкүйерді керемет айқастар күтіп тұрғанына сенімім мол. Сондықтан, барша тілеулестерімізді турнирдің финалдық сынын тамашалауға шақырамын, – дейді Сабыржан.

Мінеки, ордалы оңтүстік өңірі осы екі балуанға үкілі үміт артып отыр.

«Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық сыны 30 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Билеттер Астана қаласының кассалары мен «Меломан» дүкендер желісінде сатылымға түсті.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».