Календарь

Арман ШОРАЕВ: Федерация кубогы – ауылды жерлердегі спортшылардың өз-өздерін дәлелдеуге берілген мүмкіндік

Қазақ күресі
25-11-2021 12:31
Киелі Тараз қаласы қазақ күресін дамыту орталығына айналған тәрізді. Бұған дейін Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Еуразия барысын» дүрілдетіп өткізген Әулиеата жерінде 3-5 желтоқсан күндері тұңғыш рет Қазақ күресі федерациясының кубогы сарапқа салынады. Дүбірлі додаға әзірге еліміздің түкпір-түкпірінен 14 команданың қатысатыны анық. «Ниет білдірушілер болса, қатарға қосуға дайынбыз» дейді Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев. Оның үстіне тағайындалған қаржы да қомақты – 20 млн теңге. Тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған турнир алдында Арман Төлегенұлымен кездесіп, қатысушыларға қойылатын талаптар мен ережелер туралы сұрап едік...
 –  Өздеріңіз білесіздер, біздің федерация қазан айынан бастап Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының құрамына енді. Олимпиада бағдарламасына қосылмасақ та, ұлттық спортымызға қамқорлық танытып жатқан аталмыш Конфедерацияның президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа алғыс айтамыз. Тұңғыш рет өткелі отырған Қазақ күресі федерациясының кубогына сондай-ақ еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, жергілікті әкімшілік қолдау білдіруде. Әзірге 14 команданың қатысатыны анық. Егер бақ сынап, мүмкіндігімізді байқаймыз дейтін өңірлер немесе жеке клубтар болса, тізімге қосуға дайынбыз. Алдағы уақытта облыстық, қалалық, аудандық командалар ғана емес, қалталы азаматтарымыз ата- бабаларының рухына арнап жеке клубтар ашамыз, қатыстырамыз десе, біздің есігіміз ашық. Себебі, бұл жоба елді мекендердегі қазақ күресін дамытуға ықпал етуі қажет. Бәлкім, осы бастамамыз солтүстік өңірлердегі қазақ күресінің қанатын кеңінен жаюына да септігін тигізіп қалар. Мысалы, әзірге қатысуға ниет танытқан 14 команданың ішінде мемлекеттік мекеме өкілдерімен қатар Семей медициналық және Жетісу университеттері де бар. 
– Ал қатысушылар қандай талаптар бойынша іріктелді? 
– Басты талап – қатысушылар тек биыл ғана құрылған болмауы тиіс. Яғни бұған дейін де қазақ күресінің дамуына ықпал етіп жүрген мекемелерге ғана рұқсат беріледі. Одан қалды құжаттамаларын, қаржы жөніндегі мүмкіндіктерін толық көрсетуі керек. Тағы бір айта кетерлік мәселе – бұл турнирде балуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Кей өңірлер жалғыз балуанын алға тартып, бізде қазақ күресі дамыған деп жар салады. Аталмыш турнирдің басты мақсаты – жекелей спортшыларды және тек белгілі бір салмақ дәрежелерін ғана емес, өңірлердегі төл күресіміздің жағдайын әртүрлі салмақ дәрежелерін қамти отырып мейлінше жақсарту. Айталық, «Қазақстан барысы» негізінен ауыр салмақтағы балуандардың деңгейін арттыруға бағытталса, «Еуразия барысы» басқа салмақтарды да қамтиды. Ал Федерация кубогы – аудан, ауылдық жерлердегі спортшылардың өз-өздерін дәлелдеуге берілген мүмкіндік. Сондықтан мұны лауазымды тұлғалар, атымтай жомарт азаматтарымыз түсінсе екен дейміз.
– Қатысушылар тізіміне көз жүгіртіп, еліміздің батысынан тек Атырау, ал солтүстіктен командалардың мүлде жоқтығын байқадық. Бұл сол өңірлердегі ынтаның төмендігін аңғарта ма? 
– Әлгінде де айтып өттім ғой, мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының намысын 70 шақты ғана үй бар менің ауылымның және дәл сондай тағы бірнеше ауылдың балалары ғана қорғайды. Бірақ оларға қолдау көрсететін адам жоқ. Өкінішке қарай, ол жақтағы әкімдерге де ұлтжандылық жетіспей тұр ғой. Соның салдарынан СҚО-да екі мыңға жуық адам ғана қазақ күресімен айналысады. Ал жалпы мамандар саны бар-жоғы – 26. Ақмола мен Павлодар облыстарында да жағдай солай. Ал батыстағы облыстарымыздың мұндай аяқалысы мені де таңғалдырады. Қазақы өңірлер емес пе?! Қостанай мен Маңғыстау облыстарының өкілдері «Қазақстан барысында» насихат аз болды дегенмен келіспеймін. Себебі, Федерация кубогы өтетіндігі осыдан бір жыл бұрын хабарланған. Ал бір ай бұрын нақты ережелер, тіпті, шалғайдағы елді мекендерге де жіберілді. Бірақ біз мына мәселені ұмытпағанымыз жөн. Бұл – қоғамдық жоба. Яғни қатысу- қатыспауды әркім өзі шешеді. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Өйткені клубтың келіп-кету, жүріп-тұру секілді шығындары сол мекеменің өзіне жүктеледі. 
– Әулиеата жерінде «Еуразия барысы» тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы да таңдаудың нақ осы Тараз қаласына түсуінің себебі неде? 
– Бірінші және басты себеп – алғашқы мамандандырылған қазақ күресі клубының Жамбыл өңірінде құрылуы. Дәл мұндай ынта өзгелерге де үлгі болсын дедік. Дода үш күнге жалғасатындықтан, тікелей эфирде таратылмайды. Бірақ түсірілім Тәуелсіздік күні қарсаңында отандық телеарналардан көрсетіледі.
– Турнирдің жүлде қоры қомақты. Бұл, әрине, қазақ күресінің дамуы үшін қуанышты жайт. Дегенмен бүгінгідей әлемді дағдарыс дендеген және Елбасының өзі үнемдеу шараларына көшу туралы тапсырма берген тұста мұндай қадамға бару қаншалықты дұрыс? 
– Оның рас, қаржы көлемі қомақты – 20 млн теңге. Дегенмен бұл қаражат толықтай Конфедерация тарапынан бөлінген. тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Осы орайда кубоктың насихаты аздау болды ма деген ой келеді екен... – Шыны керек, біз « Қазақстан барысы» жобасын қолға алғанымызда да облыс өкілдері күмәнмен қарады. Көпшілігі сенген жоқ. Ал қазір көзқарас өзгерген. Биыл федерация кубогын абыроймен ұйымдастырсақ, келер жылдан бастап облыс әкімдері де, өзге азаматтар да оянып, бәлкім, командалар саны бірнеше есеге артып қалар. Мемлекеттік бюджетке қол салып отырған жоқпыз. Осы тұрғыда Конфедерация қатарында жарыс қатысушыларына қомақты қаржы тағайындап отырған алғашқы үштікке ендік деп ойлаймын. Көш басында бокс тұр. Біздің түпкі мақсатымыз – қазақ күресінің, төл спортымыздың көсегесін көгерту. Оның үстіне бұл қаржы қатысушы сегіз команда арасында бөлінеді. Жеке адам үшін көп ақша секілді көрінгенімен, спорт клубтары немесе ұйымдар үшін бұл айтарлықтай қомақты қаражат емес. Бұған дейін «Қазақстан барысының» жүлде қорына киліккендер де болды. Бірақ айналдырған бес жылдың ішінде қандай деңгейге жеткендігін өздеріңіз де білесіздер. Бұл – керлинг немесе бадминтон емес, әрбір қазақтың қанына, жанына жақын ұлттық спорт түрі. Мысалы, «Астана» велоклубы мен «Барыс» хоккей клубтарының бюджеті 20-40 млн еуро шамасында. Сондықтан олармен салыстыруға да келмейді. Егер төл спортымыз кәрістің таэквондо, жапонның сумосының деңгейіне көтерілсе, діттеген межемізге жеткеніміз. Қайталап айтамын, бұл қаражат демеушілер есебінен бөлініп отыр және 1-8-орындар аралығында толық үлестірілетін болады.
– Кубокты көшпелі етіп өткізу туралы бастамаға қалай қарайсыздар? 
– Бұл жайтты да біз назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ол – уақыттың еншісіндегі дүние. Шыны керек, қазақ күресі толыққанды дамыды деуге әлі ерте. Алайда атқарып жатқан істеріміздің барлығы да өз кемшіліктерімізді жете түсінгендігімізді аңғартса керек. Олқы тұстарымызды қолға алған жобалар арқылы жоюға тырысып жатырмыз. Мысалы, спорттық резервтің жоқтығын осыдан төрт жыл бұрын байқап, нәтижесінде «Жас барыс» жобасы дүниеге келді, оның да танымалдылығы бірте-бірте өсіп жатыр. 
– Жақында тұңғыш рет Англияда «Болашақ барысы» ұйымдастырылды. Бүгінде қазақстандық студенттердің әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатқандығын ескерсек, бұл турнирді дәстүрге айналдыру немесе басқа елдерде де өткізу жоспарда бар ма? 
– Бұл бастама біздің федерацияға тиесілі емес. Оны қолға алған «Болашақ» қауымдастығы өкілдері мен шетелде оқып жатқан студенттеріміз. Ал біз олардың ұсынысын қуаттап, тіпті, меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде Лондонның түбіндегі бауырлас қалада жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, федерацияның төрешілері төрелік етіп келді. Бәрі қазақы үлгіде өтіп, тіпті, арнайы кілемдер де төселіпті. Лондондағы қазақ диаспорасының өкілдері де қатысқан. Мұны естіген Қытайдағы жастарымыз да жобаны жалғастырмақ. 
– Өзіңіз айтпақшы, сумо Олимпиада бағдарламасына енген емес . Бірақ оның танымалдылығы ешбір спорт түрінен кем деуге келмейді. Ендеше қазақ күресін төртжылдықтың қатарына қосудың қажеті қанша? 
– Біздің күресті де Олимпиада бағдарламасынан көрсек деген ойдың бары рас. Ондай мақсат болуы да керек. Дегенмен қазақ күресін Олимпиадаға қосу басты меже емес, сол сумоның деңгейіне жеткізсек те жаман болмас еді. Жапондар да сумосын төртжылдықтың басты додасының сапына қосуға талпынған. Бірақ олардың күресінде Олимпиада ойындарына сай келмейтін ережелер мен талаптар бар. Айталық, тамақты көбірек жеп, салмақты ұлғайту. Ал мұның денсаулыққа қаншалықты зиян екенін айтудың өзі артық. Ал қазақ күресінде ондай жоқ. Әлеуетіміз жаман емес десек те, арманымызды жүзеге асыру үшін жарты ғасырға жуық уақыт керек. Әлі де нақтылайтын тұстар көп. Әсіресе, ережелерге қатысты. Яғни ақтың ақ, қараның қара екендігін төреші мен көрермен қатар түсінетін дәрежеге жеткізуіміз қажет. Егер мемлекет тарапынан қолдау ұлғайса, бәлкім, арманымыз одан да тезірек орындалар. Қазірдің өзінде әлем елдерінде қызығушылық өсіп келеді. Оған «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысын» Түркияның екі, қала берді Ресей телеарналарының тікелей эфир арқылы көрсетуі дәлел. 
– Сізді көпшілік медиа саласындағы бастамашыл азаматтардың бірі әрі бірегейі ретінде біледі. Ал спорт өміріңіздің бір бөлшегіне қалай айналды?
– Телевизияда, жалпы қай салада қандай да бір жетістікке жетсем, ол тікелей спорттың арқасы. Неге дейсіз бе, өйткені мен бала күнімнен грек-рим күресімен шұғылданып, қайсарлық, өжеттілік секілді қасиеттерді үйрендім. Соның арқасында мектепте де, әскерде де төбелестен жеңіліп көрген емеспін. Өмірдің өзі күрес десек, алдымда кездескен қиындықтарға қасқайып қарсы тұру, жаңа белесті бағындыруға деген ұмтылыс спорттың берген тәрбиесі. Сондықтан төл күресімізді мектеп бағдарламасына қосуға талпынудамыз. Мәселен, Оңтүстік Кореяда таэквондо, ал Жапонияда дзюдо мектеп оқушыларына пән ретінде енгізілген. Одан ешкім зардап шегіп жатқан жоқ. Керісінше, бүгінгідей түрлі сұмдық жағдайлар орын алып жатқан заманда қыздарымыз да, ұлдарымыз да өз-өздерін қорғап үйренеді. Бұйырса, тағы 5-6 жылда осы жоспарымызды да жүзеге асырамыз деп үміттенін.
Әңгімелескен – Мадина Асылбек
«Спорт» газеті.

Последние новости

Қазақстан Барысы
23-04-2022 11:00