Календарь

Қазақ күресінен қаратұяғымнан хал кеткенше кетпеймін - Айбек Нұғымаров

KAZAKHSTAN BARYSY
16-06-2021 18:00
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Қазақстанда қазақ күресінен тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз балуан бар. Ол - Шығыс Қазақстан облысының тумасы Айбек Нұғымаров.
Ел біріншілігінде сан мәрте топ жарған ол Елбасы жүлдесі үшін дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан Барысы-2013» турнирінің жеңімпазы. Биыл Айбек осымен жетінші мәрте беделі биік додада бақ сынағалы отыр. Осыған орай балуанның өзімен тілдесіп, биылғы додаға дайындық барысымен танысып едік. 
- Айбек, «Қазақстан барысы» турнирі жақындап қалды. Дайындығыңыз қалай? 
- Өте жақсы дайындалып жатырмын. Қазір Семейдің іргесінде бір ауылда жаттығып жатырмын. Бәрі жақсы. 
- Бұйырса, жеңіс тұғырынан көрінем деген үміттесіз ғой? 
- Әрине, жеңіс үшін жаттығып жатырмын. Жеңілейін деп ешкім жарысқа бармайды ғой. Бар мақсатым - жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріну. 
- Осы балуандардың ішіндегі ең тәжірибелісі сіз боларсыз. Себебі, осы турнир басталғалы жыл сайын қатысып келесіз... 
- Қазақта «бағың мен бабың қатар шапсын» деген әдемі сөз бар. Кейде қанша тәжірибелі болсаң да, бағың шаппаса бәрібір сәтсіздікке ұрынасың. Бірақ, негізінен тәжірибе бірінші орында болатыны сөзсіз. 
- Қарсыластарыңыздың барлығы өзіңізге үйреншікті балуандар болар? 
- Солай деуге болады. Бірақ, соңғы жылдары өзге облыстардан мықты-мықты жас балуандар шығып жатыр. Сондықтан оңай қарсыластар жоқ. 
- Десе де, балуандардың ішінде «осыны ұтсам әрі қарай оңай болар» деген басты қарсыласыңыз бар шығар? 
- Жоқ, мен үшін барлық қарсылас бірдей. Әлі кіммен белдесетініміз де белгісіз. Жеребе тартылғаннан кейін барып, нағыз қарсыластарымыз туралы айтуға болады. 
- 2013 жылы «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алғандағы қуанған сәтіңізді әлі ұмытпаған боларсыз? 
- Ол күн естен қалай өшсін. Биыл да сол жетістікті қайталап, тағы бір мәрте шаттықтың құшағында тербелсем деген тәтті арманым бар. 
- Жоғары да айтып өттік, биыл турнирге жетінші мәрте қатысқалы отырсыз. Осы аралықта төрешілердің шешіміне наразы болған сәттеріңіз болды ма? 
- Жоқ. Төрешілер жолымды бөгеп, бұра тартқан емес. Алты жылдың біреуінде чемпион болсам, қалған бесеуінде өзімнің жіберген қателіктерімнен қарсыластарыма есе жібердім. Биыл сол қателіктерге бой алдырмай, кеткен есемді қайтаратын боламын. 
- Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін «Барыс» атансам болды деп еді. Атанды, биыл өз еркімен қатысудан бас тартыпты. Ал сізде неше дүркін чемпион атану жоспарыңызда бар? 
- Мен осыған дейін өзіме ондай нақты талап қоймаппын. Өзім спортқа кешігіп келгенмін. 17 жасымда үлкен спортты бастадым. Енді спорттан кешігіп кетпесем деген ойдамын. Қазақ күресінен қаратұяғымнан хал кеткенше кетпеймін. Мен - қазақ күресіне кешігіп келсем де әлемді төрт рет бағындырған жалғыз қазақпын. Мақсатым - қазақ күресін әлемге таныту. 
- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік болсын...


 http://www.inform.kz/kz/kazak-kuresinen-karatuyagymnan-hal-ketkenshe-ketpeymin-aybek-nugymarov_a3036756 


Последние новости