Календарь

Руслан Әбдіразақовтың анасы: бапкері әкесінен "Русланды балуан етіп шығарамын" деп алып кеткен еді...

Қазақстан Барысы
28-07-2021 12:24
Биылғы "Қазақстан Барысы" турнирінде Руслан Әбдіразақов финалға дейін барлық қарсыластарынан басым болып, тек Бейбіт Ыстыбаевқа ғана ұпай айырмасымен жол берді. Талай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген ол "Қазақстан Барысында" осымен екінші рет жүлделі орынға ие болып отыр. Осыған орай қуаныш иесін құттықтап, анасы Гүлайым Балтабековамен арнайы сұхбаттасқан едік. Баласы жайлы ол кісі ағынан жарыла әңгімелеп берді.


Ұлыңыздың жүлдесі құтты болсын! «Қазақстан Барысын» қайдан тамашаладыңыздар?

Рахмет, айналайын! Туған-туыстар, жолдастарымыздың бәрі жиналып, үйде отырып көрдік. Қазақта баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақым қысады дейді ғой. Ұлым әр кездесуге шыққан сайын жеңіске жетсе екен деп тілеумен болдым. Әкесі мен ағасы Ұлан сол күні Астанада болды. Жүлделі орынға ілінгеніне қатты қуанып, жақын-жұрағаттың бәрінің басын қосып, атап өттік. Тойдың базары енді ғана тарқады.

Руслан бала күнінде қандай еді? Күреске қалай тап болды?

Бала кезінен оның мінезі жұмсақ-тын. Кейбір нәрселерге жүрегі езіле аяушылық білдіретін. Әлі күнге дейін солай. Біздің үйдің іргесінде ұлты орыс жалғыз әжей тұрады. Кішкентай кезінен соған көмектесіп, ауылдан келген сайын «Мама, оның жақын ешкімі жоқ қой» деп балық, күріш апарып беріп жүретін. Сондай жандарды көргенде көмектесуден аянып қалмайтын қасиеті бар.

Екі ұлыңыз да спортшы. Бір жолды таңдауына қарсы болмадыңыздар ма?

Үлкен ұлым Ұлан 1996 жылы Қапшағайға көшіп барғанымызда алғаш рет күрес залына барды. 1999 жылы Алматыға қоныс аудардық. Ұлан спортта жүріп бірталай нәтижелерге қол жеткізді. Ал Руслан ол кезде спортқа бара қоймаған болатын. Бірде ағасы жарысқа барарда әкесі екеуі вокзалда шығарып салып тұрса, бапкері Садық «мына бала кім?» деп сұрапты. Ұлан інім десе, нағыз күрестің баласы деп, кейін қоярда қоймай алып кетті. Әкесі «бұдан көркемөнерпаз болмаса, балуан шықпайды» деп еді, бірақ алтын шыққан жерді белден қаз дегенге салып бермесіне қоймады. Алматыдағы спорт мектеп-интернатына түсіріп, кейін Руслан 11-сыныпты сол жерден бітіріп шықты. Оған дейін бокс, таэквондо, біресе домбыраға барып жүрген еді. Бапкері Садық барлық жауапкершілікті мойнына алды. Іштей күмән болғанын жасырмаймын. «Мен Русланнан мықты балуан шығарамын» деді. Әкесі өзі рұқсат берген соң мен қарсы болмадым.

"Жеңіске жеттім" деп мерейі тасып келген кезді әлі ұмытпаған боларсыз?

Күреске қатысқан соң түрлі жарыстарға барып жүрді. Бірде жеңді, жеңілді дегендей. Әйтеуір тауы шағылмай, жаттығуды босатқан емес. Әлі есімде, Лепсі жақта үлкен жарыс өтіп, сол додаға Руслан да барды. 2010 жыл болуы керек. Сол жарыс аяқталғанда бас жүлде алғанын хабарлады. Қатты қуанғанымыздың бірі жеңісі сол болды-ау. Астына темір тұлпар мініп оралған.

Үй шаруасына қыры қалай?

Қолы қалт етсе ештеңеден тартынып қалмайды. Есіктің алдын жинастырып тастау, оны-мұны шаруаларды реттеп тастаудан аянған емес. Көбіне жаттығуда жүреді. Сол себепті, біз де оны бөгемеуге тырысамыз.

Алматыда жүріп Қызылорда облысына ауысқанда қалай қабылдадыңыздар?


Бапкері Садық Мұстафаев жұмыс бабымен Сыр жаққа ауысқан соң Ұлан мен Русланды сол жаққа ерте кетті. Спортпен айналысуына барлық жағдайын жасап, қамқорлық танытып жүрген соң несіне қарсы боламыз. Садық шәкірттерін өз баласынан кем көрмейтін адам. Жастайынан баптап жүрген соң онымен бірге барғаны да дұрыс болды деп санаймын. Әрбір жеңіске жеткен сайын оған Садықтың қосқан ұшан-теңіз үлесі барын біз сезбейді емес, сеземіз.

Ана көңіліңіз Русланның келін әкелер сәтін елігізіп күтіп жүрген болар. Қандай келін болғанын қалайсыз?

Қазақтың салтына сай ибалы, тәрбие көрген келінім болса деп барлық ана армандайтын шығар. Мен де сондай көргенді, ата-енесінің алдын кеспейтін келін болса деп тілеймін.

Әңгімеңізге рахмет!


Последние новости