Қазақ халқы балуанға арнайы киім тікпеген. Қандай ережемен, қандай киіммен күресетіндіктері балуандардаң өзара келісімдері бойынша шешіліп отырған. Ел арасында балуандарға қаратып «білегін сыбанып, балағын түріп күреске шықты» деген сөз жиі айтылады, олай дейтін себебі белдесуге шыққан балуан көйлегінің немесе шапанының жеңін және шалбарының балағын түріп алатын болған. Қазақ халқы білекті сыбанды деген сөзді кейде іске дайын болды деген мағынада айтады.
Қазақ жерінде ертеде балуандар белдесуге кеуделері жалаңаш немесе күртеше, шапан киіп, кейде шапандарының бір жеңін шешіп белдікке қыстырып шыққан. Аяқтары жалаң аяқ немесе әр түрлі аяқ киіммен, етікпен де күрескен.
Белгілі балуан Молдабайдың күреске шығуын төмендегідей жырлайды:
...Молдабай түйе жүнді шекпен киіп,
« Оған олжа боламын» деп, оңай тиіп.
Сыбанды бір иығын жалаңаштап,
Көпшіліктен бата алды басын иіп.
1949 жылғы күрес ережесі бойынша балуан шапанға ұқсас киім киіп, бір жеңін кимей, бос қоятын болған. Бірақ бұл киім үлгісі ел арасында тарап кете алмады, себебі, онымен күресу қолайсыз еді.
1960 жылдан бастап Қазақстанда самбо күресі жақсы дами бастады. Осының әсерінен қазақ күресі балуандары самбо киімін киіп күресетін болды, кейіннен дзю-до күресінің киімімен де белдесуге шығатын жағдайға жетті.
1933 жылдан бастап қазақ күресіне арналған балуан киімі үлгісін жасау үшін ғылыми ізденіс басталды. Алдымен болашақ балуан киімінің қандай болуы керектігіне бірнеше талаптар қойылды:
1. Балуан киімі ұлттық киімдер үлгісі ерекшелігін сақтауы қажет;
2. Балуанға күресу кезінде өзіне ыңғайлы, қазақ күресі ережесіне сай әдіс-айла жасауға қолайлы болу шартты;
3. Күрес киімі көзге тартымды, сәнді, эстетикалық талғамға сай болуы басшылыққа алынды.
Ғылыми ізденіс үстінде (1993-1996 жылдар арасы) көптеген киім үлгілері сынақтан өтті.
Сынақ кезінде қазақ күресіне киіп жүрген самбо және дзю-до киімдерінің жеңі ұзын болғандықтан барлық күреске берілген уақыттың 60-70 пайызы жеңнен ұстауға немесе одан босануға кететіні анықталды. Қазақ күресінің негізгі ерекшеліктерінің бірі жерде жатып күресуге болмайтындығы, күрес тек түрегеліп тұрған қалыпта жүргізілетіндігі, аяқтан ұстауға болмайтындығы ескеріліп, осы жағдайға байланысты күресуші екі балуанды бір-біріне жақындатудың бір жолы киім жеңінің қысқа болуы анықталды. Көптеген киім үлгісін сынақтан өткізу барысында қазақ күресіне қолайлы «Торғауыт», «Қаттау» үлгісіндегі батырлар сауыты үлгі болды. Жаңа балуан киімі қазақ күресінде қолданылатын күрделі әдіс-тәсілдерді белдесу кезінде жиі қолдануға ықпал етті.
Қазақ күресіне арналған киімдер үлгісін сынақтан өткізу және оның тиімділігін анықтау кезінде спорттық күрестің үлкен мамандары Қазақтың физкультура институтының ректоры, п.ғ.д, профессор ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, Б. Қаражанов, ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР самбо күресінің бас бапкері К. Қойшыбек, ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, Азия федерациясының вице президенті Б. Жаналин, п.ғ.к. доцент Н. Ордабаев, КСРО және ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы М. Жахитов, ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, аға оқытушы Н. Өтегеновтер бағалы кеңес берді.
Қазір осы балуан киімі арқылы қазақ күресін дүние жүзі елдері таниды. Киім үлгісіне патент алынды.
Балуан киімінің сипаттамасы
Арнайы мықты матадан тігілген кеуде киімінің жеңі шынтақ буынына жететін қысқа, етек ұзындығы жамбасты толық жауып тұратын күртеше. төменге киетін балағы тізеге жететін арнайы тігілген шалбар. Белге буынатын денені екі орауға еркін жететін белбеу. Балуанға арналған арнайы аяқ киім.