Біз «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық сынында өз облыстарының намысын қорғайтын 33 балуанды таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі кезек Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының абыройын арқалап шығатын жігіттерге келіп отыр.
Алдымен Батыс Қазақстан облысы туралы айтсақ, бұл жерден Ақжайық өңірінің намысын Ринат Ибрагимов пен Сұңғат Махамбетов қорғайтын болады. Негізі, биылғы облыстық іріктеу жарысында Еділ Үсеновтің бағы жанып, ол тағы да «Қазақстан Барысының» финалдық сынына сүрінбей өткен болатын. Бірақ, жарақат деген спортшының жарыс жолына тұсау болатын нәрсе бар емес пе, сол жарақат Еділдің Жайық өңірінің намысын тағы да қорғауға мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, Еділдің финалдық сынға дайындығы жақсы еді. Амал не, Үсенов жарақатына байланысты финалдық сыннан сырт қалды. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысының намысын іріктеу айналымының үшінші кезеңінде екінші орын алған Ринат Ибрагимов пен үшінші орын иегері Сұңғат Махамбетов қорғайды деп шешілді.
Бұл балуандардың да аты елімізге жақсы таныс деуге болады. Ринат Ибрагимовтің өзі екі Олимпиадаға қатысқан балуан. Екеуінде де, Бейжің мен Лондон Олимпиадасында дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі болғанын білеміз. Енді міне, күні кешеге дейін дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі болған Ринат алғаш рет «Қазақстан Барысының» финалдық белдесуінде бақ сынағалы отыр. Салмағы едәуір аз болғанына қарамай, ол алыптармен айқасуға әзірмін дейді. Несін айтамыз, осындайда біз де Ринат бауырымызға аузыңа май, астыңа тай дейміз де.
Ринаттың да өзге балуандар сияқты бүркеншік аты бар. «Жайық» балуаны деген. Биыл бұл жігітіміз 27-ге толды. 1986 жылы 7 мамырда туған Ринаттың салмағы аса көп емес, 85 кило. Ал, бойы: – 181 см. Оны қазір Самат Жылқыбаев пен Қошқарбай Табынбаев деген мамандар жаттықтырады.
Лондон Олимпиадасынан кейін, үлкен спортпен қош айтыстым. Бірақ, ес білгелі күресіп жүрген мен үшін татамиден ажырап қалу кішкене қиындық туғызды. Сол сәтте «Қазақстан Барысына» қатысуды жөн көрдім. Мен бұл турнирге екі мақсатпен қатысудамын. Біріншісі – ұлттық күрестің насихатына үлес қосу. Себебі, үнемі дзюдомен шұғылдандым да, төл күресімізге көңіл аудара алмадым. Енді осы олқылықтың орнын толтырсам деймін. Екіншіден, көптен бері күресті аңсап жүр едім. «Қазақстан Барысына» қатысып, күреске деген сағынышымды біраз басып алғым келеді. Турнирдің жүлде қоры қомақты. Бірақ, мен үшін ең басты нәрсе – өз әлеуетімді тексеру. Дзюдода тек өз салмағымдағы балуандармен белдестім. Енді ауыр салмақтағы спортшымен кездесіп, деңгейімді тексеріп көремін, – дейді Ринат.
Ал Жайықтың жағасында туып-өскен тағы бір балуанды да көп адамдар біледі деп ойлаймыз. Оның есімі әсіресе, кіндік қаны тамған Орал өңіріне жақсы таныс. Бұл балуанның аты – Сұңғат Махамбетов. Ол биылғы финалдық сынға қатысатын жас балуандардың бірі болғалы отыр. Оның жасы – 23-те. 1992 жылы 2 сәуірде туған. Оны білетіндер жас болса, жарыстарда бас бола білетін балуан дейді. Мүмкін солай да шығар, ал, біз білетін Сұңғат самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы болған.
Сұңғаттың бүркеншік аты – «Бура». Жас болса да 100 кило салмағы бар. Бойы – 173 см. «Бураны» Райбек Меңдіғалиев, Қайырбек Оңдағановтар жаттықтырады. Енді өзіне сөз берсек, оның биылға алдына қойған мақсаты және арманы «Қазақстан Барысының» финалдық белдесуіне қатысу болған екен. Бірақ, облыстық іріктеу жарысында үшінші орын алғанда ішінде бір күйініш, өзіне деген бір өкпе қалғаны болды енді. Соны өзі де жасырмай айтады. Тыңдап көрейік.
– «Қазақстан Барысына» қатысуды арман еткеніммен, биыл облыстық сында жартылай финалда сүріндім. Сол кезде ішіме сыймай, не істерімді білмей қалдым. Бірақ, біздің өңірдің бас балуаны жарақат алып қалғанда оған да жаным ашып кетті. Өкінішке қарай, Еділ Үсенов жарақат алып, финалдық белдесулерге қатыспайтын болды. Осыдан соң, облыс намысын қорғау міндеті маған жүктелді. Биыл финалға қатысатын балуандар кіл «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Сондықтан, оңай болмайтынын білемін. Бірақ, намысқа салып, жеңіп шығуға тырысамын, – дейді Сұңғат Махамбетов.
Тағы бір айтатын нәрсе, Сұңғат турнирдегі бойы аласа балуандардың бірі болғалы отыр.
Енді Шығыс Қазақстан облысына келсек, бұл облыс «Қазақстан Барысы» турнирінен екі жыл бойы жүлде алған аймақтардың бірі. Оны күрес десе делебесі қозатын жанкүйерлердің бәрі біледі. Ал, жастайынан ысылған, талай кілемнің шаңын қағып өскен, тәжірибелі Шалқар Жоламановты кім білмейді дейсіз. Ол екі жыл қатарынан турнирдегі үздіктер қатарына ілікті. Биыл Шалқар кілемге шықпайды. Үшінші маусымда Шығыстың намысын қорғау міндеті енді Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновқа жүктеліп отыр.
Айбек Нұғымаров былтыр «Қазақстан Барысы» турнирінде қола жүлдеге ие болғаны белгілі. Енді Айбек биыл құрмет тұғырының ең биік сатысынан көріну үшін бар күшін саламын деп, мақсат қойып отыр.
Оның бүркеншік аты – «Шығыс барысы». Былтыр да ол осы бүркеншік атпен кілемге шыққан. 1987 жылы 3 маусымда туған. Айбек биылғы сында ең ауыр салмақты балуандардың бірі болады.
Оның салмағы – 134 кило. Бойына келсек, 189 см. Жаттықтырушысы – Серік Қоржыкенов.
– Өткен жылы ширек финалда алған жарақатым белдесуді сәтті аяқтауыма біраз кедергі келтірді. Енді былтырғы олқылықтың орнын толтырып, жеңімпаз атансам деймін. Финалға шыққандардың қатарында осал балуан жоқ. Бәрі де санасуға тұрарлық балуандар. Сондықтан, дайындықты одан әрі күшейтіп жатырмын, – дейді Айбек.
Айбек Нұғымаров былтыр аса ауыр салмақта дзюдодан Қазақстан чемпионы болған. Қазақ күресімен дзюдоны қатар алып жүрген балуан енді халықтық турнир «Қазақстан Барысының» бас жүлдесінен үмітті.
Екінші балуанымыз Мұхит Тұрсыновтың бүркеншік аты – «Алтайдың ақиығы». 1988 жылы 22 сәуірде туған. Салмағы – 90 кило, бойы – 185 см. Жаттықтырушылары – Шыңғысбек Тұрсынов пен Мұқсым Нұртазин.
Мұхиттың есімі қазақ күресінің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Төл күресімізден өткен әлем кубогының иегері. Жақында ол қазақ күресінен өткен ел чемпионатында 90 кило салмақта чемпион атанды.
– «Қазақстан Барысы» турнирінің финалына екінші рет жолдама алдым. Шығыс жақтың жігіттері шымыр келетінін білесіздер. Сондықтан, облыстық турнирде озып шығу оңай болған жоқ. Биылғы финалға қандай да бір жорамал айтқым келмейді. Кімнің дайындығы мықты соның бағы жанарына сенім мол, – дейді Мұхит.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».