Календарь

Төрт балуан жарыстан шеттетілді

KAZAKHSTAN BARYSY
21-06-2021 16:00
"Қазақстан Барысы" турнирінің финалына жолдама алған төрт балуан жарыстан уақытша шеттетілді.
Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясы «Допингке қарсы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің шешіміне сәйкес Мереке Тұрашев (Ақмола облысы), Александр Касачев (Алматы облысы), Самир Мамедов (Павлодар облысы) және Айбек Нұғымаровтың (Шығыс Қазақстан облысы) анализдік сынамаларынан тыйым салынған мельдоний субстанциясының табылуына байланысты аталған балуандар қазақ күресінен ұйымдастырылатын барлық жарыстардан, соның ішінде биылғы жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық сынынан да зерттеу аяқталғанға дейін уақытша шеттетілетіндігін хабар етті.
Аталған балуандарды жарыстарға жіберу немесе нақты бір уақытқа жарыстардан шеттету туралы соңғы шешімді Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттігінің (ВАДА) қорытындысын алғаннан соң «Допингке қарсы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Тәртіптік комиссиясы қабылдайтын болады. Турнирден шеттетілген балуандардың орнына басқа балуандар жіберілмейді.
Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының басшылығы орын алған жағдайға байланысты өкінішін білдіре отырып, Халықаралық Олимпиада комитеті, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттігінің (ВАДА) допингке қарсы жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын, сондай-ақ, болашақта мұндай жайттарды болдырмаудың жолдарын қарастыратынын хабарлады.