Календарь

"Еуразия Барысы" турнирі Алматыда өтеді!

EURASIA BARYSY
16-11-2021 01:12
Бірінші желтоқсан күні Алматыда тұңғыш рет, төл спортымыздың тарихында төртінші мәрте қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтеді. Бұл сегіз құрама, яғни Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Иран, Украина, Өзбекстан және Қазақстан қатысатын командалық жарыс. Аталған ұжымдардың барлығы бұған дейін қазақ күресінің сайысында бақ сынап көрген.
Турнирдің тарихы 2013 жылдан бастау алады. Алғашқы жарыста және 2015 жылы Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанған болатын. Тек 2014 жылы алтын «тайқазан» Моңғолияға жол тартты. Жарыстың көркін қыздырып, жеңіл салмақтағы балуандарға мүмкіндікті арттыру үшін қазақ күресінде салмақ дәрежелер саны артып келеді. Бастапқыда «Еуразия Барысына» қатысушы командалар бес балуаннан жарысқа қоса, 2015 жылы жеті, ал биыл сегіз балуаннан белдеспек. 
Үш жыл бойы халықаралық дода «Тараз Аренада» өтіп, көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Сол қызығушылықты барынша қанағаттандырып, көрермен санын арттыру мақсатында турнир Оңтүстік Астанаға ауыстырылды.  
«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ұйымдастыруы мен Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өтетін «Еуразия Барысы 2016» халықаралық турнирі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылады.

Биылғы жарысқа қатысушылар қатарында аты әлемге әйгілі балуандар аз емес. Грузия құрамасының сапында самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Вахтанг Чидрашвили, екі дүркін Еуропа чемпионы Давид Лариошвили, сонымен қатар әлем және Еуропа біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Басты фавориттердің бірі саналатын Моңғолия командасында самбодан әлем чемпионы А.Байараа, дзюдодан әлемдік гран-при турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Х.Ганболд сынды және 2014 жылы «Еуразия Барысы» бәсекесінде топ жарған балуандар боз кілемге шығады. 
Сонымен қатар, қатысушы басқа да командалардың құрамында ұлттық жекпе жек түрлері, соның ішінде күреш, белдік күрес және тағы басқаларынан әлем чемпиондары Қазақстанға келеді. Әр команда төреші, жаттықтырушы және сегіз балуаннан құралады. Спортшылар келесі салмақ дәрежелері бойынша күреседі: 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг және 100 келіден жоғары аса ауыр салмақ. Балуанның жасы 18 жастан үлкен, сонымен қатар өзі намысын қорғайтын елдің азаматы болуы міндетті. Жарыс алдында қатысушылар медициналық тексеру, салмақ өлшеу, допинг-тексеру және дайындық жаттығуларынан өтуі керек.   Жарыстың беделін арттыратын дәстүрлі қомақты жүлде қоры да бар. Жеңімпаз команда 10 миллион теңге иеленсе, екінші орынға 6 миллион, үшінші орынға 4 миллион теңге қарастырылған. 

«Еуразия Барысы» халықаралық турниріне қатысатын Қазақстан құрамасы турнирге бірнеше күн қалғанда анықталмақ. Турнирден он күн бұрын қос құрамдағы отандық балуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жиынның қорытындысы бойынша ел намысын қорғайтын үздік спортшылар анықталады. Алматыдағы бәсеке жүзден аса елде көрсетіледі деп күтілуде. 

Жарыстың басталуы желтоқсан айының 1-ші жұлдызы, сағат 12:00-де. 
Билеттер ticketon.kz сайтында, Меломан дүкендер желісінде, Алматы Арена спорт кешенінің кассасында және қалалық серіктес кассаларында сатылымда.  Кассалар бойында ақпаратты +7 727 225 1050 (Алматы), +7 717 247 63 50 (Астана), +7 777 733 53 53 нөмірлері бойынша біле аласыз (демалыссыз). 

Билет құны 500 теңгеден басталады. Дәстүр бойынша көрермендер арасында жеңіл автокөлік ойнатылмақ.  Келіңіз, жанкүйер болыңыз!

Последние новости