Календарь

«Еуразия Барысының» жүлдесіне әркімнің таласы бар

Еуразия Барысы
12-10-2015 03:27
Көптен бері асыға күткен ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі әне-міне дегенше өте шықты. Қазақ күресінен өтетін доданың бәсі тым бөлек. Алыс-жақынға жар салған соң қазақ күресіне таласы бар елдің балуандары тегіс қатысты. Үшінші рет Тараз топырағында ұйымдастырылған додаға қатысуға ниет білдірген елдердердің қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия командалары бақ сынаған турнир тартысты жағдайда өткеніне жанкүйер куә.
Турнир түндігі түріліп, жалауы желбіреген сәтте жеребе тартылды. Алдын ала белгілі болғандай, регламентте әрбір елдің командасы бір салмақта екі балуаннан әкелуге құқылы болды. Яғни, оларды әр кездесуде ауыстырып отыруға рұқсат берілді. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, ҚР қазақ күресі федерациясы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен турнирге Мәдениет және спорт министрлі, «Нұр Отан партиясы» және Жамбыл облысының әкімдігінің қолдау көрсеткенін айта кетуіміз керек.
Сонымен жеребе бойынша бірінші кездесуде Грузия – Моңғолия, Қырғызстан – Өзбекстан, Қазақстан – Польша, Ресей – Түркия балуандарының жолы түйісті.

Грузия – Моңғолия: 4:3

Бұл екі елдің балуандары жалпы күрес түрлері бойынша әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Сондықтан оларға қазақ күресінен сынға түсу қиын емес. Қарсы келгенді айла-тәсілмен алып ұратын шеберлік баршылық. Әуелі 55 келідегі грузиялық Церцвадзе Иосеб пен моңғолиялық Сумия Баттал кілемге шықты. Алғашқы жеңіс қап тауының жігітінің пайдасына шешілгенімен, 66 келіде моңғол Ганбол Херлен Калданий Георгийді қапы қалдырды. 74 келіде Мамулашвили Каха – Ганбаатар Одбаяр арасындағы тартыста грузин жігіті сылбырлық таныта берді. Кездесу қорытындысы жартылай жеңіс ұпайымен моңғолиялық балуанның пайдасынан шешілді. Гагнидзе Заур – Мунхбат Дагвадорж екеуінің күресі есепті теңестірді. Бұл жолы жартылай жеңіс ұпайы Мунхбатқа берілгенімен, артынша Заур бір ескерту алды. Қарқынды шабуылды күшейтіп, қатарынан 2 жартылай жеңіске ие болған грузин балуаны жеңіске жетті. 90 келідегі Гвиниашвили Паата мен Ган Тувшинжаргал бір біріне оңайлықпен алдырмады. Паатаның айлаға көшіп, бүк ұпайын еншілеуі оны алға шығарды. Күрес соңына дейін жалғаспай, негізгі уақыт аяқталуға сәл уақыт қалғанда Паата таза жеңіске жетті. 100 келідегі белдесуде Коберидзе Гиоргийден Бунддорж Джанчивдорж басым болды. Есеп 3:3! Шешуші сәтте аса ауыр салмақтағы Бердзенешвили Бека Алтангерел Даваанямды өз әдісіне түсіріп, командасын келесі кезеңге алып шықты.

Өзбекстан – Қырғызстан: 5:2


55 келіде Мажидов Лазиз – Кұлынбек Естебаев кездесуді бастаған сәттен-ақ бауырлас елдің балуаны бірден шабуылға көшті. Ескерту өзбек балуанына беріліп, артынша нәтижелі жасалған әдіс Естебаева жартылай жеңіс ұпайын да әперді. Екінші жасаған әдісі тағы да Құлынбекке жартылай жеңіс ұпайын сыйлап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. 66 келідегі Хусейн Осимов Санжар Османалиев арасындағы кездесуде есеп теңесті. Таза жеңіскен жеткен Хусейн кілемде әдісті нәтижелі жасай алды. 74 келіде Камолоддин Расулов пен Мейірлан Ералиев арасында кезде аса тартысты өтті деуге болады. Расулов дзюдо мен кураштан спорт шебері болса, Ералиев самбодан өз елінің чемпионы. Бұл кездесуде жеңіс жартылай жеңіс ұпайын еншілеген Мейірланға бұйырды. Қалған кездесулердің барлығында қырғыздар осал болды. Өзбектен қатарынан ойсырата ұтты. Тіпті, аса ауыр салмақтағы Мухсин Хисомиддинов қырғызстандық Максим Стихинді 12 секундта жеңді. 5:2 есебімен өзбектер жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстан – Польша: 5:2

Қазақстан атынан бұл сынға жігіттер сақадай сай шықты. Қазақ күресінен ел чемпионаты, Азия және әлем біріншіліктерінде олжа салған балуандарымыз кездесуді жеңіспен бастады. 55 келідегі Марат Нигматоллаев Марек Ваврзкивичті жеңіп, командасын алға шығарды. 66 келідегі Бағдәулет Сәбитов пен Бартоломей Гарбачик арасындағы белдесуде отандасымыздың мерейі үстем болды. 73 келі салмақ дәрежесіндегі күресте Ринат Махмутов польшалық Филип Пузырға есе жіберді. 81 келіде Мақсат Мәзібаев кездесуде ұтылып жатыр, соңғы секундта ғана Козчински Радославтан айласын асырды. Өкінішке қарай, 90 келідегі Бекзат Ахметбеков Микола Трзешнивскийге қарсы кездесуде басымдық таныта алмады. Есеп 3:2. Бұл белдесулерде 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Нұрым Сәлімгереев Қазақстан құрамасын алға шығарды. Соңғы белдесуде Бейбіт Ыстыбаев Якуб Зарзечныйды таза жеңді. 5:2 есебімен басым түскен қазақ балуандары жартылай финалға өтті.

Ресей – Түркия: 5:1

Бұл командалар арасында алғаш кездесуде екі елдің де балуаны кездесуге қатысқан жоқ. Олар турнир алдындағы жарақатына байланысты кілемге шықпады. Кездесу 66 келіден басталып, Акоп Акопян - Искендер Озканоглу белдесуімен өрбіді. Ресей балуаны белсенділік танытып, әдіс жасауға көшті. Алғашқы жеңіс Ресей балуанының пайдасына жазылды. Одан кейін кілемге шыққан Сергей Николаев Ибрагим Узын Халилге бірден есе жіберді. Есеп теңескенімен, өкінішке қарай бұл түрік балуандарының жалғыз ғана жеңісі болды. Қалған кездесулердің барлығында олар ойсырай ұтылып, 5:1 есебімен ресейліктерді алға жіберді.

Жартылай финал:
Грузия – Өзбекстан: 2:5


Екі ел арасындағы кездесулер жанкүйер күткендей ұзаққа созылмады. Көршілес елдің жігіттері ә дегеннен-ақ грузин жігіттерінің жауырынын жерге тигізіп жатты. Алғашқы кездесуде 55 келідегі Иосеб Церцвадзе Лазиз Мажидовтен басым түскенімен, 66 келіде Калдани Георгий Хусен Осимовке есе жіберді.74 келі: КахаМамулашвили Расулов Камолоддиннен айласын асыра алмай әбірге түсті. Одан кейін кілемге шыққан 81 келіде Заур Гагнидзе Әлішер Құдайбердиевті ұта алмады. 90 келіде грузиндер үміт артқан Паата Гвинашвили Илхом Журоевтан ұтылды. Тек Грузия командасына екінші жеңісті 100 келідегі Георгий Коберидзе сыйлады. Ол Авазхон Тоймурадовты негізі уақыттың ішінде жеңіп, басым түсті. Аса ауыр салмақтағы өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновке Бека Бердзенешвилиді ұту қиынға соққа жоқ. Осылай алғашқы болып финалға жолдама алған өзбек командасы жолдама алды.

Қазақстан – Ресей: 6:1

Жеңіл салмақтағы Айдос Сейпілұлының қарсыласы болмағандықтан бірден жеңіске жетті. 66 келі Ғалымжан Абдрахмановға Акоп Акопянды ұту сондай қиын болмады. Есесіне, 74 келідегі Айдос Ғалымовқа Сергей Николаевтың жасаған әдісі жемісін берді. Таза жеңіске жеткен Андрей командасындағы жалғыз жеңіске ие болды. Одан кейін 82 келіде Сұңғат Закариев Андрей Перевелюкті, 90 келіде Асыл Барменов Андрей Гусаровты, 100 келіде Мұхит Тұрсынов Дмитрий Минаковты, аса ауыр салмақта Айбек Нұғымаров Сергей Ширяевтан басым түсіп, Қазақстан командасы финалға шықты.

Қола жүлде үшін күрес
Грузия – Ресей: 6:1


Өзбектерге ойсырай ұтылған грузиндер кеткен есесін ресейліктерден қайтарды. Қазақстан балуандарымен кездесуден кейін аз ғана үзілістен кейін қайта кілемге шыққан ресейліктер қап тауының жігіттері қарсы қауқар таныта алмады. Ал кездесуде бойы ұпайды қарсыластарға берген олардан тек Сергей Ширяев қана жеңді. Бұл екі команда да «Еуразия Барысының» бұған дейінгі турнирлерінде қола жүлдегер атанған.
55 келі: Церцвадзе Иосеб - қарсыласы болмады: 1:0
66 келі: Калдани Георгий – Акоп Акопян: 2:0
74 келі: Мамулашвили Каха – Сергей Николаев: 3:0
82 келі: Гагнидзе Заур – Андрей Перевелюк:4:0
90 келі: Паата Гвинашвили – Андрей Гусаров: 5:0
100 келі: Коберидзе Гиоргий – Дмитрий Минаков: 6:0
+ 100 келі: Бердзенешвили Бека – Сергей Ширяев: 6:1
Сөйтіп, грузин балуандары екінші рет «Еуразия Барысының» қола жүлдегері атанды.

Финал
Қазақстан – Өзбекстан: 5:2


Финалда жолы түйіскен қазақ балуандарының бәсі биік болғанымен, өзбек жігіттері осалдар қатарынан емес. Қайсысын алып қарасақ та өз елінде атой салып, дзюдо, самбо күрестерінен жүлде алып жүрген жігіттер. Жеңімпаз атану үшін Жеңіс Биткөзов шәкірттері кері шегінген жоқ. Әуелі Айдос Сейпілұлы (55келі), Ғалымжан Әбдірахманов (66 келі), Айдос Ғалымов (74 келі) өзбектер үкілеп әкелген жігіттерді алып ұрды. Бұл жолы Қазақстан командасына жеңісті 81 келідегі Сұңғат Закарияев шешті. Ол өзбекстандық Әлішер Құдайбердиевтен басым түсіп, уақытынан бұрын белдесуді аяқтады. Өзбек жігіттері осал емес деп сөзіміздің басында айттық. Олар «Еуразия Барысында» соны дәлелдеді. Өкініштісі сол, 90 келідегі Асыл Барменовке аз ғана сәттілік жетіспей қалды. Илхом Журоевқа қарсы кездесуде ол жартылай жеңіс ұпайымен ұтылды. Ал 100 келіде ел намысын қорғаған Мұхит Тұрсынов Авазхон Тоймурадовты қиналмай-ақ ұтты. Өкініштісі сол, қазақ күресінен өтетін халықаралық жарыстардан қалмайтын Мухсин Хисомиддинов аса ауыр салмақтағы Айбектен айласын асырып кетті. Кездесу қорытындысы бойынша 5:2 есебімен жеңіскен Қазақстан командасы екінші мәрте «Еуразия Барысы» атанды.

Қазақ күресінен үшінші рет өткен турнирдегі кездесулер осындай сипатта өрбіді. Жүлдеге ілінгендер ырза болды. Қапы қалғандар келесі сында есені қайтарамыз деп тарасты. Көпшілік «шетелден келген спортшылар қазақ күресін білмейді» деген ойда болуы мүмкін. Олай ойлайтын болса сөзсіз қателесер еді. Шынымен солай болса, олар біздің кейбір балуандарымыздан басым түспес еді. Өзара тартысты кездесу өткізе алмауы да мүмкін-ді. Бұл жолы Грузия мен Өзбекстан құрамасының аса жоғары дайындықпен келгені байқалды. Бапкерлері келесі сында бұдан жоғары жеңістікке жететініне сенім білдірді. Ал қазақ жігіттері өздеріне артылған сенімді толық ақтады. Ендігі меже келесі сында тағы да жеңістің биік тұғырынан көріну.
Биыл турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрады. Бұл қаржыны Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері қауымдастығының президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев жеке қаржысынан тағайындады.

1-орын – Қазақстан, 9 400 000 теңге
2-орын – Өзбекстан, 5 640 000 теңге
3-орын – Грузия, 3 760 000 теңге

Последние новости