Календарь

Арман Шораев: «Қазақстан Барысын» жарты миллиардқа жуық жанкүйер тамашалайды

Қазақстан Барысы
03-07-2021 12:29
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз отырысында  «Нұр Отан» партиясының хатшысы - Құмар Ақсақалов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жұртшылықпен байланыс жөніндегі Бас директоры  - Дархан Қалетаев және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы - Арман Шораев ертеңгі турнир турасында ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, жиынға бұған дейін «Қазақстан Барысының» жеңімпазы атанған – Ұлан Рысқұл (2011 ж.), Бейбіт Ыстыбаев (2012 ж.), Айбек Нұғымаров (2013 ж.) және Мұхит Тұрсынов (2014 ж.) қатысып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 «Нұр Отан» партиясының хатшысы - Құмар Ақсақалов жоба қолға алынғалы қазақ күресімен айналысушылардың саны артқанын, соған орай «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау көрсетіліп келе жатқанын атады. Жоба идеясының авторы Арман Шораев қазақ күресінің атауын өзгерту алдағы уақытта талқыға түсіп, ақылдаса келе шешілетінін алға тартты. Сонымен қатар, турнирдің маңызын арттыру арқылы болашақта оның деңгейін одан әрі көтеруді көздеп отырғандығын тілге тиек етті. «Қазақстан Барысының» негізгі мақсаты - қазақ күресінің беделін көтеріп, жалпы бұқаралық спортқа айналдыру және мүмкіндігінше Олимпиада бағдарламасына енгізуге талпыну», -  деді Арман Төлегенұлы. Сондай-ақ, қазақ күресінің ертеңгі бәсекесін жарты миллиардқа жуық жанкүйер тамашалайды күтілуде. «Қазақстан Барысын» тек Қазақстан ғана емес,  тікелей эфирде әлемнің  37 мемлекеті тамашалайтынын жеткізді.

Айта кететіні, белдесулерге төрешілік жасайтын мамандар ұйымдастырушыларға алдын ала  кепілдік ретінде 200 мың теңге беріп, жарыстағы жұмысында еш кінәрат болмаған жағдайда  900 мың теңгеге ие болады.

         Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің финалдық кезеңі 4 шілде күні сағат 12.00-де Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде басталатындын естеріңізге саламыз.


«Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде 35 мың АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына тағайындалған.  

 

1-орын – 150 мың АҚШ доллары;

2-орын – 30 мың АҚШ доллары;

3-орын – 10 мың АҚШ доллары.


Последние новости