Календарь


Қазақстан Барысы 2015

Жылдағы үзілмес үрдіспен «Қазақстан барысы» бесінші рет мәресіне жетті. Ұлт көшбасшысысы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған бұл турнирдің балуандар үшін бәсі бөлек. Бас жүлдесі 150 мың АҚШ долларын құрайтын «Қазақстан Барысына» қатысқысы келетіндер көп болды.

Әр өңірден іріктеліп шыққан 33 спортшыға бұл жолы өзара мықтыны анықтау оңайға соқпады. Жанкүйер асыға күткен турнирде кіл мықтылардың кездесуіне еліміздің білікті төрешілері төрелік етті. Бапкерлер тарапынан наразылық болған жағдайда төрешілер бірден кездесудің бейнежазбасын қайта қарап, тиісті шешім шығарып отырды.
«Қазақстан  Барысы» үшін биыл - мерейтой. Осымен бесінші мәрте өткен турнирге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, елімізден бөлек жарысты әлемнің 120-дан астам елі тікелей эфирден тамашалады. Бұл қазақ күресін насихаттауда бұрын болмаған  табысты көрсеткіш. 
2015 жылғы «Қазақстан Барысында» айта жүрер жаңалық көп. Мәселен, жеребе тартуда жанкүйерлер күтпеген жайттарға қанық болды. Мысалы, бір облыстың балуандары турнирде бір топта күреспейтін. Екі спортшының жолы тек финалда ғана түйісуі мүмкін еді. Биыл мұндай шарттар түбегейлі өзгерді. Жеребе тартудың өзгешелігі болар, биыл жұрт күтпеген жағдайлар да орын алып жатты. Мәселен, шығыс өңірдің қос балуаны Мұхит Тұрсынов пен Айбек Нұғымаровтың алғашқы айналымда кездесуі жанкүйерлер тосын жағдай болды. Жеребе жолдас болмады деген осы шығар. Себебі, бір облыс балуандарының алғашқы айналымда қарсылас атануы екеуіне де  оңайға соқпағаны анық. Бірін-бірі жете танитын олар  кездесуді тең аяқтап, жеңімпаз белдесу бойынша Мұхиттың пайдасына шешілді.«Қазақстан Барысының» финалдық бәсекесіне қатысушылардың 17-сі биыл алғаш рет бақ сынады. Олардың арасындағы маңғыстаулық 19 жастағы Нұрдәулет Жарылғапов турнирдің ең жас балуаны саналды.  
Негізінен биыл орта салмақтағы балуандардың қарасы көп болды. Басым көпшілігінінің салмағы 90-100 келіні құрады.        
Турнир нәтижесі бойынша  А тобыннан жартылай финалға Руслан Әбдіразақов пен Жұманазар Ерсұлтанов, Б тобынан Ғани Сейділдаев пен Бейбіт Ыстыбаев шықты. Өзара тартысты бәсекелерде финалда Бейбіт пен Русланның жолығып, жеңіс тараздық балуанға бұйырды. Осылайша Тараз арланы Бейбіт Ыстыбаев екінші рет «Қазақстан Барысының» жеңімпазы атанды. «Қазақстан Барысындағы» ең салмағы ауыр балуан оңтүстікқазақстандық Жұманазар Ерсұлтанов биыл жартылай финалға дейін еркін көсілді. 162 келі тартатын ол жартылай финалда қызылордалық Руслан Әбдіразақовқа ұпай айырмасы бойынша ғана есе жіберді. Ал қола белбеу үшін болған күресте астаналық Ғани Сейділдаевтан басым түсу ең ауыр балуан үшін мүмкін болмады. 
Жеңімпаз атанған Бейбіт Ыстыбаевқа алтын белбеумен бірге  150 мың АҚШ доллары берілді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алтын тайтұяқты салтанатты жағдайда табыстап, балуандарға ақ жол тіледі. Екінші орын иегері Руслан Әбдіразақов күміс белбеумен 30 мың АҚШ доллары алса, Ғани Сейділдаев үшінші орын үшін берілетін қола белбеумен 10 мың АҚШ долларына ие болды. Сонымен қатар, жеңімпаз бапкері 20 мың, күміс белбеу иегерінің бапкері 10, қола белбеу иегерінің бапкеріне 5 мың АҚШ доллары тапсырылды.   
Ал үздік техникасы үшін «Көрермен көзайымы» нонимациясы қызылордалық Нұрым Сәлімгереевке бұйырып, ұйымдастырушылар тағайындаған «Hyundai Elantra» автокөлігі берілді.  
Күзде өтетін «Еуразия Барысы» халықаралық турниріне  «Қазақстан Барысына» қатысушылар қатысады деп күтілуде. Алда қазақ күресінен екі оқу-жаттығу жиыны, Қазақстан Кубогы өтіп, сол арқылы «Еуразия барысына» қатысушылар іріктеліп алынады. Сонымен қатар, әр салмақта төрт балуаннан дайындау көзделіп отыр.  
               

«Қазақстан Барысы-2015» жобасын ұйымдастырушылар: 
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры«Нұр Отан» ХДП, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімшілігі, «Астана» ПКСК, ҚР қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры.

Бас демеуші: «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ
Ресми демеуші: «Kaspi Bank» АҚ
Бас ақпараттық серіктес: «Қазақстан» РТРК» АҚ
Демеушілер мен серіктестер: «Қазақтелеком» АҚ, Құрақ-Көрпе, «Нұр- медиа» ЖШС, «RG Brands Kazakhstan» ЖШС «A’SU» сауда белгісімен. 


«Қазақстан барысы» турнирінің жоғары дейгейде өтуіне ат салысқан ұйымдастырушыларға, демеушілер мен ресми серіктерімізге алғыс білдіреміз.

Регламент

Қазақстан Барысы 2015 Регламенті