Календарь

ҚазСпорт
Статус Ақпараттық демеуші
Веб-сайт kazsport.kaztrk.kz/ru/online

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы тапсырмаға сәйкес 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік спорттық телеарна «Kazsport» хабар тарата бастады.
Телеарна «Қазақстан», «Балапан» және 14 аймақтық телеарналарды топтастырған «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді.
«Kazsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен кабелъдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы көруге болады.
Таралатын жалпы хабарлардың 70 пайызы тікелей және түпнұсқа трансляциялардан тұрады. Олардың негізгісі - елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық бәсекелер.
Телекөрсетілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы хабарлардың 20 пайызын жаңалықтар мен бағдарламалар ал, 10 пайызын деректі фильмдер құрайды.

«Kazsport» телеарнасында қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрама командалар қатысатын құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды, ел біріншіліктерін тікелей эфирде көре алады. Телеарна тәулігіне 20 сағат хабар таратады.

«Kazsport» телеарнасының шығармашылық ұжымында өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында Қазақстанның ең үздік спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегерлері бар.
2014 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда ашылған тұңғыш мемлекеттік спорт телеарнасы «Kazsport» эфирге шығып, спорттық трансляция тарата бастағанына 1 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде телеарна спортсүйер қауымға ел аумағындағы жарыстарды ғана емес, әлемдік дүбірлі додалар көрсетілімін тікелей эфирде ұсынды.
Атап айтсақ, Қазанда өткен Жазғы Универсиада, теннистен әлемнің хас шеберлері жиналатын «Australian Open», «Roland Garros», дзюдодан өткен әлемдік Гран-при турнирлері, Инчхонда өткен Азия лйындары, ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты соның айқын дәлелі.
Алматыда өткен дүниежүзінің былғары қолғап шеберлері жиналған Әлем чемпионатын толық нұсқада көрген көрермендер біздің боксшылардың жеңістеріне куә болды. Кәсіпқой бокста Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Геннадий Головкиннің жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілді.

Футбол жанкүйерлері Қазақстан Премьер-лига ойындарын, қазақстандық клубтардың УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы аясында өткізген ойындарын тікелей эфирде тамашалады.

Спортсүйер қауымның назарына жеңіл атлетикадан, ауыр атлетикадан өткен халықаралық жарыстар және ел чемпионаттарынан көрсетілімдер ұсынылды.

Ұлттық спортты дәріптеу мақсатында «Kazsport» телеарнасы қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» сияқты айтулы додаларды тікелей эфирде көрсетті. Әр аптада көкпардан Қазақстан біріншілігінің көрсетілімдері де көрермен назарында.
2014 жылы Сочи Олимпиадасының спорттық ареналарынан тікелей және жазбаша нұсқада трансляцияларды, WSB аясында «Астана арландары» клубының 2014 жылғы маусымын көрермендер «Kazsport» арнасында көрді.
2014 жылдың тағы бір дүбірлі додасы – Бразилияда өткен футболдан Әлем чемпионатының көрсетіліміне тыңғылықты дайындықтар жүргізіліп, Әлем чемпионатын «Kazsport» телеарнасы көрермендерге тікелей эфирде ұсынды.
Ал, 2015 жылдың 1 шілдесінде «Kazsport» телеарнасы өзінің 2 жылдығын атап өтті. Осы жылы арна көрермендерге футболдан әлемдегі ең қызықты лига саналатын Ағылшын Премьер Лигасы ойындарын ұсынды. Қазақстанның Премьер Лигасының әр туры да апта сайын тікелей эфирде көрсетілді. Айта кетейік, 2013-2014 маусымда Германияның Бундеслигасы көрсетілген еді.
Сонымен қатар, кәсіпқой бокстағы Геннадий Головкин, Иса Ақбербаев, Роман Жайлауов, Жанат Жақиянов сияқты спортшыларымыздың жекпе-жектері тікелей эфирде көрсетілді.
Маусым бойы көрермендер үшін хоккейден «Барыс» пен «Сарыарқа» және баскетболдан «Астана» командаларының ойындары да тікелей эфирде таратылды.

Осыған қоса, футзалдан «Төртеудің финалы», теннистен «Дэвис Кубогы», «Ролан Гаррос» турнирі, дзюдодан Гран-При кезеңдері, волейболдан Әлемдік Лига ойындары, велоспорттан «Швейцария туры», футболдан Еуро-2016 турниріне іріктеу ойындары мен «ҚР Президенті Кубогы» сияқты халықаралық жарыстар тікелей эфирде көрермендерге жол тартты. Енді 2016 жылы Францияда өтетін Еуро-2016 жарысы тікелей эфирде көрсетіледі.

Сол сияқты, «Kazsport» телеарнасы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы көремендерді спорт әлемінің жаңалықтарымен, анонстармен әркез уақтылы хабардар етіп отырады.

Осынау бір жыл ішінде тікелей эфирде жүргізілген спорттық көрсетілімдер кем-кетіксіз болды десек жаңсақ болары анық. Техникалық ақаулардан эфирді жалғастыруға мүмкіндік болмай қалған кездерде көрермендердің жаңадан қаз-қаз басқан телеарнаның шығармашылық тобына түсіністікпен қарағанына дән ризамыз.

Дегенмен, еліміздегі жалғыз спорт телеарнасына ұсыныс-пікірлеріңіз болса, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымыз арқылы, kazsporttv.kz сайты арқылы да білдіре аласыздар.

Жеңіске бірге жетейік!