Календарь

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Статус Серіктес ұйымдастырушы
Веб-сайт mks.gov.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі атынан бесінші рет өткізіліп жатқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің басталуымен шын жүректен құттықтайды!
Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуына бар мүмкіндіктер қарастырылып, бұл сала маңызды әлеуметтік-экономикалық сала ретінде жыл санап ілгері басуда.
Осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы тамаша жеңістерді, бокстан және ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарын атап етуге болады.
2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу Қазақстанның үлесіне тиді. Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болып отыр. Осыдан-ақ, Қазақстан спортының әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы беделінің биік екенін бағамдауға болады.
Ата-бабаларымыз ежелден ақын мен балуанды ерекше құрмет тұтқан. Тәуелсіз Қазақстан сол жолды берік ұстанып, ұлттық мұраға қамқорлықты жыл санап арттырып келеді. Елімізде қазақ күресімен 100 мыңнан астам спортшылар айналысып, Әлем деңгейдегі жарыстар әр құрылықта ұйымдастырылуы біздің азаматтардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншіліктің, перзенттік сезімнің күшті екенін дәлелдейді.
Биыл ұлттық күрестен республикалық іріктеу жарыстарына мыңдаған балуан қатысса, сол сындарда топ жарған ең таңдаулы спортшылар бүгін «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлдесін сарапқа салады.
Алдарыңызда тұрған спортшылар Қажымұқан мен Балуан Шолақтың лайықты ізбасарлары. Бұл жігіттер қазақтың балуандық өнерін өрге сүйреп жүрген азаматтар.
Біздің халықта «Күш атасын танымас» деген аталы сөз бар. Осы сында төрешілер әділ болып, ең күшті балуанның Президент жүлдесіне ие болуына тілектес болайық. Ұлттық күресіміздің өрісі кеңейіп, әлем халқы мойындайтын күнге жетейік.
Күрес тойы құтты болсын, ағайын!