Календарь

ЖЕТІНШІ «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ»: АЙМАҚТЫҚ ІРІКТЕУ БАСТАЛАДЫ

KAZAKHSTAN BARYSY
29-03-2022 13:00
Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VII Республикалық турнирі іріктеу кезеңінің басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында сөз бастаған «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев: «Жеті деген қазаққа қасиетті сан. Сондықтан, биылғы «Қазақстан Барысы» ерекше өтері анық. Біріншіден, жылдар бойы бізге қолдау көрсетіп келе жатқан «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына, «Нұр Отан» партиясына алғыс білдіремін. Партияның аймақтық іріктеу кезеңін қадағалауының арқасында жылдан жылға жарыс әділетті өтуде. Мәдениет және спорт министрлігінің көрсететін көмегі өлшеусіз. Қазақ күресіне деген қызығушылық артқан сайын, төл күресіміздегі жаттықтырушылар мен спортшылардың саны да артуда. Осы ретте министрлік ұлттық спортымызды бұқаралық дамытуда көп жұмыс атқаруда».

Әңгіме барысында алғашқы жылы «Дәулет» спорт кешенінде (3000 адам) өткен беделді бәсеке кейінгі бес жыл бойы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде (10 000 адам) ұйымдастырылып, биыл жаңа «Барыс Арена» спорт сарайында өтетіндігі айтылды, Жарысқа 12 мыңға жуық жанкүйер келеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, іріктеу турнирлерінің легін бастайтын "Әскер Барысы" біріншілігінің ауқымы кеңейе түспек. Енді әскерилер жарысына барлық құқық қорғау органдарының өкілдері қатыса алады, оған қоса финалға быяғыдай бір емес, енді екі әскери спортшыға жолдама беріледі. 

Допинг мәселесіне үлкен назар аударылатыны да сөз етілді. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жараспаевтың айтуынша, қазіргі уақытта допингпен күрес қарқынды жүруде, оған қоса "Қазақстан Барысы" турнирінде жеңімпаз және жүлдегер атанған балуандар допинг сынамалары таза екендігінің нәтижесі келмейінше, ақшалай жүлделерін алмайды. 

Ал, "Нұр Отан" партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев жобаның жастардың ұлтжандылық пен патриоттық тәрбиесіндегі үлкен рөлін айта отырып, партия дәстүр бойынша жарыстың аймақтық іріктеуі барысында барлық 241 бөлімшесін іске қосатынын ескертті. 

Фото: Абзал Қалиев


Последние новости