Календарь

Еламан Ерғалиев - "Әскер Барысы" жеңімпазы

KAZAKHSTAN BARYSY
10-04-2017 00:29
8 сәуір күні Астанадағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің ғимаратында «Әскер Барысы» турнирі өтті. Аталған жарыс «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу болып табылады.

Әскерилер арасындағы біріншілікте биыл жаңалық аз емес. Біріншіден, қатысушы органдардың тізімі кеңейді. Жарысқа ҚР Ішкі Істер Министрлігі, ҚР Мемлекеттік Қорғау Қызметі, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Армия орталық спорт клубы, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштері, ҚР ҚМ радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, ҚР ҚМ Десанттық шабуылдаушы әскері, ҚР Қорғаныс Күштері Әуе шабуылы қарсы күштері, ҚР ҚР Қорғаныс Күштері Әскери Әуе Күштері, ҚР Ұлттық Гвардиясы, сонымен қатар Қорғаныс Министрлігінің бірнеше өңірлік қолбасшылығы өкілдері қатысты. Екіншіден, былтыр «Қазақстан Барысына» тек жеңімпаз атанған балуан ғана жолдама алса, биыл ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша «Әскер Барысы» турнирінің финалына шыққан қос балуан беделді бәсекеге қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен, 20 балуан екі топқа бөлініп, финалдық жолдама үшін таласты бастап кетті. Осылайша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Гвардиясының намысын қорғаған Олжас Шынкеев өз жолында Михридин Амридиновты, Арман Әбеуовты, былтырғы «Әскер Барысы» жеңімпазы Талғат Әмреновты жеңіп, ақтық белдесуге шықты. Финалда Шынкеевтың қарсыласы атанған Еламан Ерғалиев осы жарыстағы ең салмағы ауыр балуан (142 кг) Ерасыл Қажыбаевтан, Абылай Амандықтан және Әлібек Зекеновтен басым түсті.

Ақтық белдесудің бар болғаны 40-секундында «Қаратамыр» лақап атымен күрескен Армия орталық спорт клубының өкілі Ерғалиев таза жеңіске жетті. «Жарылғап» Шынкеев екінші орын иеленгенімен, жолдамаға қол жеткізді. Үшінші орын үшін белдесуде Әлібек Зекенов Талғат Әміреновты жеңді.