Календарь

Александр Касачев - «Жетісу бөрісі» турнирінің жеңімпазы!

KAZAKHSTAN BARYSY
20-04-2017 12:23
Талдықорғанда жетінші жыл қатарынан «Жетісу бөрісі» турнирі өтті. Ол өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығы үшін өтетін «Қазақстан барысы» турниріне Алматы облысының іріктеуі болып есептеледі.

Дүбірлі додаға осыған дейін Алматы облысының аудан-қалаларындағы іріктеу турнирлерінде топ жарған және екінші орын иеленген балуандар, жалпы саны 38 саңлық қатысты. 
Ә, дегенде-ақ, мамандар Талдықорған атынан кілемге шығып отырған балуандар – Ұлан Рысқұл мен Александр Касачевті жарыстың фавориті санаған еді. Сарапшылар пікірі расталды. Ақтық сында жолындағыларды жапыра жеңген Ұлан мен Саша кездесті. Ұлан – 1986 жылы туған, бойы 186 см, салмағы 135 келі. Александр – 1987 жылы туған, бойы 175 см, салмағы 105 келі. Кездесу тартысты болғанына «Жастар» сарайына жиналғандар куә. Әп дегеннен, есепті Александр ашты. Бүк ұпайын қанжығасына байлап, жартылай жеңіске де жетті. Ұлан да қарап қалмады. 2 рет бүк ұпайын иеленді. Дегенмен, әдіс жасап, Ұланды жамбасқа атып жіберген Александр Касачев таза жеңді! Осылайша, Алесандр Касачев - «Жетісу бөрісі» атанды!
Ұлан Рысқұлда екінші орын. Оқырмандар есіне сала кетейік, 31-наурыз күні Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін өткен «Талдықорған бөрісі» турнирінде де осы екі балуан көш бастаған еді. Сол кезде, Ұлан Рысқұл қолынан жарақат алды. Оның алдындағы дайындықтарда тізесінен жараланған еді. Бүгінгі белдесулерде сол жарақаттардың салдары анық көрініп тұрды. Алдағы, «Қазақстан барысы» турниріне Ұлан жарақатынан құлан таза айығып барады деп сенеміз. 
«Жетісу бөрісі» турнирінің үшінші орнынын Қарасай ауданының балуаны Асқар Түреқұлов иеленді. 1987 жылы туған спортшының бойы 175 см, салмағы 108 келі. Жалпы, үшінші орын үшін болған белдесу өте тартысты өтті. Қарасай арланының қарсыласы сарқандық балуан Жігер Сәкенұлы болды. Ширек финалдағы белдесуде Ұлан Рысқұлдан ұтылған Жігер, бар күшін де сол белдесуге жұмсағандай болды. Асқарға қарсы бірнеше әдіс жасамақ болды, бірақ бәрі нәтижесіз. 
Үшінші орынға 300 мың теңге, 2 орынға 500 мың теңге, ал бас жүлдеге «Лада Гранта» автокөлігі тапсырылды. 

Дереккөз: Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.